Жайылымдық жерлердің көлемі ұлғаюда
Таяуда Төле би аудандық мәслихаттың жетінші шақырылымдағы кезектен тыс он сегізінші сессиясы өтті. Жиынға аудан әкімі Төлеген Телғараев және сала мамандары мен халық қалаулылары қатысты. Сессияның күн тәртібінде 4 мәселе қаралып, оны депутаттар талқыға алды.
Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Жайылым мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерлер, ең алдымен, ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Соның салдарынан, ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда», - дей келе жайылымның 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде екенін айтқан болатын. «Алайда, оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылымдық жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биылғы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің осы бір тапсырмасы ауданда ойдағыдай атқарылып келеді. Жиында жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған жұмысы қаралып, елді мекен аумағынан 5 шақырымнан тыс орналасқан аумақты ортақ жайылымдық жер етіп заңдастыруды сұранды.
Қазіргі кезде аудан аумағы 306 380 гектарды құраса, оның ішінде ортақ жайылымдық жер көлемі 70257 гектардан аспайды. Мал басы күн санап артуына байланысты жайылымдық жерге деген қажеттілік 668 038 гектарды құрайды. Биылғы жылы 20587 га жер мемлекет игілігіне қайтарылды.
Төлеби ауданының елді мекендеріне жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы 10 маманға көтерме жәрдемақы, 2 маманға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бюджеттік кредит беру мәселесі депутаттардың қолдауына ие болды.
Сессияда аудан бойынша кондоминиум обьектісін басқаруға және оның орталық мүлкін күтіп ұстауға арналған шығыстардың ең төменгі мөлшері бекітілді.
Бұған қоса, аудан әкімдігі жанындағы консультациялық- кеңесші органның құрамына өзгерістер енгізілді. Күн тәртібінде қаралған мәселелерге қатысты депутаттар ұсыныс – пікірлерін жеткізіп, ол бойынша тиісті шешімдер қабылданды.