«Босаға майлау» дәстүрі жас шаңыраққа береке шақырып, жақсылықтың жолын ашады
Халқымыздың салт-дәстүрі — ұлттың жаны, рухани байлығы. Дәстүрді ұмытқан — тамырынан айырылған ағашпен тең.
Сондықтан әр қазақ баласы ұлттық болмысын сақтау үшін ата-баба аманатын ұлықтап, салт-дәстүрін құрметтеуі керек. Дәстүр — ұрпақтар арасындағы алтын көпір. Ол арқылы ұрпақ тәрбие алады, рухани мұрасын бойына сіңіреді. Той-томалақ, шілдехана, тұсаукесер, сүндет той, құда түсу, беташар сынды ғұрыптардың барлығы тәрбиелік мәні зор мұралар. Бүгінгі жас буын — ел ертеңі. Сондықтан жастар ұлттық салт-дәстүрге немқұрайлы қарамай, оның мағынасын түсініп, мәнін бойына сіңірсе, ұлтымыздың келешегі жарқын болары анық. Ұлтымызда «босаға майлау» деген дәстүр бар. Бұл қандай дәстүр? Ол жаңа сипат алып, өз құндылығын жоғалтып алған жоқ па?
Шымкент қалалық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының кіші ғылыми қызметкері Бибінұр Төлегенова «босаға майлау» дәстүрінің ұмытылмағанын айтады. Ол «Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы – ұрпақ тәрбиесінің сарқылмас қайнар көзі. Әрбір дәстүрдің астарында терең мағына, өмірлік қағида, адамгершілік пен имандылыққа бастайтын үлгі жатыр.
Мысалы, үлкенді сыйлау, ата-анаға құрмет көрсету, жеті атаңды білу секілді дәстүрлер баланың бойына ізеттілік, тектілік пен тәртіпті сіңіреді. Бесікке салу, тұсау кесу, сүндет той – мұның барлығы баланың өміріндегі маңызды кезеңдерді құрметпен қарсы алып, оны қоғамға бейімдеудің бір бөлігі. Сол секілді басаға майлаудың жас буынды бойына жақсылық пен ізгіліктің дәнін себіп, болашаққа үмітпен қараға үндейді», - дейді.
– «Қыз аттаған, келін боп, ақ босаға, Ақ босаға, мерейлі бақ босаға. Қасиетті халқымның дәстүріне, Куә болып ғасырлар жетті осы ара» - демекші, біздің көпті көрген үлкен дана апаларымыз, әңгімелерінде қызықтап айтып отырады. Осы бір жылы, осы шаңырақтың ақ босағасын келін боп аттаған жылым еді – деп...Жалпы, қазақ халқы босағаны қасиетті санаған. Сондықтан да «Босағаны керме, босағада тұрма, баспа» деген тыйым сөздер осыдан туған.
Біздің қазақта керемет дәстүр бар. Ол «Босаға майлау». Жастар жеке отау құрғанда немесе біреу жаңа үй алғанда жақын-жуықтары келіп, жаңа үйдің босағасын майлап, шашу шашып жатады. Көктемде бірінші піскен майды отбасындағылар ауыз тимей тұрып, есік жақтауын, яғни босағаны майлаған. Жалпы қазақ, тас лақтырып жаманаттан құтылады, шашу шашып, босаға майлап, жақсылықтың жолын ашады. Бұл үй – берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ниетті білдіреді. Содан болу керек: «Қазаны майлы, төрт түлігі сайлы, оған көңілдері жайлы, би түсетіндей үй болсын» - деп керемет ақжарма тілектер айтып жатамыз. Босаға майлаған адамға кәде беріледі.
Сонымен қатар, қазақтың ғұрыптық дәстүрінде жаңа түскен келін алғаш үйге кіргенде, босағаға соғылмай кіруі керек. Егер келін босағаға соғылып қалса, үйдің берекесі қашады, келін баянды болмайды – деп есептейді. Сондықтан да жас келінге жаулық салғанда, осы жағдайларға мұқият қарағанымыз жөн. Әр шаңырақтың босағасы берік болып, төрінен бақ пен ырыс кетпегей!» - деп маңызды мәлімет бере отырып, лебізін де жолдады.