Шымкент қаласында кәсіпкерлерге қолдау бар

Oinet.kz 18-05-2023 193

Шымкент қаласында индустриялық аймақты дамыту үшін арнайы экономика аймақ  құрылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында да экономикалық аймақ құру мәселесі қалада жоспарға сай жүргізілуде. Қазіргі таңда «Тассай» индустриялық аймағында 24 жоба іске қосылып, онда 1,8 мыңнан астам жұмыс орыны құрылған. 

Screenshot_38.jpg

Жалпы аймақта жүзеге асырылған кәсіпорындардан бюджетке 8,2 миллиард теңге салық түскен. Қала әкімі осындағы бизнес өкілдерімен кездескен болатын.  

- Аймақты инженерлік-инфрақұрылыммен қамту жұмыстарының екінші кезеңін жыл соңына дейін аяқтау қажет. Оған дейін кәсіпорындардың уақытша электр қуатымен қамтылуын ұйымдастырыңыздар. Инвесторларға берілген жер телімдерінің тиімді пайдаланылуын қадағалауға алыңыздар - деді кездесуде қала әкімі Мұрат Әйтенов.  

Жалпы жыл соңына дейін мұнда 7 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Ол жобалар 200  адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы. Қала әкімі жауаптыларға кәсіпорындардың қуаттылығына сай жұмыс істеуіне барынша қолайлы жағдай жасап, абаттандыру, көріктендіру жұмыстарын бақылауға алуды тапсырды. 

Сондай-ақ қала әкімі Мұрат Әйтенов «Тассай» индустриалдық аймағының жұмыстарын таразылаған соң, кезекті рет «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында болды. Мұнда электр желісі, газ, су және өзге де инженерлі-коммуналды жүйе тартылып қойғандықтан, дайын инфрақұрылым мен қолайлы логистика арқылы нарықта тауар өндірісін қалыптастырып үлгерген кәсіпорындар жұмыс істейді. Дегенмен, өз кәсібін кеңейтемін немесе жаңа жобаны бастаймын деген кәсіпкерлер үшін де экономикалық аймақ қолдау көрсетуге әзір.  

Қала басшысы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында бірқатар кәсіпорын басшыларымен жүздесіп, олардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Мәселен, «Шабитекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әскери және арнайы жұмысшы киімдерін тігумен айналысады. 

Нарықта өз орнын тауып, тігін фабрикасына қажет түрлі техникалық жабдықтармен қамтылған кәсіпорын болашақта жұмыстарын ұлғайту мақсатында жаңа жоба бастап кеткен. Мұрат Дүйсенбекұлы кәсіпорын басшысының бастамасын қолдап, мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтерге тоқталып өтті.  

Сонымен қатар «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында инвестиция көлемі 58,4 миллиард теңге тұратын 35 жоба іске асырылып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орындары құрылды. Жалпы аймақ жұмыс істеп тұрған кезеңнен бері бюджетке 8,2 миллиард теңге салықтық және әлеуметтік аударымдар жасаған.

Қарқынды жұмыс істеп тұрған индустриялық аймақта жаңа жобаларды қолға алу жылдам жүріп жатқандықтан аумағы 867 гектарлық қосымша 5 жаңа өнеркәсіптік алаң құрылуда. Нәтижесінде инвестиция көлемі 398 миллиард теңгені құрайтын 271 жоба іске асырылатын болады.

Шымкент қаласында қабылданған «Жасыл қала» бағдарламасы нәтижелі жүзеге асырылуда
Шымкент қаласында жастардың кәсіп бастауына жеңілдіктер қарастырылған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу