Темірландағы судың тасқыны шудың тасқынына ұласып жүрмесін!

Oinet.kz 22-03-2019 1279

Screenshot_23.jpg

Темірландағы табиғи апат  орын алғалы жарты жылдың жүзі өтті. Су тасқынынан қираған сол баяғы үйлер, опырылған қора-қопсы. Құдды бір уақыт тоқтап қалғандай әсер қалдырады. Айтып келмейтін апаттың алғашқы күндерінен-ақ билік өкілдері жапа шеккендерге жан-жақты жәрдем берілетіні жайлы уәделерін үйіп төккен болатын. Бірақ... Ордабасы ауданының  орталығына арнайы іссапармен барғанымызда атқамінерлердің үйіп-төккен уәдесінде шикіліктің көптігін көзбен көріп қайттық. Бұған дейін Отырар, Сарыағаш аудандарында тасқын судан зардап шегіп, баспанасынан айырылғандарға мемлекет жаңа үй салып берсе, ал темірландықтарға ақшалай өтемақы берілмек. Өкінішке қарай зақым келген баспананың құны күткендегіден  төмен бағалануы, әрі өтемақының қолға тиюі тым кешеуілдеп кетуі бүгінде жанжалдың жалынын күшейтіп тұр. Топан судың тауқыметіне ұшыраған үш жүзге жуық отбасы енді не істерін білмей, әрі-сәрі күй кешуде. Әне-міне дегенше күз де таяп қалды. Енді құрылыс жұмыстарын бастап, баспана соғып үлгеру қиын-ақ.  

Тасқын судан маңдайы тасқа соғылған күй кешкендердің  бірі Ордабасы ауданының құрметті азаматы Орынбай Қортайұлы. Жергілікті атқарушы биліктегілер  көмек ретінде берген палаткада өмір сүрмек түгілі жай отыру мүмкін емес. Күн қызғанда іші моншадан бетер ыстық. Амалсыздан қария құлағалы тұрған үйінің бір бөлігіне жайғасқан. Кез-келген сәтте құлағалы тұрған үйдің қабырғасы  опырылып түсуі мүмкін. Бұдан басқа бас сауғалайтын жер таппаған Орынбай Қортайұлының тасқын ұрған баспанасы 1981 жылы салыныпты. Төрт бөлмелі үйде әлі талай жыл өмір сүруге әбден болар еді. Бір кездері ұжымшардың күшімен тұрғызылған баспананың сапасы да жоғары болатын.  Алайда, мемлекеттік комиссияның өкілдері тұрғын үйді 1,9 миллион теңгеге бағалағанын естігенде ақсақал жағасын ұстады. 

- Қара нарықта менің үйім шамамен 40 мың долларға бағаланатын. Баспананың осыдан 30 жыл бұрын тұрғызылғаны менің сорыма  айналды.  Үй ескі болған сайын құны да төмендей береді екен ғой. 1,9 миллион теңгеңіз 13 мың долларға тең. Ол ақшаға қазір не істей аласың?  «Времянка» сатып алуға да жетер-жетес қаражат қой.  Тұрғын үйден бөлек 100 қой, 10 қара мал сиятын қора-қопсым бар еді. Мен оны сұрамаймын, іздемеймін.  Бар сұрайтыным - мемлекет не дұрыстап үй салып берсін, болмаса үй сатып алуға жететін қаражат берсін, -- деп налиды ақсақал.  

 Апаттың азабын тартқан отбасылардың бірі Жақшановтар отбасы. 10 адамнан құралған отбасы қазір шағын шатырда тұрып жатыр. Олардың  қираған баспанасын арнайы  комиссиядағылар 2,5 миллион теңгеге бағалапты. Отағасы Садық Жақшанов бұған да шүкіршілік дейді.  

- Жұбайым мен келінім күміс алқа иелері. Алты бала-шағамен палаткада тұрып жатқанымызға бес айдан асты. Тамызда  күн суытады дейді. Шенеуніктерге сеніп жүре берсек қыс түсетін түрі бар. Сонда далада қаламыз ба? Азды-көпті қаражат кешіктірілмей берілсе үйді өзіміз тұрғызып алар едік. Оны да уақытылы бермегені жағдайымызды қиындатып жіберді.   Мәселемізді қағазға түсіріп, облыс әкімінің атына жібергенбіз, - дейді Садық ақсақал. 

 --Кезінде үйімді 50 мың долларға сұраған, бермедім.  Енді сол үйді 2 миллион 600 мың теңгеге бағалапты. Қайсыбір жылдары көршілес аудандардағы  Маяқұм, Қызыләскер  елді мекендерін су шайып кеткенде де мемлекет жапа шеккендерге өз есебінен жаңа баспана тұрғызып берді. Ал бізге келгенде  аз мөлшерде өтемақы берумен шектелді. Мұның сыры мен үшін түсініксіз».-- Апатқа ұшыраған ауыл тұрғындарының бірі Данияр Рысбекұлы осылайша ойын ашынып айтты. 

 Ал  Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Құрманбековтың айтуынша, мемлекет тарапынан өтемақының берілуі  халықтың қалауы екен.  

- 2008 жылғы су тасқынынан соң Темірландағы бірталай үйге «капремонт» жасалған, - деп түсіндірді Б.Құрманбеков. - Кейбір үйлерде жөндеу жұмыстары сол жолы сапасыз жүргізіліп, сонда көпшілік тарапынан «бізге капремонт қажет жоқ, қаражатты беріңіз, үйімізді өзіміз жөндеп аламыз» деген пікірлер жиі айтылды. Сондықтан, бұл жолы облыстық штабтың шешімімен және халықтың қалауы бойынша өтемақы берілетін болды.

- Өтемақы көлемімен келіспеушілігін білдіріп жатқандардың саны аз емес.  

- Дұрыс,мұндай күрделі мәселе бар. Баспананы бағалаумен тәуелсіз бағалаушылар шұғылданды. Олар ең әуелі үйдің құрылыс материалдарының жағдайына қарады. Айта кету керек, көптеген үйлер ескі, саманнан салынған. Бірқатарының  еденіне тек  топырақ төселе салған. Міне, осындай жайттардың барлығы заңға сәйкес тәсілмен ескеріліп, есептелді. Жақсы өтемақы алатын үйлер де бар. Айталық, күйдірілген кірпіштен тұрғызылған, евроремонт жасалған үйлердің иелері 5-6 миллион теңгеден өтемақы  алады.  

Атқарушы биліктің ақылға қонбайтын тірліктеріне ашынған темірландықтардың  тіпті ереуілге де шығып, әкімдіктің алдына жиналғанына көп бола қойған жоқ. Алайда жергілікті билік өкілдері қаржы бөлуге келгенде қауқарсыздығын алға тартып, жауапкершілікті үкіметтегілерге сілтеп зорға құтылған. Оның үстіне, ақша аударымы қызметі үшін «Қазпочта» акционерлік қоғамы жапа шеккендерге тиесілі қаржының 0,7 пайызын ұстап қалатыны көпшіліктің ренішін туғызғаны рас. «Онсыз да басымызға күн туғанда «Қазпочтаның» мұнысы несі? Беретін өтемақысы анау, бұл азын-аулақ ақшадан өз үлесін жырып алудан ұялмай ма?» десті жұрт. Аудандық почта байланысы торабының бастығы Әлімхан Әбдіқадыров болса «әдетте біз қызметіміз үшін 1 пайыз ұстаймыз. Көмегіміз сол, бұл соманы  0,7 пайызға  түсірдік. Бұдан артық қандай жеңілдік керек?» деп марқайды. 

Елдің жанайқайы ертеңгі күні қаншалықты оңды шешімін табатынын әкімқаралардың  өздері тап басып айта алмады. Соңғы дерекке жүгінсек, әзірше өтемақы ретінде «Қазпочтаның» есеп-шотына    58 тұрғын үй иесіне тиесілі 112 миллион теңге аударылған.  Қалғандарының қаржысы қай кезде  берілетіні белгісіз. Қашанға дейін?Әйтеуір судың тасқыны шудың тасқынына ұласып кетпесе болғаны...

Мұрағаттан, 26.08.2012 ж

Жетісайдың жаңбыры
ХҚТУ - өзін мойындатқан оқу орны
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу