Ордабасы: Шаруалар шетелдік әдістің тиімділігін көріп отыр
Ордабасыда ауыл шаруашылығы саласында тамшылатып суару әдісі тиімділігін танытып отыр. Соңғы уақытта өңірде осы технологияны кеңінен пайдалану шаралары қарастырылып жүр.
Тамшылатып суару әдісі өткен жылы аудандағы 760 гектар жерге енгізіліп, жалпы 1787 гектарды құрады. Оның ішінде, жеміс-жидекке – 620 га, бақшаға – 317га, көкөніс – 501га, мақтаға – 349 га тамшылатып суару жүйесі қолданылды.
Бұл технологияның тиімділігі – ағын су 2 есеге дейін үнемделіп, дақылдарға қажетті минералды тықайытқыштар агротехникалық талаптарға сай шығынсыз беріліп, егілген дақылдан алынатын өнім көлемі 1,5 есеге дейін артады.
Осы тұрғыда ауданда егілетін ауылшаруашылық дақылдарынының шығынымен табысына арнайы мониторинг жұмыстары жүргізілді.
Мәселен, 1 га бидайдан 22 цн өнім алған жағдайда орташа табысы 132 мың теңгені құрайды. Ал кететін шығыны 63 мың теңгені құраса (жер айдауына 21 мың теңге, тұқымына 19 мың теңге, тыңайтқышта алуға 15 мың теңге, өнім жинауға 11 мың теңге) пайдасы 69 мың теңге.
Тамшылатып суару – өсімдіктің тікелей тамырлық зонасына құбырлар, түтіктер, эмиттер көмегімен суды баяу тамшылату арқылы суаруға мүмкіндік теретін тәсіл. Сонымен қатар, оны тыңайтқыштарды үнемдейтін ерекше суару түрі деп те атайды.