Бір алқаптан екі өнім алушылар көбейді

Oinet.kz 23-08-2022 232

Screenshot_7.png

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің  тапсырмасына сәйкес,  Төлеби ауданы табиғатының қолайлығына орай,  бір жерден екі өнім алу жобасы қарқынды жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні диқандар аталған жоба аясында екінші өнімді жинауға кірісті. Атап айтар болсақ, «Ризмат» шаруа қожалығы ерте көктемде еккен сарымсақты жиып алып, оның орнына отырғызған қияр, қызанақ, картоп, сәбізі бүгінде пісіп, жинап алуға дайын. 

Қожалық төрағасы Досматова Тажибуви Юнусматовна 1 га жерге көкөніс егіп, 4 азаматты тұрақты жұмыспен қамтыған. Жалпы ауданда бұдан бөлек ауыл шаруашылығы дақылдарының ішінде бау-бақша алқабы жыл өткен сайын артып келеді. Бауда алма пісіп, жүзім самсап тұр. Бұған қоса, ауданда тамшылатып суғару, жаңбырлатып суғару технологияларына басымдық беріліп, шаруалар суды үнемдеуге көшті. Осы арқылы су үнемделіп, өнімділік еселеп артуына мүмкіндік берілуде.

Шаруалар бұған дейін де осы әдіспен егістік алқаптарын тиімді пайдаланған. Дегенмен, уақыт өткен сайын диқандардың тәжірибесі толысып, соңғы жылы өнім көлемі айтарлықтай арта түскен. 

Төле би ауданы сонымен қатар тәтті жүзімімен де танылып келеді. 2016 жылы  Тасарық ауылында «Тау жемісі» ЖШС жүзім өсіру ісін қолға алынған болатын. Қазіргі таңда жаңа технологиямен егілген жүзім бауының аумағы 20 гектарға жетті. Бағбандардың айтуынша жүзім алқабы мұқият күтімді қажет етеді. Толығымен тамшылатып суғару жүйесі қолданылатын бауда жүзімнің  «Ризамат», «Кишмиш», «Победа», «Шахана» түрлері өсіріледі. Мұнда биылғы жиын-терім жұмыстары басталып та кетті. Өнімдер аудан аумағындағы және Шымкент қаласындағы сауда орындарына сатылымға шығарылуда. Айта кетерлігі, шаруашылықта 12 адам тұрақты, 50-ден астам адам маусымдық жұмыспен қамтылған. 

Түркістан өңірінің қолайлы ауа райы ерте пісетін дақылдарды өсіруге, бір жерден жылына екі-үш өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл тәжірибені мамандар халыққа түсіндіріп, семинарлар өткізді. Насихат жұмысы жүрді. Нәтижесі жаман емес. Былтыр облыс көлемі бойынша «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 8400 гектарда 3000 жоба жүзеге асырылып, 145500 тонна көкөніс өнімі жиналған. Биыл егіс көлемі 851000 гектарға орналастырылып, жоспар 100%-ға орындалды дейді мамандар. Өткен жылдан 5500 гектарға ұлғайған (2021 ж. – 845,5 мың га). Қосымша 26,6 гектарға жылыжайлар салынып, алаңы 1494 гектарға жетті. Республикадағы жылыжайлардың 71%-ы Түркістан облысында орналасқан. Мамандардың айтуынша жыл қорытындысымен 1590 гектарға жеткізілетін болады. Жалпы, ауылшаруашылық саласының өнім көлемі 2022 жылдың 6 айында 16 млрд 331 млн теңгені құрады. Нақты көлем индексі 102,8 пайыз.

Жайылымдық жерлердің көлемі ұлғаюда
Тұрғындар бүй дейді...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу