Шымкент қаласында қабылданған «Қамқор» жобасы баспана мәселесін шешеді деген үміт бар
Шымкент қаласында тұрғын үй құрылысы мен абаттандыру жұмыстарына басымдық берілген. Қазіргі таңда қалада жаңа шағын аудандар бірінен соң бірі бой көтеріп жатса, сонымен қатар тұрғындардың демалуы үшін саябақтар мен алеялардың абаттандырылуына елеулі көңіл бөлінген.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, соңғы бес жылда 3 миллион 700 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салынған екен. Оның 2 миллион шаршыметрі соңғы екі жылда берілген.
- Мемлекет басшысы Жолдауында қала құрылысын дамытуға, халықты жайлы, жақсы баспанамен қамту жайына көңіл бөлген. Соңғы жылдары қабылданып жатқан «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» бағдарламалары халықты тұрғын үймен қамтуға бағытталған жобалардан тұрады. Біздің алдымызда тұрған басты мақсатымыз - жыл сайынғы тұрғын үй көлемін 2 миллион шаршы метрге жеткізу. Ол үшін бірінші кезекте инфрақұрылыммен дер кезінде қамтуымыз қажет. Бүгінгі таңда, құрылыс аумақтары айқындалып, инженерлік жүйелерді жобалау жұмыстары басталды, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Қала әкімінің айтуынша, биыл мемлекеттік бағдарлама шеңберінді 4445 отбасы баспанамен қамтылмақшы. Дегенмен, мемлекеттік бағдарламадан тыс қалып отырған әлеуметтік санаттағы азаматтар да бар екен. Аталған санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамту мақсатында, «Қамқор» жергілікті тұрғын үй бағдарламасы қабылданған. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 3 миллиард теңге бөлініп, 150 азаматқа 20 милион теңгеге дейін 5 пайызбен жеңілдетілген несие беру көзделіпті.
Ал абаттандыру мақсатында, биыл 9 гүлзар, бір саябақ пен қала орталығындағы Қошқар ата өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстары жоспарланған. Сонымен қатар, аумағы 42 гектарды құрайтын Шымсити шағын ауданында жаңа саябақ құрылысын басталған.
- Қаладағы демалыс аймақтарын ұлғайту мақсатында, жоспарға сәйкес жыл сайын 10 гүлзар салынатын болады. Биылғы жылдың 5 айында қала аумағындағы тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 70 кездесу өткіздім. Онда 908 мәселе көтеріліп, оның 381-і шешілді, 432-і орындалуда, 95 мәселе алдағы жылдары шешімін табатын болады. Сонымен қатар, жыл басынан бері 6 жеке қабылдау өткізіп, 629 адамды қабылдадым. Қабылдау барысында көтерілген мәселелер бойынша 322-і тапсырма беріліп, оның 224-і шешімін тапса, қалғандары заң талаптарына сәйкес қаралуда. Бұдан бөлек, тұрғындарды толғандыратын мәселелерді соңына дейін орындалуына қол жеткізу, ашық және тиімді жұмыс жасау үшін әр елді мекеннен белсенді азаматтардың бақылауында. Бұл тәжірибе халықпен кері байланысты күшейтіп, қазірдің өзінде жақсы жағынан көрсетіп отыр. Сол кездесулерде қала тұрғындары тарапынан көтерілген мәселенің басым бөлігі баспанаға байлаысты. Баспана қала тұрғындары үшін басты мәселе болып отыр. Баспана алуға мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін қабылданған «Қамқор» жобасы өз нәтижесін береді деп үміттенеміз, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.