Шымкентте тағы бір кәсіпорын ашылмақ
Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында тағы бір жаңа кәсіпорын ашылмақ. Жаңа жоба инвестициялық штаб отырысында таныстырылып, негізгі мәселелері талқыланды. «Тараз-INTERSERCO» ЖШС ақ киім шығаруды қолға алды. Ол үшін арнайы аймақтан 1 гектар жер берілді.
Инвестициялық жобаның құны - 400 млн теңге. Жылына 150 мың аяқ киім тігуді жоспарлап отыр. Шығарылған өнім толығымен ішкі нарықты қамтитын болады. Кәсіпорын іске қосылған сәтте 60 адамды жұмыспен қамтымақ. Бүгінгі таңда инвестор тарапынан барлық қажетті құрал-жабдықтар алынған. Вьетнамдық кәсіпкерлермен серіктестік орнату, құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.Штабта жер мен инфрақұрылым, экономикалық аймақтың жеңілдіктерін ұйымдастыру тұрғысында мемлекеттік қолдау көрсетілетін болып шешім қабылданды.
Жиында сондай-ақ құрылыста маңызды болып табылатын газоблок өндірісін ашу туралы жобаны «Асыл Өркен Құрылыс» ЖШС ұсынды. Тәулігіне 60 текше газоблок шығаратын кәсіпорынды іске қосу үшін 0,5 гектар жер сұрап отыр. Қала әкімі «Жұлдыз» индустриалды аймағынан жер қарастыру бойынша сала басшысына ұсыныс беруін тапсырды.
Жиынды қорытындылаған шаһар басшысы штабқа ұсынылатын әрбір жобаның өзіндік ерекшелігі мен тиімділігіне мән беруді жүктеді. Сала жетекшілеріне инвестиция тарту мәселесіндегі түйткілдерді зерделеп, хаттамалық негізде бақылауға алуды тапсырды.