Тілек-бата – ұлтты көгертетін рухани күш
Бата – қазақ халқының ең көне де қасиетті дәстүрлерінің бірі. Әрбір жақсылықтың, игі істің, қуанышты сәттің басында айтылатын тілек пен бата – ұлттың рухани байлығы, тәрбие мен танымның көзі.
Бата арқылы үлкендер жасқа ақ жол тілеп, жақсылыққа бастап, жігер береді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді халқымыз. Жақсы тілек жүрекке үміт, санаға сенім ұялатады. Қазақтың әр тойында, қуанышында, сапар алдында немесе жаңа істі бастарда айтылатын баталар – ұрпаққа өнеге, өмірге бағыт. Сондықтан бата беру мен тілек айту – тек сөз емес, ұлтты көгертетін үлкен рухани құндылық. Солардың ішінде ең баталы тілек «Көсегең көгерсін» сөзінің мағынасы мен жалпы рухани күш беретін бұл сөз туралы сала мамандары мен қала тұрғындарының пайымын тыңдап көрсек.
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының кіші ғылыми қызметкері Бибінұр Төлегенова:
– «Көсегең көгерсін, айналайын өсіп-өн» - деп той-томалақтарда керемет тілектер айтылып жатады. Құлаққа тым жақын, жүрекке жұмсақ эмоциялық әдемі тілек, ақ бата. «Көсегең көгерсін» – тұрақты сөз тіркесі.
Осы уақытқа дейін «қосаға» қыз бөлмесі, қызды он екі жастан бастап оң босағадан орын беріп, төсек орнын көлегейлеп шымылдық ілген. Осы қосағаны орап, бүркемелеп тұратын пердені «көсеге» - деп келдім. Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында қызмет еткеннен кейін сөздің астарына үңіліп, маман ретінде зерттей бастадым. «Көсеге» жалпы, қыздың жатын орны. Бұрынғы аналарымыз, қызының төсегіне дәл жауырынның астынан келетіндей етіп, қос арқан керіп, соған ұйықтатқан. Сондықтан да ежелгі қазақ қыздары бұраң бел, аршын төс, сымбатты болып өскен. Бел омыртқасында ақауы бар қыздар да, көсегеге жатып, айығып отырған. Міне, халықтық ем, көсегенің құдіретті күші.
Көсеге, сөзінің көгеру сөзімен бірге айтылуында заңдылық бар сияқты. Өйткені түркі халықтарының тіл дәстүрінде көк түс көгеру, көктеу сөздерінің мағынасымен қатар, өсіп-өнудің өркендеудің, дамудың символикасы ретінде қолданылады. Бұл заңдылықты біз қазақ тілінде «Көсегең көгеріп, көрпең ұзарсын» - деген. (Жылама, қыз жылама, тойың болар, алтын бесік, көсеге үйің болар) Қыз ұзатылғанда осы көсегесімен, шымылдық жасауларымен, көрпе-төсегімен бірге ұзатылған.
Гүльвира ЖҰМАДІЛДАЕВА, журналист:
Ата-бабамыз қолданған ұғымдар, салт-дәстүрлер, ырымдар мен тыйымдар, наным-сенімдері де біздің тамырымыздан ажырап қалмауымызға мұрындық болып тұр. Ұлттық құндылықтарымызды өзіміз көтермесек, басқа ешбір ұлтқа қажет емес. Ұлттық болмысымызды жоғалтпай, ұлттық рухымызды құлатпай ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртайық.
Әдетте бала кезімізден үлкендерден «көсегең көгерсін» деген тілекті жиі естиміз. Мұны көбінесе ата-әжелеріміз жастарға жиі айтады. Алайда өзім журналист болғандықтан, соның ішінде дәстүрлеріміз туралы тереңірек зерделеп жүргендіктен, осы бата туралы зерттедім. Бұл сөз біз ойлағандай дүйім елге емес, бойжеткенге арналған ескі ғұрыптан хабар беретін сөз екен, яғни абыроймен бойжету деген мағынаны білдіретіндігін білдім. Қазақта бұрыннан тәрбиеге, әсіресе қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән берген. Қыз бала он екі жасқа толғанда оны ата-анасы киіз үйдің оң босағасынан арнайы орын дайындап, оның көрпе-төсегін көлегейлеп тұратын арнайы шымылдық құрған. Бұл дәстүрді қазақта қызды оң жаққа шығару деп айтады. Қыздың босағаның оң жағынан бөлініп тұрған бөлмесін «қосаға» деп атаған. Ал сол қосағаны бөліп тұрған, шымылдық, яғни пердені «көсеге» деп атаған. Көсегенің екі мағынасы бар. Бірі - құт, береке, өмірдің жақсы, мәнді, сәнді болуын тілеу болса, екіншісі - теңіздің, айдын көлдің табанын жал-жал етіп көтеріп тұратын су түбінің шөгіндісі, яғни дөңес арал деген сөз. Қазіргі кезде қыз бала бойжете бастағанда ұл балалардан бөлектеніп, арнайы өз бөлмесін дайындайды ғой. Ал бұрынғы кезде көсеге қыз баланың балиғат жасына толғанын білдіріп тұратын және оның жеке кеңістігі болып саналатын бұйым болып саналған. Қыз бала бойжетіп, ұзатылған кезде оның жасауымен қосып, осы көсегесін де бірге қосып беріп жіберген. Сондықтан, қазақтың «көсегең көгерсін!» деген бата-тілегі дәл осы дәстүрден шыққан. Осындайда қазақ қызының абыройлы бойжетуін көксеген «Көсегең көгерсін!» деген ақ тілеу көбірек айтылса дейсің.