Шымкент қаласы Италиядағы портты қала Генуямен әріптестік байланыс орнатты
Шымкент қаласы соңғы бес жыл көлемінде дамудың даңғыл жолына түскені қатты аңғарылады. Онда құрылып жатқан экономикалық аймақтардағы индустриаландыру алаңдары Отандық қана емес шетелдік бизнес өкілдерін де қатты қызықтырып отыр.
Қазіргі таңда Шымкент қаласымен Қытай, Ресей мен басқа да мемлекеттер экономикалық әріптестік орнатып, индустриаландыру аймағындағы ірі өндіріс ошақтарының дамуына үлестерін қосуда. Ендігі кезекте Шымкент қаласы мен Италиядағы өнеркәсібі дамыған ірі портты қаланың бірі Генуя қаласымен әріптестік байланыс орнатылуда.
Жақында Шымкент пен Генуя қалалары арасындағы екі жақты келісім орнату мақсатында Шымкент қаласы әкімдігінде қос тарапты өкілдердің қатысумен ресми кездесу өткен болатын. Кездесудің мақсаты екі мегаполис арасындағы мемлекеттік, сауда-экономикалық, өнеркәсіптік, туризм, мәдени және әлеуметтік салалары арасында өзара ықпалдастық және ынтымақтастық орнату.
«Бұл кездесу барысында екі елге ортақ келісім орнатылды. Өңірдің бірқатар сала жетекшілерімен ынтымақтастықты нығайту бойынша перспективалық мәселелер талқыланды» дейді қала әкімі Мұрат Әйтенов. Іс-шара барысында Мұрат Дүйсенбекұлы мен Генуя қаласы мэрінің жаңа кәсіпорындар құру бойынша кеңесшісі Давид Фалтери мырза екі жақсы меморандумға қол қойылып, бауырлас қалалар болып бекіді.
Кәсіпкерлік салада тәжірибесі мол Италиядағы өнеркәсібі дамыған ірі портты қаласы Генуяның өңір экономикасына тың серпін әкелері анық. Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген көлік логистикасының тиімдігі, ашық теңізге шығу мүмкіндіктері екі қала арасындағы сауда-саттық арасында дамуы әбден мүмкін. Бұл Шымкент қаласының экономикасының артуына өз үлесін қосады деген сенімде қала басшылығы. Сондай-ақ, бұл Генуя ғылыми орталықтар мен университеттердің ордасы. Бұл да білім алуға құштар жастардың арадағы қарым-қатынасын арттыра түсері анық.
- Республикалық қала мәртебесіне ие болған Шымкент қаласы мен Италия Республикасының жетекші қалаларының арасындағы жан-жақты қарым-қатынастың дамуы екі ел арасындағы ынтымақтастығына зор үлес қосады деп үміттенемін. Сонымен қатар, алдағы уақытта Генуя қаласымен стратегиялық жоспарларымыз, сауда-экономикалық қарым-қатынас пен бірлескен жобаларымыз жаңа белеске көтерілетініне сенімдімін, - деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.