Халқымыздың ұлттық болмысы мен мәдени мұрасын жаңғыртқан Фарида

Oinet.kz 16-08-2025 53

Қазақтың кілем тоқу өнері – жай ғана қолөнер емес, бұл – әр жібіне тарих пен рух сіңген, ұрпақтан ұрпаққа мирас болған мәдени құндылық

Screenshot_48.jpg

Ертеректе әрбір отбасында әйелдер кілем тоқуды шебер меңгерсе, бүгінде онымен санаулы ғана қыз-келіншектер айналысады. Тіптен, оны салт-дәстүр орталықтары, музейлерден немесе арнайы өтетін  көрмелерден ғана көріп жүрміз. Шымкентте кілем тоқу өнерін шебер меңгеріп ғана қоймай,  шеберхана ашқан ерекше кейіпкеріміз бар. Есімі - Фарида Бакибаева. Ол Шымкент тұрғындарын дәстүрлі кілем тоқу шеберлігіне баулып, ұлттық мұраны кеңінен насихаттап келеді. Бірнеше жыл бұрын ол арнайы шеберхана ашып, қазіргі таңда онда ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарын, мүмкіндігі шектеулі әйелдерді және әлеуметтік осал топтағы аналарды оқытуда.

Кейіпкеріміз — қазақтың кілем тоқу өнерін ұрпақтан ұрпаққа жалғап келе жатқан шеберлер әулетінің шыққан. Ол кілем тоқу ісінің қыр-сырын анасы мен әжелерінен бала кезінен үйреніп, оның терең философиясына бойлаған.

Ол алғаш рет кілем тоқуды алты жасында анасы Рахима Қарабекова, әжелері Зейнеп Бакибаева мен Калия Қарабекова көріп, үйрене бастаған. Шебердің ашқан цехы көне өнер адамдардың шығармашылығын дамытып, өмірге жаңаша қарауға мүмкіндік береді.

– Мұндай цех ашуыма отбасым үлкен үлес қосты. Менің ойымша, бұл — қазақтың кілем тоқу өнерін отбасылық шеңберден шығарып, оны түрлі ортаға, әсіресе инклюзивті ортаға жеткізуге мүмкіндік аштым», — дейді шебер. Фарида ханым үшін кілем тоқу — тек әдемілік емес, бұл — рухани ем, қолдау, біріктіруші күш.

Қолөнер шебері, реабилитациялық орталық директоры Фарида Бакибаева аналар мен ерекше қажеттілігі бар әйелдер үшін қолмен кілем тоқу бағытындағы әлеуметтік орталық ашты. «Бұл жоба – әйелдерді жұмыспен қамтып, олардың қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Кілем тоқу цехында 5 жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 3 орын – жүн қабылдау және өңдеу бөлімінде. Сонымен қатар 8 адамнан тұратын екі топ – ерекше баланың аналары мен мүмкіндігі шектеулі әйелдер 3 айлық оқыту бағдарламасынан өтті. Бұл жоба аясында жыл сайын 64 адам кәсіптік білім алады», – дейді кейіпкеріміз. 

Фарида Бакибаева қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта ол қой жүнін өңдейтін арнайы цех ашуды жоспарлап отыр. Ия, кейіпкеріміздің аталған жобалары жай ғана жұмыс орны емес, бірлік пен шабыттың, ұлттық мұраны сақтаудың символы. Осылайша, дәстүрлі қолөнер – халқымыздың ұлттық болмысы мен мәдени мұрасын жаңғыртып, қазіргі қоғаммен үндестік табуда.

«Әже дәмі» аналардың мейірімі арқылы ұрпаққа рухани тәрбие беруді көздейді
«Жас ұрпақты тәрбиелеуде рухани дәстүрлерге сүйенген дұрыс»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу