Ауылдықтар коммуналдық мәселелерді көтерді
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, Қазығұрт ауданының әкімі Арман Абдуллаев бекітілген кестеге сай Жігірген, С. Рақымов ауылдық округі тұрғындарымен кездесті. Алдымен Жігірген ауыл округіндегі мемлекет қаржысына салынып жатқан құрылыс нысандарын аралап көрді. Мердігер мекемелерге құрлысшылардың санын көбейтіп, дер кезінде аяқтап, құрлыстың сапасына мән беруді тапсырды.
Жігірген ауыл округінің халқымен кездесуді аудандық мәслихат хатшысы Өрісбай Көпеев ашып, аудан әкімінің халықпен кездесуінің күн тәртібін түсіндіріп, басқосудың мақсаты – біреу, өздеріңізбен кездесу, ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдау, сұрақтарыңызға жауап беру деп түсіндіріп өтті. Жігірген ауыл тұрғындары аудан әкіміне оң баға беріп, өз кезектерінде жол, ауыз су, электр бағаналарын ауыстыру, жайылым жер мәселелерін көтерді.
С. Рақымов ауыл округінің халқы да ауданда атқарылған жұмыстарға қанағаттарлық ықылас танытты. Бүгінгі есепті кездесулерде айтылған сын-ескертпелердің бәріне дерлік зерделеу жұмыстары жүргізілетін болады деді аудан басшысы. Кездесуден кейін Арман Айдарұлы округ тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Жеке қабылдауда тұрғындар ауыз су, жол жөндеу, көше атауларын ауыстыру туралы мәселелерін көтерді. Аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған өтініштер мен ұсыныс пікірлер аяқсыз қалмайтындығын алға тартып, жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар берді.