Төле биде 10000 тоннадан астам өнім жиналады деп күтілуде
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру, ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын көбейту, мемлекеттік қолдау шараларын заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажеттігін атап көрсеткен-ді. Жалпы, ауылшаруашылық саласы Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. Осы саланы дамытуға негізделген мәселелерді дер кезінде көтеріп, нақты тапсырмалар жүктеп келеді. Ал тапсырмалардың орындалуын, нақты нәтижені өңірлерде, оның ішінде аудандарда атқарылған істерден де білуге болады.
Төле би – аграрлы аудан қатарында. Ауданда тау бөктерінде орналасқандықтан, мал және егін шаруашылығы өз деңгейінде дамыған. Аудан диқандары бірнеше жылдар бойы мақсары өнімімен Түркістан облысы бойынша алдыңғы қатардан көрініп келеді. Биылғы жыл да шаруалар үшін ырысты болғалы тұр. Шаруалар ауа-райының қолайлы болуына байланысты 10000 тоннадан астам өнім жиналады деп күтуде. Жалпы, аудан аумағына 10731,5 гектар мақсары егілді дейді салаға жауапты мамандар.
Қазіргі кезде мақсары ору науқаны басталды. Диқандар мақсарының әр гектарынан 9-9,5 центнерден өнім алып жатыр.
Мақсары дәні барлық кезде үлкен сұранысқа ие. Мақсары тұқымшасындағы жалпы май мөлшері 25-37%, ал ядросына 50-56% дейін ақшыл сары түсті бағалы сұйық майы болады. Өсімдік майының дәмділігі және жұғымдылығы күнбағыс майына пара-пар, ал тек қана ядросынан сығылған майдың сапасы зәйтүн майынан кем түспейді. Халықтық медицинада мақсары жапырақтары, гүлдері және майынан әр түрлі дәрі дәрмектер жасалады, сонымен қатар, өсімдік майын сыр-бояу, линолеум, сұйық сабын өндірісінде т.б. техникалық мақсаттарда пайдаланады.
Түркістан облысына қарасты Төле би ауданының диқандары бүгінде ауыл, аудан, аймақ, облыстың егін шаруашылығы мен ел экономикасына айтарлықтай үлес қосып келеді. Ол үшін диқандар жемісті еңбектерінің нәтижесіне шүкіршілік айтуды ұмыт қалдырған емес.