Мал азығынан тапшылық болмайды

Oinet.kz 28-07-2022 226

Screenshot_12.png

«Қыстың қамын жаз ойла» демекші, төрт түліктің бабын тауып, қақаған қыстан аман өткізу үшін осы бастан жем-шөпті жетерліктей дайындау керек екені бәрімізге белгілі.

Түркістан облысы, Ордабасы ауданының шаруалары алдағы қыста жем-шөптен таршылық көрмейді. Бөген ауылдық округіндегі  "Мұрат" шаруа қожалығы биыл 35 гектар суармалы алқаптың 30 гектарына мақта, қалған бөлігіне жоңышқа мен дәнді дақыл еккен. 

Шаруашылық басқарушысы Роман Мәдібектің айтуынша биылға жүгері дақылынан гектарына 200 цн алу көзделген. Шаруалар жоңышқаның әр орымынан (1га) 200 мың теңгеден астам пайда беретінін, дәнді дақылдың биылғы түсімінің де табысты болатынын болжады. 

«Ағын судың былтырмен салыстырғанда уақытылы берілуі, табиғаттың шаруаларға жайлы болуы өнім көлемінің артуына сеп болды», дейді қожалық иесі.

Еліміздің күнгей өлкесінде жүгері дақылы негізгі бағалы мал азығының бірі болып саналады. Сондай-ақ, ол бірден-бір топырақ құнарлылығын қалпына келтіріп, оның физикалық қасиетін жақсартатын дәнді дақыл.

Айта кетерлігі, биыл аудан бойынша 318 000 тонна мал азығын  жинау жоспарланған. Қазіргі таңда 221 400 тонна (69 пайыз) жем-шөп жиналды. Оның ішінде  20 400 тонна сабан, 8 400 тонна пішендеме, 91 200 тонна табиғи шөп, 101 400 тонна жоңышқа алынған.

Алдағы тамыз, қыркүйек айларында жоңышқа дақылының 3-4 орымы басталып, сүрлемдік жүгері және сабан жиналса, жоспар межеден артық орындалмақ.

Жалпы Ордабасы ауданында мал азығы жеткілікті деңгейде. Аудан әкімінің бастамасымен әрбір ауыл округтерінде мал азығын жинау бекеттері ашылған. Ол жерге жем-шөп қоры жиналады. Осы қор арқылы қыста әлеуметтік аз қамтылған, мал азығын жинауға шамасы жоқ, ер-азаматтары жоқ отбасыларға жем-шөп беріледі. 

Кәсіпкерлердің құқығы тапталмайды
Ордабасылықтар Омарбековке өтініш айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу