Шардара: «Қазақ үні» – қазақ ұлтының үні!

Oinet.kz 14-08-2020 572

image.png

Өнер және шығармашылық бірлестігіне Қазыбек Исаның атын бергеніміз де ортамыздан шыққан оғланымызға деген құрметіміз болар.

«Қазақ үніне» 20 жыл! Сонау бір үшінші мыңжылдықтың басында күдік аралас үмітпен Алматы асқан Қазыбек Иса Жарылқасынұлы әуелгі баста «Жас қазақ үні» деген атпен елге таратып бастаған газеті, келе-келе республика көлемінде қанатын жайып, қадамын нық басқан басалқалы басылымға айналғанына бүгін міне, аттай жиырма жыл толыпты.

Иә, жиырма жыл деген айтуға оңай болғанмен, осы жылдар бедерінде халық арасында ақиқаттың айқын жолынан айнымағанының арқасында абырой жинай білу, өсек-аяң іздемей өрелі елдің өнегесін өрбіте білу, тілім-тілім болған тілімізге жанашырлық таныту, рухсыздықтан ұлтсыздыққа ұшырап бара жатқан ұрпақ болашағына алаңдаушылық таныту – басылымның басты мақсаты, ұлағатты ұстанымы болды. Қызыл империяның қитұрқы саясатының салдарынан «халық жауы» атанған Алаш арыстарының қалың бұқарамен қайта қауышуында да «Қазақ үні» аз еңбек сіңірген жоқ.

«Ер туған жеріне» деген сөз бар халқымызда. Сол айтқандай басылым басшысы Қазыбек Иса бауырымыз қайда жүрсе де, өзінің шағалалы Шардарасын бір сәт есінен шығарған емес. «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпастың» керін келтіріп, шамалы ауызға іліне бастағаннан елін танымай кететін есерден, жеріне тағзым етпейтін жетесізден сақтасын құдай! Шардара ауданындағы өнер және шығармашылық жолдағы жүрген жандардың бірлестігіне Қазыбек Исаның атын бергеніміз де өз ортамыздан шыққан оғланымызға деген құрметіміз болар. Содан бері де жеті жыл уақыт өтіпті-ау!

Бірлестік мүшелерінің талайының өлең-жырлары «Қазақ үні» газетінің айқарма бетіне қаншама рет жарияланды да. Поэзия әлеміне енді-енді қанат қаға бастаған қарлығаштарымыз тырнақалды туындыларын «Шартарап – шарайнада» түлетіп, «Қазақ үнінен» төрткүл дүниеге шарықтатады. Екі басылым – егіз қозыдай бағыты да бірдей, бағдары да бірдей.

«Қазақ үні» – қазақ ұлтының үні, қазақ халқының ділі, қазақ ұлтының тілі. Айтар ойын күлбілтелемей кесіп айтатын кесек мінезді басылым. Ендеше, қазіргідей қарама-қайшылыққа толы қоғамда күллі Алаш жұртының жүрегінің төрінен орын алған «Қазақ үні» газетінің жарық көргеніне 20 жыл толу мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз.

Ізгі ниетпен,
Шағалалы шардаралықтардың атынан «Шартарап-шарайналықтар».

Шардарада мұқтаж отбасыларға азық-түлік үлестірілді
Шардара: Белсенді жастардың еңбегі ескерілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу