Шымкент қаласының инженерлік-инфрақұрылымы жақсара түскен
Шымкент қаласында шаһардың инженерлік-инфрақұрылымын жақсартуға барынша көңіл бөлініп келеді. Қала әкімі Мұрат Әйтенновтың айтуынша, соңғы 5 жылда инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін жаңғыртуға бюджеттен 191 миллиард теңге бөлінген. Оның 87 пайызы, яғни 166 миллиард теңгесі соңғы үш жылда бөлінген қаржы.
- Мемлекет басшысы Жолдауында құрылыс саласына басымдық бергені белгілі. Соның ішінде таза ауыз су, жарықтандыру, газ бет тұрғын үй салу салалары да бар. Соңғы жылдары атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, бір магистралды суаққы салынып, қуаттылығы тәулігіне 364 мың текшеметрге жетті. Ол, шамамен 2030 жылға дейін жетеді. 4 подстанция салу арқылы, электр энергиясының қуаттылығы 490 мегаватқа жетіп, қаланың 2025 жылға дейінгі қажеттілігі шешілді. Газдандыру саласында жаңа АГРС салу арқылы, газ қуаттылығы тәулігіне 430 мың текшеметрге жетіп, 2030 жылға дейінгі табиғи газ мәселесі шешімін тапты. 2022 жылдың қорытындысымен таза ауыз сумен қамту деңгейі 98 пайызға, электрмен қамту 98 пайызға, табиғи газбен қамту 94 пайызға жетіп отыр. Биыл елді мекендерді таза ауыз су, сапалы электр жүйелерімен қамту мәселесін толық шешсек, 2025 жылы табиғи газбен қамту мәселесін толығымен шешу жоспарлануда, - дейді қала әкімі.
Шаһар басшысының айтуынша, сонымен бірге көлік инфрақұрылымын дамытуға бөлінетін қаражаттың көлемін биыл 38 миллиард теңгеге жеткізіп, 2018 жылмен салыстырғанда 5 есеге ұлғайған. Жалпы соңғы бес жылда ұзындығы 900 шақырымнан астам жолға асфальт жабыны салынып, қаланың орталық бөлігіндегі ірі жол айрық пайдалануға берілді.
- Биыл қалаға кіреберістегі басты магистралды жолдағы жол айрықтың құрылысы, қаланың Солтүстігі мен Оңтүстігін байланыстыратын магистралды жолдың, қаланың транзиттік әлеуетін арттыратын айналма жолдарды пайдалануға беру жоспарлануда. Нәтижесінде, жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін 2018 жылғы 54 пайыздан биыл 71 пайызға жеткізу көзделуде. Жолаушылар тасымалының деңгейін арттыру мақсатында, қаладағы автобустар паркін соңғы 5 жылда 35 пайыздан 90 пайызға дейін жаңартып, шалғайда орналасқан елді мекендерді толығымен автобуспен қамтылды. Сонымен қатар жеке инвестор есебінен құрылысы жүргізіліп жатқан жаңа әуежай терминалын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Темір жол вокзалы сенімгерлік басқаруға беріліп, жеке инвестор есебінен толығымен қайта жаңартылатын болады. Нәтижесінде әуежайдың жолаушыларды өткізу қабілеті сағатына 200 адамнан 2 000 адамға, темір жол вокзалы тәулігіне 2 000 адамнан 6 000 адамға дейін артады, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.