Сайрам: Базарлар қайта жұмыс істей бастайды
Карантин режимі жеңілдетіліп, көптеген кәсіпорындар, базарлар қайта іске қосылған. Сайрамдық саудагерлер де енді өз кәсіптерін жалғастыратынына марқайып отыр.
Түркістан облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің N33 қаулысына сәйкес Сайрам ауданындағы киім-кешек сататын ашық және жабық базарлары мен сауда орталықтары өз жұмысын бастады.
Аудандағы барлық 11 базардың 8-і күндізгі 10:00 - 19:00 аралығында ашық. Ал қалған екі мал базары мен бір автокөлік базары әзірге ашылмайды.
Ескере кететін бір жайт, жаңа қаулыға сәйкес, жұмысын бастаған барлық сауда нүктелері InfoKazakhstan сайтына бірінші болып тіркелді. Бүгінде Сайрам ауданы бойынша 1400-ге жуық кәсіпкер бұл сайтқа тікеліп үлгерді.
Олардың қатарында дүкендер, шаштараздар, косметикалық қызмет көрсететін нысандар мен медициналық орталықтар, бассейні жоқ фитнес орталықтары, монша, сауналар өз жұмысын N33 қаулыға сәйкес бастады.
Ал түнгі уақытта жұмыс істейтін орталық "Иман" көтерме сауда базары таңғы 5:00 мен күндізгі 11:00-ге дейінгі уақыт аралығында ашылады.
Барлық кәсіпкерлік нысандар 1 кісіге 4 шаршы метрден аспайтын адам қабылдап, қызмет түрлеріне алдын ала жазылу бойынша жұмыс жүргізетін болады. Ал сенбі-жексенбі күні бәрі жабылады. Бұл себепсіз адам шоғырын болдырмау мақсатында жүргізілетін сақтық шаралары.
Қоғамдық орындарда ауданның әрбір тұрғыны маскалық режимді сақтауы және қолын антисептикпен дезинфекциялап жүргені абзал.