«Әкім бол, халқыңа жақын бол»
Қазақта «әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз бекерге айтылмаған. Ақ жағалылар ішінде қара халықпен жұмыс істейтіндер – әкімдер. Әсіресе, аудан басшылары, ауылдық округтің әкімдері тікелей халықпен жұмыс жасайды. Олардың мұң-мұқтажын біліп, жоқ-жітігін түгендеп отыратындар да солар болуы тиіс. Бүгінгі заманда ел басқару оңай емес, көптің көңілінен шығу қиын.
Жұртшылық арасында «Әкім» сөзіндегі төрт әріп «әділдік, кішіпейілділік, іскерлік, мейірімділік» атты төрт ұғымды білдіреді деген пікір бар. Ауылдан облысқа дейінгі қолына билік тізгіні сеніп тапсырылған лауазым иелерінің бойларынан халық тап осындай тамаша қасиеттерді көргісі келетіндігі анық.
«Әкімдердің жұмысын нақты проблемаларды шешу нәтижелері бойынша бағалайтын боламын». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдер қызметіне осылай баға беретінін айтқан болатын. Мемлекет басшысы өзекті мәселелерді шешу жолында жаңа міндеттер қойды. Әсіресе, халықпен жақын болып, әлеуметтік желі арқылы олардың сұрақтарына жауап беруді міндеттеген еді. Яғни, ашықтық пен жариялылықты кеңінен насихаттап, жүйелі жұмыс жасауды тапсырды.
Президенттің тапсырмасына орай бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес, Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдады. Қабылдауға Ленгір қаласы, Бейбарыс көшесі тұрғындары атынан келген Шораев Талғатбек ақсақал балаларға арналған ойын алаңшасы қажеттігін айтып, оны көше бойынан не болмаса теміржол жол маңына жақын салмауды, ол үшін көше тұрғындары арнайы орын қарастырып, әкімдікке ұсыныс беруге келгенін айтты. Сондай-ақ, көше маңындағы мазарат жанынан табиғи газ құбырлары өткенін, қазіргі кезде ол апатты жағдайда екенін, құбыр орнатылған қадалар құлауға шақ тұрғанына шағымданды. Бұған қоса, көшеге жақын маңда орналасқан кремоторийдің 2017 жылы жабылды деген қорытындысы шыққанымен әлі күнге дейін жұмысын жалғастыруда дейді көше тұрғыны.
Аудан басшысы қала тұрғынының қабылдауда көтерген мәселелеріне қатысты балалар алаңшасының құрылысы жоспар бойынша 2023 жылы жүргізіліп, кішкентай бүлдіршіндерге заманауи талапқа сай қондырғылар орнатылып берілетінін жеткізді. Ал, құлауға шақ тұрған газ құбырлары аудандық "ҚазТранГаз Аймақ» меншігінде екенін, аталған мекемеге орын алған жайтты хабарлап, реттеу жұмыстарын жүргізуді талап ететіндігін түсіндірді. Жабылды деген қорытындысына қарамастан жұмыс жүргізіп отырған кремотийге қатысты тиісті салалық басқармаларға хат жолдап, ол бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін тапсырды.
Тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ асқасын аудан басшысы Ленгір қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерді жылу жүйесімен қамтып отырған қазандықтың жұмысымен танысты. Жылу қазандықтары сәуір айынан бастап «Ленгір су» МКМ –нің теңгеріміне өткен. Қазіргі кезде жылу жүйелерін жаңғырту жұмыстары кестеге сәйкес, жүйелі жүргізіліп, үш қазандықтың жай-күйін мамандар тексеруде.
Орталық жылу жүйесіне 1 мөлтек ауданда орналасқан көп қабатты тұрғын үйлер қосылған. Қазандық арқылы жылу жүйесіне 24 көпқабатты тұрғын үй қосылады. Орталық жылу жүйесінің тұтынатын отын түрі - табиғи газ. 2022-2023 жылғы жылу маусымы 15 қазанда басталады.
Жылу маусымында 3 дана қазандық жұмыс істеуі қажет болса, біреуіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Екі қазандық дизель отынымен де жұмыс жасауға арналған. Жылу қазандығында орталықтандырылған жарық сөнгенде электр энергиясын беретін генератор орнатылған. Қазіргі таңда сыртқы жылу желілерімен көп қабатты тұрғын үйлердің жертөлелеріндегі құбырлар мен насостар тексеріліп, істен шыққандары ауыстырылуда.