«Жас ұрпақты тәрбиелеуде рухани дәстүрлерге сүйенген дұрыс»
Бала тәрбиесі – ұлттың болашағын қалыптастыру. Сондықтан «тәрбиенің іргетасы ұлттық құндылықтармен қалануы тиіс», десек мектеп бағдарламасында бұл жұмыстар қалай жүзеге асады деген сауалдарға жауап іздеп көрдік.
М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің профессор-ғалымы Асма Қалыбекова «Жас ұрпақты тәрбиелеуде рухани дәстүрлерге сүйенген дұрыс» деген пікірдегі зерттеуші. Ол бастауыш мектепте оқылатын пәндерге зерделеу жүргізу арқылы білім ұяларының базасында «Қарашаңырақ» отбасылық клубының негізін қалаған.
– Халықтық отбасылық дәстүрлерін қайта жаңғырту тақырыбы қазіргі уақытта ееркше маңызға ие болып отыр. Себебі өз халқының салт-дәстүрін, әдеп-ғұрыптарын білу «ұлттықтан жалпыадамзаттыққа» бастайтын тізбекті құру бүгінгінің де, болашақтың да адамын тәрбиелейді. Әрбір бала өзінің шыққан тегін біліп, туған үйін, туған өлкесін сүюі тиіс. Әрі қарай осы сүйіспеншіліктің күшімен өз Отанын қорғау және еңбек ету қабілеті мен өлшемі анықталады, қазіргі талаптарға сай адамгершілік мінез-құлық өлшемдерін, мәдениетті талғамды қалыптастыру. оқушылардың бойына адамгершілік құндылықтарды, идеяаларды сіңіру – бүкіл адамгершілік тәрбие беру жүйесінің міндеттері, - дейді профессор.
Ғалымның пікірінше, мектеп пен отбасында адамгершілік тәрбие берудің қазіргі жағдайы қанағаттанарлық деуге келмейді. Оның себебін былайша түсіндірді: «төменгі сынып оқушыларын тәрбиелеуге қатысы бар ата-аналар, мұғалімдер, тәрбиешілер қазақтың отбасылық дәстүрлерінің тәрбелік әлеуетін толық түсінгенде ғана мәселе шешіледі. Жас буынға қазақтың отбасылық дәстүрлерінің құралдары арқылы адамгершілік тәрбие бере аламыз».
«Қарашаңырақ» отбасылық клубының бағдарламасында қазақтың отбасылық дәстүрлеріне, отбасылық тәрбие мәселелріне байланысты қызықты сұхбаттар; қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрлерін, ұлттық өнерін, ауыз әдебиетін оқып-үйрену; қолөнер, аспаздық өнер, «Шебер қолдар» үйірмелер, мәнерлеп оқу, хореография, театр үйірмесі, ән үйірмесі, гүл өсіру үйірмелерінің жұмысы, оларға ата-аналар жетекшілік етеді; халықтық дәстүрлерді, мерекелерді қайта жаңғырту секілді бағыттары қарастырылған екен.
Бала ұлттық құндылықтармен сусындаса, ол – тамыры терең, рухы биік, саналы ұрпақ болады. Баланың бойына отансүйгіштік, адамгершілік, имандылық, еңбекқорлық қасиеттерін дарыту; тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін танытып, құрметтеуге үйрету, ұлттық ойындар, өнер, тіл мен әдебиетке жақын болуына жол ашуы қажет. Бұл – әр отбасының, әр ата-ананың қасиетті борышы. Сонда ғана біз саналы, рухани бай, жауапты ұрпақ өсіре аламыз.