Шымкент қаласында биыл үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешу көзделуде
Шымкент қаласында білім беру нысандары көптеп салынуда. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша соңғы бес жылда шаһарда 48810 орындық 105 мектеп салынып, пайдалануға берілген екен. Оның 80 пайызы жеке инвестор есебінен салынған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында білім саласына баса мән берген. «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды» дейді Президент.
- Өткен жылдан бастап Президентіміздің тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қолға алынды. Мемлекет басшысы Жолдауында «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», дей отырып, әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай мектеп салуды тапсырды. Өткен жылы қалада жалпы 24800 орындық 43 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде, үш ауысымды мектептер саны 9-дан 4-ке, ыңғайластырылған мектеп саны 4-тен 3-ке азайды. Жалпы бес жыл көлемінде үш ауысымды мектептер саны 19-дан 3-ке, ыңғайластырылған мектеп саны 17-ден 3-ке азайып отыр. Биыл 18 мектепті пайдалануға беріп, үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешу көзделуде, - дейді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Президент Жолдауында бұл білім нысандарын жемқорлыққа жол берген, олардың заңсыз тапқан қаржысы есебінен салуды ұсынған. Яғни, Мемлекет басшысы «Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» деп қаржы көзін де анықтап берген еді Жолдауда.
- Президенттің бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мегаполисте 2025 жыл соңына дейін 28 мың орындық 18 мектеп пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2 Оқушылар сарайының құрылысы басталып, оның біреуі жуырда пайдалануға беріледі. Одан бөлек, 2029 жылға дейін сыйымдылығы 750 орындық 5 өнер мектебінің құрылысы жоспарлануда, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.