Шымкент қаласында №45 мектеп-гимназия жанынан 300 орындық қосымша ғимарат пайдалануға берілді

Oinet.kz 20-06-2023 526

Шымкент қаласында құрылысы жүріп жатқан білім нысандары аз емес. Жалпы шаһарда соңғы бес жыл көлемінде 105 мектеп пайдалануға беріліп, орын тапшылығы біршама жойылған. Осы білім нысандарының құрылыс жұмыстарын салу арқылы қалада үш ауысыммен оқитын мектептер жойылып, балалардың толыққанды білім алуына жол ашылған. 

Screenshot_17.jpg

Кешегі күні Шымкент қаласында тағы білім ошағы, атап айтсақ, С.Королева атындағы №45 мектеп-гимназияның қосымша корпусы пайдалануға берілді. Үш жүз оқушыға арналған үш қабатты қосымша ғимараттың құрылысы былтыр басталған. Спорт залы, жаттықтырушы бөлмесі, психолог пен логопед кабинетімен қамтылған нысан заманауи құралдармен жабдықталған.  

Оның ашылуына қала әкімі Мұрат Әйтенов те қатысты. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында білім саласына ерекше басымдық беріп келеді. Білім нысандарының санын ұлғайту мақсатында Президентіміздің бастамасымен «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынды. Бұл жоба аясында 18 білім ошағын салу жоспарлануда. Жалпы өңірде білім беру нысандарын дамыту аясында бес жылда 48810 орындық 105 мектеп пайдалануға беріліпті. Оның 80 пайызы жеке инвесторлар есебінен салынған. Білім саласында жүргізілген құрылыс жұмыстары нәтижесінде ондаған білім ошағы салынып, үш ауысымды мектептер саны 19-дан 3-ке, ыңғайластырылған мектеп саны 17-тен 3-ке азайды. Биыл 18 мектепті пайдалануға беріп, үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешуді көздеп отырмыз, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы. 

Бүгінгі таңда бұл мектеп жанынан балалар лагері ұйымдастырылған. Мектептен тыс уақытын тиімді пайдалану үшін лагерьге келген оқушылар бұл күні өз өнерлерін көрсетті, қылқалам туындыларын ұсынып, ән мен күйден әсерлі, әдемі көңіл-күй сыйлады.  

Айта кетейік, жаңа корпуста күзет бөлмесі, асханадан бөлек, информатика және АКТ, қазақ тілі мен әдебиеті, математика, тарих, география, ағылшын тілі, химия, физика, биология пәндеріне арналған кабинеттер мен STEM кабинет және дебат қозғалысына арналған кабинет бар. 

- Бұдан бөлек, мұнда физика, химия және биология зертханалары да қарастырылған. Ал мектеп-гимназияның ауласында балалар алаңы мен шағын футбол алаңы салынған. Осылайша қаладағы үш ауысымды мектептер мәселесі бірте-бірте биыл шешімін табатын болады, - дейді қала әкімі. 

Шымкент қаласы Италиядағы портты қала Генуямен әріптестік байланыс орнатты
Шымкент қаласында Оқушылар сарайы ашылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу