Бала бойына ұлттық болмысты дарыту – ата-ана мен қоғамның ортақ парызы

Oinet.kz 12-08-2025 11

Ұлттық құндылықтар дегеніміз – тіліміз, дініміз, дәстүр-салтымыз, әдет-ғұрпымыз, тарихымыз, өнеріміз. 

Screenshot_38.jpg

Осылар арқылы ұрпақ өзінің кім екенін, қандай ұлттың өкілі екенін сезінеді. Қазақта «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген сөз бар. Сондықтан бала бойына жастайынан ұлттық болмысты дарыту – ата-ана мен қоғамның ортақ парызы.

Балаға ес білгеннен ұлттық салт-дәстүрді, отбасыдағы үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, тілді таза сөйлеу, туған жерді сүю сынды қасиеттерді үйрету қажет. Қазіргідей жаһандану заманында ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу – тек білім беру мекемелерінің ғана емес, бүкіл ел болып атсалысатын ортақ іс.

– Ұлттық код ұлттық мәдениетпен астасады. Ұлттық тәрбие сол ұлттың мәдениетті дамытудың қозғаушы күші болып табылады. Әрбір халықтың тарихи тіршілігі мен рухани тәжірибесі бар. Қазақтың ұлттық коды деп қазақ халқының жаратылысын, табиғатын, рухани бітімін, өмір салтын айқындайтын белгілерді атасақ қателеспейміз, тарихи тамыры тереңде жатқан, ұлтымыздың күні бүгінге дейін бәрінен жоғары бағаланатын қасиеттері, қазақтың ұлттық болмысының сырын түсінуге апаратын, тиісінше қастерлеп, сақтауға жататын құпия кілт. Қазақ халқының ұлттық болмысы ғасырлар бойы қалыптасып, бекем орныққан, сондықтан да ол қазақ рухын небір күйзелістерден аман алып келе жатқан айрықша қасиетке ие. Халқымыздың сол қасиетін танытатын формула күллі материалдық байлықтан адами құндылықты биік қоятындығымен ерекшеленеді. Өйткені, бағзы заманда әділеттілік, адалдық, шыншылдық және адами қасиеттер дәулет атаулыдан әлдеқайда артығырақ бағаланатын, - дейді оқытушы-ғалым Сәуле Байменова. 

Мектеп пен жоғары оқу орындарында ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие сағаттары, танымдық іс-шаралар, ұлттық ойындар мен дәстүрлерді насихаттау арқылы жас буынды ұлттық санада тәрбиелеу – басты мақсаттардың бірі болуы тиіс. Ғалым  ұрпақты ұлттық құндылықтармен сусындатып өсіру — болашақтың іргесін берік ету. Бұл – салт-дәстүрді, тіл мен ділді, тарих пен мәдениетті бала бойына сіңіріп, оны ұлтжандылыққа тәрбиелеу деген сөз. Ұлттық құндылықпен тәрбиеленген ұрпақ – елдің тірегі, рухани байлығы, дегенді алға тартты. 

– Жастардың ұлттық қасиеттеріне меймандостық, кісілік, сыйласымдылық, имандылық, кішіпейілділік, кеңпейілділік, салауаттылық, тіршілікке бейімділігі, өнерпаздық, шешендік, ақынжандылық, сыпайылығы, мәдениеттілігі т.б. қасиеттері арқылы ерекшеленеді. Сондықтан қазақтың қазақ екенін, өзге ұлттан ерекшелігін болашақта сақтау үшін, өзімізді өзіміз бағалай білуге бет бұру – ұлттық байлығымызды игеру, ұлттық санамызды дамыту керек. Біздің мақсатымыз – ұлттық құндылықтарды іріктеп, оқыту үдерісіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтін ұрпақтарды сусындатып, отбасында да, мектепте де ұлтжандылық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын тұлғаларды тәрбиелеп шығару, - деді сөз арасында С. Байменова.

Ұлт болашағы – тәрбиелі ұрпақтың қолында. Ал тәрбиелі ұрпақ – ұлттық рухпен сусындаған, елінің тағдырына бейжай қарамайтын, ертеңіне сеніммен қарайтын азамат. Ендеше, ұрпағымызды ұлттық құндылықпен тәрбиелеу – біздің болашаққа салған берік іргетасымыз болмақ.

Тілек-бата – ұлтты көгертетін рухани күш
«Босаға майлау» дәстүрі жас шаңыраққа береке шақырып, жақсылықтың жолын ашады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу