Қаланың қоғамдық қауіпсіздігі – ортақ міндет

Oinet.kz 22-08-2025 16

Шымкент қалалық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек шаһарда инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік, құқық қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. 

Screenshot_29.jpg

Қала әкімінің орынбасары алдымен ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай кейбір азаматтарға бір реттік әлеуметтік көмек көрсету, білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы, әкім гранты, құқық бұзушылықты төмендету бағытында жүзеге асып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. 

Сәрсен Абайұлының айтуынша, мерекеге орай мүгедектігі бар балаларға - 5 АЕК (19 660 теңгеден) мөлшерінде бірреттік әлеуметтік көмек бойынша 8323 баланың тізімі алынып, төлеу жұмыстары жүргізілуде. Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 20 АЕК (78 640 теңгеден) мөлшерінде бірреттік әлеуметтік көмек (673 бала) көрсетілуде.

Сондай-ақ «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС тарапынан 2025 жылы қала аумағындағы 26 көпқабатты тұрғын үйдің жалпы мүлкін күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Қазіргі таңда Әл-Фараби ауданы бойынша 5 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Қалған 21 көпқабатты тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. 

– Өткен аптада тергеу органдарының өндірісінде жалпы 181 іс тіркеліп, оның 4-уі сотқа жолданған. Оның ішінде, жиі тіркелетін қылмыстар алаяқтық (61 іс), ұрлық (46 іс), есірткінің заңсыз айналымы (11 іс) және жол-көлік оқиғаларына қатысты істер (9). Алаяқтық қылмыстарының басым көпшілігі интернет-алаяқтықты (42) құрап отыр, – деді Сәрсен Абайұлы 

Есірткі қылмыстары бойынша 10 адам ұсталды. Оның ішінде 18-30 жас аралығында – 6, 30-60 жас аралығында – 4 азамат бар. Барлығы – жұмыссыздар. Интернет арқылы есірткі тарататын заңсыз дүкендер жастарға қауіп төндіріп отыр. Осы орайда жастарды мемлекет ұсынған білім, спорт және кәсіпкерлік мүмкіндіктерін пайдалануға шақыру маңызды.

Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері: жылдамдықты асыру, жүргізушілердің телефонға алаңдауы, жаяу жүргіншілердің жол ережесін бұзуы, кәмелетке толмағандардың самокат және скутерді дұрыс басқармауы, сондай-ақ мас күйде көлік жүргізу. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін тұрғындардан жол қозғалысы ережелеріне мұқият болу сұралады.

Қалта ұрлығы да өзекті мәселе болып отыр. 14 тамыз күні қоғамдық көлікте белгісіз адам азаматтың ұялы телефонын ұрлаған. Мұндай қылмыстар базарларда, көліктерде және көпшілік іс-шараларда жиі орын алады. Полиция азаматтарды бағалы заттарын көзге көрінетін жерге салмауға шақырады.

Баспасөз мәжілісінде қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлына бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері әлеуметтік көмек беру, Қошқар ата өзені бойындағы үйлерді кәрізбен қамту, тарифті көтеру, тұрғын үйлерді күрделі жөндеу және тағы басқа мәселелер бойынша сұрақтар қойды. Қала әкімдігінің ресми өкілі және тиісті басқарма қызметкерлері барлық сауалға толыққанды жауап берді.  

Келіннің көркі – ибасы, әженің көркі – даналығы
Ерлікті ұлықтау - отаншылдық рухты оятады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу