Бірінші Мамыр ауылында балық шаруашылығы дамымақ

Oinet.kz 23-08-2022 250

Screenshot_2.png

Тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап беру мақсатындағы Төле би ауданының әкімі Төлеген Телқараевтың азаматтармен кезекті кездесуі – Бірінші Мамыр ауылдық округінде жалғасын тапты. Кездесуде әкім ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығындағы ауданның әлеуметтік – экономикалық даму көрсеткішінің қорытындысы мен алғашқы кездесуде округ халқы көтерген мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысымен таныстырды. Басқосу еркін форматта, ашық аспан аясында өтті. 

Жалпы, құрамында 7 елді мекені бар округ  халық саны және жер көлемі  жөнінен аудандағы ең ірі аумақтардың бірі. Аймақ территориясына бірнеше ұлт өкілдері қоныстанған. Ауыл шаруашылық мақсатындағы жер көлемі – 10335,0 гектарды құраса, оның ішінде суармалы жер көлемі – 2190,0 гектар, бау алаңы-379,0 гектар, жайылымдық жер – 2760,0 гектар. Шаруа қожалықтар саны 748, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер саны – 15, өндірістік кооперативтер саны -7. 

Халықтың негізгі күн көрісі мал шаруашылығында, қазіргі кезде округте 5353- жылқы, 12248 – ірі қара, 24670- ұсақ мал бар. Мал саны артуына байланысты халыққа жайылымдық жер қажет. Аталған мәселені шешу мақсатында өз өкіміммен комиссия құрылып, мақсатында пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындарды мемлекеттік бағдарлама арқылы жұмыспен қамту, әлеуметтік жұмыс орындарын ашу, қоғамдық жұмыстарға тарту, «Бастау бизнес» жобасы арқылы жеңілдетілген несие, қайтарымсыз гранттар беру, оқу орнын жаңадан бітірген жастарды «Жастар практикасы» арқылы еңбекпен қамту шаралары  жоспарға сай  жүзеге асуда. Елді мекендерді  интернетке қосу бағытында белгілі операторлармен келіссөздер жүргізіліп, жыл соңына дейін арнайы бөлінген жерлерге базалалық станция орнату жоспарлануда. Сондай-ақ, жыл соңына дейін Бейнеткеш, Жаңажол елді мекендеріне ауыз су жүйесін жаңарту  жұмыстары жалғасын тауып, Ынтымақ елді мекеніндегі ауыз су жүйесі ағымдағы жөндеуден өтеді. Тағайна елді мекенінің 9 көшесіне электр желілері тартылып, трансформатор орнатылуда, ал Бәйтерек, Ақпейіл, Ақжол көшелері, Зағамбар елді мекеніндегі Түркістан көшелері жөндеуден өтеді. Зағамбар елді мекеніндегі орталық көшесіне аяқ жол салынып, Алғабас елді мекенінің 1,5 шақырымына, Бейнеткеш елді мекенінің 3,7 шақырымына түнгі жарық орнатылады. Бірінші Мамыр ауылдық округ әкімі аппараты ғимаратынан мемлекеттік қызмет көрсету жобалық кеңсесі іске қосылады. Тағайна елді мекенінен 200 орындықты мектеп құрылысы жүргізіліп, Бірінші Мамырда заманауи үлгідегі спорт кешені мен футбол алаңшасының құрылысы жүргізіледі. Жаңажолдан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде ФАП салынады. Жыл соңына дейін жаңа массивтерге тартылған инженерлік-коммуникация құрылысы аяқталады. 

Кездесудің күн тәртібіне сәйкес, «сұрақ-жауап» кезеңіне өтіп, тұрғындар өздерін толғандырған мәселелері бойынша сұрақтар қойды. Бейнеткеш елді мекенінің тұрғыны Қ.Әмірбеков ауылға екі бұлақ басынан су тартылса деген ұсынысын айтса, Зағамбар елді мекенінің тұрғыны Н.Омарбеков көшелерде жөндеу жұмыстары сапалы жүргізілгенін айта келе, көлік жылдамдығын тежеу үшін жол кедергілерін не болмаса жол белгілерін орнатуды өтінді. Алғабас елді мекенінің тұрғыны бас жоспарға өзгерістер енгізіп, тұрғын үй құрылысына арнап жер телімдерін бөлуді, ауыз су жүйесіндегі кейбір құрал-жабдықтардың тозығы жетіп, ауыстыруды қажет ететіндігін жеткізді.

Кездесу барысында аудан басшысы тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлері ескеріліп, көтерілген мәселелер кезеңімен шешімін табатынын айтты. Сондай-ақ, округ аумағына ірі инвестициялық жоба келіп отырғанын, халық қолдауына ие болса, округте балық шаруашылығы дамып, тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылып, бюджет түсімі арта түсер еді. Тұрғындарға аталған жоба тиімділігін түсіндірілді.

«Әкім бол, халқыңа жақын бол»
Спорт кешені бой көтеруде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу