Шымкент қаласында инфрақұрылым жүйесінің жаңартылуы 100 пайзға жақындап қалды
Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылым жыл санап жақсарып келеді. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, осыдан 5 жыл бұрын қалаға мегополист статусы берілген кезде қалада магистралдық ауыз су, электр, табиғи газ қуаттылығы жетіспейтін екен.
«Ол тұста қаладағы қолданыстағы магистралды ауыз су қуаттылығы тәулігіне 273 мың текшеметр болса, нақты қажеттілік 323 мың текшеметр, электр энергиясы – 330 мегеват болса, нақты қажеттілік 455 мегават, табиғи газ – 180 мың текшеметр болса, нақты қажеттілік 270 мың текшеметрді құрайтын.
Бұдан бөлек, 297 мың адамды таза ауыз сумен, 308 мың адамды электр энергиясымен, 257 мың адамды табиғи газбен қамтуға мүмкіндік болмады. Жолдардың сапасы бойынша да бірнеше өзекті мәселелер болды. Мәселені шешу үшін, Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, қаланы инженерлік инфрақұрылыммен қамту бойынша жоспар әзірленді, дейді қала әкімі.
Бүгінде жоспар Үкіметтің қолдауымен қарқынды іске асырылуда. Қазір таңда бұл көрсеткіштер бірнеше есеге артып отыр.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін елімізде таза ауызсу мәселесін шешуді тапсырғаны белгілі. Яғни, алдағы үш жылда қалалар 100 пайыз, елдімекендер 80 пайызға дейін таза ауызсумен қамтылуы тиіс. Жолдауда айтылған «Ақбұлақ» бағдарламасы да өңірде өз шешімін тауып, кезең-кезеңмен іске асырылуда. Қазіргі таңда таза ауыз сумен қамтылған қалаға қарасты шағын аудандар мен елдімекендер саны едәуір артқан. Су – тіршілік көзі. Қоғамдағы барлық тіршілік салалары үшін су ресурстарының маңыздылығын айтып жатудың өзі артық. Елімізде осыдан 12 жыл бұрын басталған «Ақбұлақ» бағдарламасы соңғы үш-төрт жылдың көлемінде қарқын алғаны белгілі. Ол «Өңірлерді дамыту», «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламалары және «Ауыл – ел бесігі» жобалары аясында жүзеге асырылуда, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Сонымен соңғы 5 жылда инженерлік-инфрақұрылым жүйелеріне бюджеттен 191 миллирд теңге бағытталыпты. Оның 87 пайызға, яғни 166 миллиард теңгесі соңғы үш жылда бөлінген. Бірінші кезекте, қуаттылығы 91 мың текшеметрді құрайтын 1 магистралды суаққы салынып, қуаттылығы тәулігіне 364 мың текшеметрге жетті. Осылайша қаладағы таза ауыз су тапшылығы бүгінгі таңда өз шешімін тауып отыр.
Бұдан бөлек, 4 подстанция салу арқылы, электр энергиясының қуаттылығы 490 мегеватқа жетіп, қаланың 2025 жылға дейінгі қажеттілігі шешілген. Ал газдандыру саласында да жаңа АГРС салу арқылы, газ қуаттылығы тәулігіне 430 мың метр текшеметрге жетіп, 2030 жылға дейінгі табиғи газ мәселесі де шешімін тапқан. Өткен жылдың қорытындысымен таза ауыз сумен қамту деңгейі 98 пайызға, электрмен қамту 98 пайызға, табиғи газбен қамту 94 пайызға жеткізілген.
«Биыл елді мекендерді таза ауыз сумен, сапалы электр жүйелерімен қамту мәселесі шешілсе, 2025 жылы табиғи газбен қамту мәселесін толығымен шешу жоспарлануда» дейді қала басшысы.