Төлеби ауданында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде
Төлеби ауданының әкімі Төлеген Тұрғараев Қаратөбе ауылдық округіне іс-сапармен барып, жаңа массивтерге жүргізіліп инженерлік коммуникация жүйелерінің құрылысымен танысты.
Қаратөбе ауылдық округі - тау баурайында орналасқан, аудан орталығынан шалғай жатқан аумақ. Құрамында - Балдыберек, Қаратөбе, Қостөбе, Майбұлақ, Төңкеріс ауылдары бар. Округ халқының саны артуына байланысты, тұрғын үйлерге жер телімдерін бөлу мақсатында бас жоспарға сәйкес белгіленген жерге инженерлік коммуникация жүйелері тартылуда.
Елді мекеннен 302 отбасына жер телімдері беріледі. Бүгінгі күні жаңа массивтерге ауыз су, электр жүйелері тартылды. Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме "Ақмешіт Мелиоратор" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, 21 шақырым 700 метр су құбырлары, 90 дана құдық орнатты. Сондай-ақ, электр жүйелерін мердігер мекеме "А.Мерей и К" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, 559 электр бағаналары мен 347 электр шамдарын орнатып, 20.0 шақырым электр желілерін тартып, 7 дана КТПН қойды.
Аудан басшысы жаңа массивтерге жүргізілген инфрақұрылым жүйелерімен танысып, оның сапасына қатысты мердігер мекеме мен тиісті бөлім басшылары ескертулер айтып, құрылыс жұмыстарының жобада көрсетілген мерзімде аякталуын талап ете отырып, тапсырма берді.
Бұдан соң әкім Аққұм ауылдық округіне қарасты Ащы көшесіндегі орта жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Аталған көшенің 1 шақырым 17 метріне асфальт төсеу ісін "Бірлік" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізсе, оның техникалық сапасын "Мир строй и компания" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қадағалауда.
Айта кетерлігі, Ащы көшесінің тұрғындары жеке қабылдауға келіп, асфальт төсеу қажеттігі жөнінде өтініштерін айтқан болатын. Аудан басшысы халықтың жай-күйін ескере отырып, сала мамандарына арнайы тапсырма берді. Зерделеу нәтижесінде аталған көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізу қажеттігі анықталып, оның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылды. Құрылыс жұмыстарына облыстық бюджеттен қаржы қаралып, асфальт төсеу ісі қарқынды жүргізілуде.
Төлеби ауданының әкімі Қасқасу ауылдық округіне қарасты Керегетас елді мекеніндегі ауыз су құбыры құрылысының барысымен танысты. Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме "Ақмешіт Мелиоратор" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде.
Бүгінгі күні елді мекенге 27 шақырым су құбыры тартылып,110 дана құдық орнатылып, көлемі 150 текше метрді құрайтын 2 резервуар қойылды. "Жаңғақты" бұлағы басынан су аққы тартылуда. Құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған жағдайда Керегетас және Қасқасу елді мекендерінің 140 абонент ауыз сумен қамтылатын болады.
Аудан басшысы іс-сапар барысында Нысанбек елді мекеніндегі сумен жабдықтау жүйесіндегі құрылыс жұмыстарының барысымен де танысты. Нысанда "СтройЖолСервис KZ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 150 текше метрден екі резервуар орнатып, тау бөктеріндегі "Қайнар" бұлағынан құбырлар жүргізді. Бұлақ басынан 130 диаметрлі ауыз су құбырынан 90 куб метр су келеді деп жоспарлануда. Нәтижесінде, 144 абонент тіршілік нәріне қол жеткізеді.
Барлық сумен жабдықтау жүйесіне сыртқы қоршаулар салынып, бактерицидтік қондырғылар орнатылып, орналасқан аймағында түнгі жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса, аталған аймақты күзететін қызметкердің жұмыс орны салынуда. Мердігер мекемелер қосымша резервуар айналасын бетондап, жолды тегістеп, асфальт төсеу қажеттігін ескере отырып, жұмыс жүргізуде.
Ауыз су – барлық ресурстардың ішіндегі ең маңыздысы, адамзат тіршілігінің бастауы. Ауданның географиялық орналасуы, табиғи-шаруашылық ерекшеліктеріне байланысты тіршілік нәрі үнемі қадағалауда ұстауды қажет етеді. Қазіргі кезде, аудан аумағындағы бұлақ көздері мен жерасты су ресурстарына зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған мәселені түбегейлі шешу үшін аудан әкімдігі қолдағы бар мүмкіндікті пайдалана отырып, мамандармен күні-түні еңбек етуде.