Түлкібаста астыққа орақ түсті
Түлкібастық шаруалар үшін биыл ауа-райы қолайлы болды. Көктемгі жаңбыр молынан жауып, егін бітік шықты. Шаруалар мемлекет тарапынан берілетін жанар жағар май мен тыңайтқыштарды жергілікті әкімдіктен дер кезінде алып, жерді құнартып күзгі жиын - терім кезінде мол өнімге қол жеткізіп отыр. Аудан таулы, сулы өңірде орналасқандықтан дәнді дақылдар, бау бақша, жеміс жидектерді өсіруге мүмкіндігі мол. Осыны білетін аудан шаруалары көктем мен күз мезгілдерінде әрбір күнді дұрыс пайдаланып, күн-түн демей адал еңбек етіп, нәпақасын жер анадан тауып жүр.
Осы мақсатта аудан әкімдігінің өкілдері Жаскешу ауылындағы «Елена К» өндірістік кооперативінің жұмысшыларымен егін орағы науқанында жолығып, жұмыстарымен танысып қайтты. Өндірістік кооператив басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты О.Көлбаев басқаратын ұжымда 37 мүше бар. Кооперативтің жер көлемі 124 гектарды құрайды, оның 100 га бидай, қалғанына жоңышқа егілген, егін науқанына қажетті техникамен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар техниканың тілін білетін мамандарда бар және егінді сақтайтын қоймада бар.
Сонымен қатар жұмысшыларға жұмыстан кейін еркін тынығуына арналған ас ішу, тынығу, жуыну бөлмелерде замануи үлгіде жасақталған. Өткен жылы ауа-райының қолайсыздығынан өнім өте төмен деңгейде жиналды. Биылғы өнім бойынша әр гектарынан 25-28 центнерден алып отырмыз. Алдағы күндері астықты толық орып, уақытылы жинап алуды көздеп отырмыз. Кооператив алдағы уақытта суғармалы жерлерді тиімді пайдаланып, бақша өнімдерін егуді жоспарлап отырмыз-дейді кооператив басшысы О.Көлбаев.
Мамандардың айтуынша жалпы Түркістан облысында биылғы егіс науқанына 12,2 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы тартылған. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан дала жұмыстарына 1 672 агроқұрылымға 5,3 млрд теңге несие берілген. Көктемгі егіс және дала жұмыстарын жүргізу үшін облыста төмендетілген бағамен 47,9 мың тонна дизель отыны бөлініп, босатылды. Облыста 475 түрлі минералды тыңайтқыш құнының 50%-ын субсидиялауға 6 млрд теңге қаржы бөлінген, 319 мың гектар егістік алқап тыңайтылады. Биыл облыста мал басының артуына байланысты қысқа 4,1 млн тонна мал азығының қажеттілігі айтылуда. Бұл орайда бүгінде 0,5 млн тонна мал азығы дайындалды. Егілген егіс көлемінен 645 мың тонна мал азығын жинау көзделуде.
Айта кетелік, өңірде егістік алқап басынан сығымдалған табиғи шөптер бумасы 350-400, жоңышқа 500-700 теңге аралығында сатылып жатыр. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ арқылы облысқа бөлінген 34,4 мың тонна бидайдан алынатын 9,3 мың тонна кебек агроқұрылымдарға арзандатылған бағамен, яғни килосы 65 теңгеден сатылуда. Бүгінде 334 агроқұрылымға 540 тонна кебек босатылған.