Шымкент қаласында әлеуметтік саланың әлеуеті артуда
Шымкент қаласында соңғы бес жыл көлемінде әлеуметтік салада атқарылған жұмыстар ауқымды. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, білім беру нысандарын дамыту аясында бес жылда 48810 орындық 105 мектеп пайдалануға беріліпті.
Оның 80 пайызы жеке инвесторлар есебінен салынған. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында білім, денсаулық пен спорт салаларына айрықша көңіл бөлінген. Мәселен, білім саласында жүргізілген құрылыс жұмыстары нәтижесінде ондаған білім ошағы салынып, үш ауысымды мектептер саны 19-дан 3-ке, ыңғайластырылған мектеп саны 17-тен 3-ке азайды. Биыл 18 мектепті пайдалануға беріп, үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешуді көздеп отырмыз. Президенттің бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 2026 жылға дейін 28 мың орынды 18 мектеп пайдалануға беріледі» дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Қала әкімінің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, екі Оқушылар сарайының құрылысы басталып, оның біреуі кеше пайдалануға берілсе, одан басқа 750 орынды 5 өнер мектебінің құрылысын салу жоспарлануда.
Ал денсаулық саласында соңғы 5 жылда медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға 19 миллиард теңге бағытталып, қамту деңгейі 67 пайыздан 79 пайызға жоғарылаған. «Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде соңғы 4 жылда 12 жеке емхана ашылып, мемлекеттік емханалардың жүктемесі 30 пайызға азайды. Өткен жылы қалада жеке инвестор есебінен ПЭТ/КТ сәулелі терапия орталығы ашылып, қатерлі ісік ауруын бастапқы сатысында анықтап, алдын ала емдеуге мүмкіндік беруде. Биыл жеке инвесторлар есебінен 3 жаңа емхана ашылды. Осы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан жалпы өлім көрсеткіші 8 пайызға, нәресте өлімі 20,6 пайызға төмендесе, биыл ана өлімі тіркелген жоқ» дейді қала әкімі.
Мұрат Дүйсенбекұлының айтуынша, 2025 жылға дейін Шымкент қаласында жаңа заманауи перзентхана мен жеке инвесторлардың есебінен 800 орындық клиниканың құрылысы және 6 медициналық орталық ашу жоспарлануда екен.
- Бүгінгі таңда спорт саласында да жеткен табыстар аз емес. Жалпы қалада бұқаралық спортты дамыту мақсатында, осыдан 3 жыл бұрын республикада алғаш болып «Шымкент жастар лигасы» атты бірегей жобаны қолға алған едік. Бүгінде оқушылардың қызығушылығы артып, лигага қатысушылар да көбейген. Биыл 151 мектептен 500-ден астам команда жасақталып, 6 мыңға жуық оқушы қатысуда. Қалада спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл «Үстел теннисі спорт кешені» және «Жаңа ипподром» құрылысы, «Металлург» стадионын реконструкциялау жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Жыл соңына дейін бюджет есебінен ауысымына 250 баланы қабылдайтын 2 спорт ғимараты және жеке кәсіпкер есебінен «SPORT LIFE» футбол орталығының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілетін болады. Биыл спорттық үйірмелермен жан басына шаққанда қаржыландыру арқылы 19 мыңнан астам бала қамтамасыз ету көзделіп отыр, - дейді қала әкімі.