Келіннің көркі – ибасы, әженің көркі – даналығы
Шымкент қаласында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ұйымдастырған «Есті ене, көргенді келін» байқауы дәстүр мен тәрбие сабақтарын жаңғыртты.
«Әзіл-сықақ және сатира» театрына жиналған көрермендер ұлттық тәрбиенің мәйегіндей болған әжелер мен инабатты келіндердің өнеріне куә болды.
– Орталықтың негізгі мақсаты – қазақтың байырғы салт-дәстүрлері бойынша іздену және ұмытылып бара жатқан әдет-ғұрыптарды қайта жаңғырту. Кез келген дәстүрді насихаттау үшін оны алдымен зерттеп алу керек. Жалпы, дәстүрдің үш түрі бар. Оның біріншісі – қазіргі қолданыста жүрген салттарымыз, екіншісі – ата-бабамыздан келе жатқан ғұрыптарымыз және соңғысы – кірме дәстүрлер. Мәселен, үйлену тойларында жастарға торт жегізу біздің дәстүрімізде жоқ нәрсе. Оны кірме салт десек болады. Қарап отырсақ, бүгінде төтеннен келген ғұрыптар қаптап кетті. Әсіресе оны тойлардан көп көруге болады. Негізінде той адамның рухани ләззаттанатын, ғибрат алатын жері болуы тиіс. Қазақ атам не үшін той деп атаған? Яғни адам мерекелік жиынға барғанда аспен бірге рухани жағынан да тойып қайтуы керек. Ал бүгінгі ұйымдастырылып отырған байқаудың басты мақсаты – ұмыт бола бастаған ата-баба жолын қайта жаңғыртып, ұрпаққа өнеге ету. Бір сөзбен айтқанда, бұл Шымкент қаласында отбасылық құндылықтарды ұлықтап, салт-дәстүрді дәріптеуге арналған ерекше жиын болды, – дейді орталық басшысы Бахтияр Спанов.
Сонымен ұмыт бола бастаған ата-баба жолын қайта жаңғыртып, ұрпаққа өнеге етуді алдына қойған байқау көптің көңілінен шықты. Байқауда – әулеттің берекесі – ананың ақылында, келіннің ибасында, ененің даналығында екенін көрсетті. Осыны айшықтай білген қатысушылар сахна төрінде өз өнерін ортаға салып, көпшілікке ұлттық тәрбиенің шынайы үлгісін көрсетті.
Шымкенттің бес ауданынан жиналған әжелер мен келіндер жарыс барысында ән айтып, салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға жауап берді, тағам әзірлеп, отбасындағы сыйластықтың мәнін айшықтайтын көріністер қойды. Бірі қонақ күту әдебін көрсетті, енді бірі тосыннан туған жағдайға тапқырлықпен жауап қатты. Әжелердің тәлімді сөзі мен ақыл-кеңесі, келіндердің ибалы мінезі мен өнері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Залда отырған көпшілік ата-баба дәстүрінің әлі күнге өзектілігін сезініп, «келіннің көркі – ибасы, әженің көркі – даналығы» дегенді іштей мойындады. Байқаудың әр кезеңінде отбасылық тәрбие мен ұлттық құндылықтың өлшеусіз маңызы айқын көрініп тұрды.
Шара соңында оза шапқан қатысушылар марапатталып, барлық қатысушыларға алғыс хатпен марапатталды. Көпшілік үшін бұл күн тек қана байқау емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүріміздің тағы бір қайта жаңғыруына себеп болған мерейлі сәт болып есте қалды.