Жыл басынан бері 17 рет кездесу өткізді
Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бап, 1-тармағында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп көрсетіліп, барлық мемлекеттік құрылымдар ел игілігіне еңбек етуі тиіс делінген. Бүгінгі күні, билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы еліміздегі саяси ахуалға оң өзгеріс енгізуге мүмкіндік туып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен тұрақты кездесуі жөнінде тапсырма берген болатын. Жарлыққа сәйкес барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізіп, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етуі және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндіруге міндетті.
Президенттің тапсырмасына сәйкес Төле би ауданының әкімі Төлеген Телғараев жыл басынан бері ауылдық округтерде 17 ші рет кездесу өткізіп, жеке қабылдаулар жүргізіп, әр аптаның сейсенбі күндерін тұрғындардың өтініштерін тыңдап, ұсыныс-пікірлерін назарға алуға арнап жүр.
Мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешу үшін Қоғамдық кеңес, «Парасат» пікір-сайыс клуб мүшелерімен тұрақты кездесіп, ел жағдайынан хабардар болып отыр. Бұған қоса, әлеуметтік желідегі жеке парақшам арқылы түскен сұрақтарға жауап беріп, халықпен жедел кері байланыс орнатуға көңіл бөлуде.
Аталған бағыттағы жұмысты жалғастыру мақсатында аудан әкімі Қоғалы ауылдық округі халқымен өткен кездесуден кейін тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында округ халқы ауыз су, интернет желісі, жайылымдық жерлер мәселесін көтеріп, елді мекенге медицина пунктінің құрылысын жүргізу жөнінде өтініштерін жеткізді.
Аудан басшысы тұрғындардың сұранысы мен талап-тілектерін тыңдап, қойылған сұрақтарына жауап беріп, сала басшыларына тапсырмалар беріп, оның орындалуын өз бақылауында ұстайтынын жеткізді.