Тыйым сөз – ұлттың тәрбие құралдары

Oinet.kz 13-08-2025 11

Тыйым – бұл ата-бабаларымыздан келе жатқан, белгілі бір іс-әрекетті жасауға болмайтынын ескертіп, болашақта теріс салдардан сақтандыру мақсатында айтылған тəлімдік сөздер мен ұстанымдар.

Screenshot_40.jpg

Тыйым сөздер –ұлттық тәрбиенің бір бөлігі, ол адамды жамандықтан сақтандырып,жақсылыққа бағыттайды. Мысалы: «Бүйіріңді таянба» – жамандық шақырма. «Үйді айналма» – обал болады.

Тыйым – халықтың ғасырлар бойы жинаған тәжірибесі мен даналығының көрінісі. Оны білу – ұлттық болмыс пен тәрбиенің негізін құрметтеу. Жаһандану заманында тыйымды өткеннің сарқыншағы дейтіндер де бар. Ұлттық құндылықтарды жас буынға насихаттауда Шымкент қаласындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы үнемі ізденіс үстінде болып, халыққа түсіндіруде тұрақты түрде іс-шаралар ұйымдастырып отырады. Бұл сөздің құндылығын орталықтың кезекті бір іс-шарасында ғылыми қызметкері АЛеубаевадан жазып алдық.

«Тыйым - халықтың тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, ақыл-кеңес берудегі тәрбие құралдарының бірі. Ғұлама ғалым Әл-Фараби айтқан: «Адамға бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген сөздеріне қазақтың тыйым сөздері толық мысал бола алады. 

«Қайық  білмегенін кемеден сұрайды, халық білмегенін көнеден сұрайды» деген нақылды негізге алып, әжелерімізден естігенімізді кейінгі буынға жеткізу біздің міндетіміз. Қазақ баласын үш ауыз сөзбен тәрбиелеген екен: 

«Ұят болады»,  «Обал болады»,  «Жаман болады»

Кеңес дәуірінің кезеңінде өткен балалық дәуренімізде осы үш сөзді көп еститінбіз. Кісінің, үлкеннің бетіне келіп сөйлемеу керектігі санаға сіңгені шығар,  «неге» деген сұрақ қоймайтынбыз. Заңды білмейтін балалықтың бізге берген байлығы түзу тәрбие болған екен.

Бүгінгі ұрпақ тыйымдарды кереғар тәрбие деп ойлауы қателік. Бүгінгі үлкендер балаларына «ұят болады» десе  «не үшін мен өз ойымды айтуым керек, өз құқығымды қорғауым» деген пікірлермен өсіп келеді.  «Обал болады» мен «жаман болады»  бұрынғының ертегісі дейді.

Сондықтан күнкөрістің қамымен таңның атысы мен күннің батысы жұмыста жүретін ата-аналар бала тәрбиесіне жауапты екенін сезіне білгені абзал. Мектепте мұғалімнің де баланы «тәйт» деп тәрбиелеуі орынды.

Естіген сөзі санасына сіңсе, есіне ертелі-кеш бір түседі екен. Ертеңгі ұрпақты ел болып тәрбиелеуге атсалысайық» деген осындай пікірімен сала өкілі бөлісті.  

Тыйым сөздердің тәрбиелік мағынасы терең әрі көпқырлы. Олар – халқымыздың өмірлік тәжірибесінен, салт-дәстүрінен, наным-сенімінен туындаған тәлімдік ережелер. Әр тыйым сөзі жас ұрпақты әдептілікке, тазалыққа, сыйластыққа, имандылыққа баулып, теріс қылықтан сақтандырады.  

Тыйым сөздердің әрбірінің тәрбиелік мәндері бар. Мәселен,  «Үлкеннің жолын кеспе», «Суға түкірме» – кішіпейілділікке, мәдениеттілікке үйретеді.

«Нанды баспа», «Қолды жумай тамақ ішпе» – дастархан мен асты құрметтеуге үйретеді. «Қара мысықты жолыңа шығарма» – зұлымдық пен жақсылық арасындағы шекараны меңгертеді. «Құстың ұясын бұзба», «Ағашты кеспе» – табиғатқа жанашыр болуға үйретеді. «Жолды бір аяқпен аттама», «Кеште тырнақ алма» – қауіпсіздік шараларына бейімдейді.

Тыйым сөздер – ұлттың тәрбие құралдарының бірі. Оларды бала тәрбиесінде қолдану арқылы ұлттық сана мен мінез қалыптасады.

«Босаға майлау» дәстүрі жас шаңыраққа береке шақырып, жақсылықтың жолын ашады
Жас буын өз ата-бабаларының халықтық салт-дәстүрлеріне бет бұрды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу