Шымкенттің мектептерінде айқай-шу өршіп тұр

Oinet.kz 29-04-2010 1126

Без названия.jpg

Мақтаарал, Шардара аудандарының білім саласын былық-шылыққа батырып халықты әбден шулатқаннан кейін қызметтен кеткен Байдалы Сламбеков қазір Шымкент қаласындағы №52 орта мектептің директоры ретінде де басқарып отырған ұжымының ынтымағын, ауызбіршілігін сақтай алмай айтыс-тартыстың ошағына айналдырып отыр. Оның бұл білім ошағына жаңа басшы болуы,  директорлық  қызметті атқаруы Шымкент қалалық білім бөлімін Жанат Тәжиева басшылық жасап отырған кезбен  сәйкес келуі біраз жайтты аңғартады. Тәжиеваның командасына кадрларды іріктегенде қандай тәжірибесін ескеретініне  қарап өзінің де болмыс-бітімін, бет-бейнесін, нендей принцип ұстанатынын ұғуға болмай ма? Мектеп – білім ордасы ма, арыз ошағы ма? Осы сауалды алған тартқан Шымкент қаласындағы №52  орта мектептің бірнеше ұстаздарының өз басшылары, яғни мектеп директорымен дауласып, ортақ келісімге келе алмай жүргендеріне біраз уақыт болды. Дау-дамайдың ушыққаны соншалық, бірқатар басылым беттерінде де жарық көрді. 1300 оқушыға арналған мектепте 2600 оқушы үш ауысыммен оқитынына қарамастан шағын орталық ашылып, үш кабинет осы орталықтың қызметіне көшірілген. Осының салдарынан оқу процесі бұзылып, кабинетінен айырылған үш-төрт сынып оқушылары біріктіріліп, мәжіліс залында сабақ өткенге ұқсайды. Бұдан да басқа түсініспеушіліктер көбейіп кетсе керек, бірнеше ұстаз жан-жаққа арыз жаудыртады. Директор да қасарысып тұрып алады. Алғашында қалалық білім бөлімі бастығының, екінші рет, тіпті, қала әкімі орынбасарының қатысуымен ұжымды бірлікке шақыруынан нәтиже шықпады. Осындай ушыққан дауға арашаға түспей, тікелей бағынышты қызметкерлерін тәртіпке сала алмай отырған Шымкент қалалық білім бөлімінің бастығы Жанат Тәжиеваның оған ескертуден басқа шара қолданбайтын шарасыздықтан аса алмауы қашанға дейін созылатынын кім білсін...  

    Жо-жоқ, Жанат Тәжиева қармағындағы мектеп директорларын тәртіпке шақыра алады екен. Бірақ, дауы ушыққан ұжымның емес, бірлігінің арқасында тірлігін дөңгелетіп келе жатқан мектеп директорларын. Биылғы 25 наурызда Ж.Тәжиеваның тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрығы шығып, бірнеше мектеп директорларына «ескерту» береді. Шымкент қаласындағы аудандық прокуратуралардың ұсынысы негізінде. Бірақ, жазаға іліккен директорлардың басым бөлігі бұл ескертумен келіскілері келмейтінін жасырмайды. Неге? Олардың прокуратура тарапынан анықтаған айыбы біркелкі – асхананың жалға берілген аумағын кемітіп көрсету арқылы қаржылық құқық бұзушылыққа жол берген. Қаладағы мектеп асханаларының барлығын жеке кәсіпкерлер жалға алып, жұмыс істеуде. Алайда, олармен келісім-шартқа отырған мектеп дирекциясы емес, қалалық экономика және қаржы бөлімі. Себебі, мектеп ғимараттарының заңды егесі қалалық әкімдік болып табылады, яғни директорлар ғимаратқа қатысты өз бетінше ешқандай әрекетке бара алмайды деген сөз. Сайып келгенде «қара тізімге» іліккен директорлар «екі түйе сүйкенсе арасында шыбын өледінің» күйін кешіп отырған сыңайлы. Әйтпесе, неліктен келісімге тікелей отырған экономика және қаржы бөлімі жазадан айналып өтеді де жанама ғана қатысы бар мектеп басшылары «соққы алады». Ал қарамағындағы қызметкерлеріне араша түсіп, ақ-қарасына көз жеткізу орнына жығылғанға жұдырық түйген білім бөлімінің  басшысы Жанат Арысбекқызы ескерту беру жөнінде бұрқыратып бұйрық шығарады. Прокуратура бұл құқық бұзушылықты анықтанғанша ол мұны білмегені ме, әлде білсе де олқылықтың орын алғанынына бақай есеппен көз жұмып қарап келгені ме? Бірақ, неге екені белгісіз «ескерту» алған директорларға бұл «жаңалықты» естіртуге келгенде асықпайды. Директорлардың дені наурыздың 25-күні шыққан бұйрықпен сәуірдің 17-іне бір-ақ танысады. Бұл кешіктірілудің сыры  сүрінгенге сүйеу болу емес, жығылғанды жарға итере түскен әрекетке ұқсамай ма? Жалпы асхана мәселесіне келгенде тұманға тұмшаланғандай тірлік аз болмай тұр. Барлық мектеп асханаларына қатысты келісім-шартқа жеке кәсіпкерлермен қалалық экономика және қаржы бөлімі отырған. «Демек, жоғарыда айтылғандай кемшілік барлық мектепте болуы мүмкін ғой, ендеше неліктен тәртіптік жазаға санаулы ғана директорлар ілігеді» деген сауал дәл қазір маңдайы тасқа тиген мектеп басшыларының ойынан кетпей жүрген болар, бәлкім. 

Мемлекет басшысының биылығы халыққа арнаған Жолдауына сәйкес  Шымкент қаласындағы 30 шақты мектепке шағын орталық ашу міндеттелсе, олардың барлығының да басынан кешіп отырған күйлері бір-біріне ұқсас. Жоғарыдан тапсырма келсе «Жаппарқұлда жан бар ма?». Тапсырма алған директорлар шамасы келсін, келмесін шағын орталық ашуға кіріседі. Алайда, қолда шағын орталық қажеттілігі үшін деп бөлінген бір тиын да қаражат жоқ. Не істеу керек? Тағы да алақан жаю, демеушілерді жағалау, түлектерге қолқа салу... Бір мектептер арнайы акция өткізіп, қажетті құрал-жабдықтар, ыдыс-аяқ, ойыншықтар, кілем секілді қажеттіліктердің басын құрады. Әрине, су жаңалары қайдан болсын, ескілерін де іске жаратуға тура келді. Балалар ойнайтын ойыншықтар да «б.у». Өз үйінен диван-кресло әкелген мектеп басшылары да кездеседі. Оқу-дидактикалық құралдарды табу тікелей тәрбиешілердің міндеті ұқсап қалды. Олардың дүкендегі құны да арзан емес. Сатып алуға мәжбүр болды. Мұндай алақан жаю, «жылу» жинау мектеп абыройына кері әсер ететінін түсіну қиын емес. Бірақ, тапсырма орындалмаса ол таяқ болып тиері сөзсіз. Шындап келгенде мектептерде «жылудың» жиналуына облыс басшысы тарапынан да тыйым салынды емес пе? «Жылу» жинаған мектеп директор қызметі кететіні ескертілген. Білім ордаларын осындай абыройсыздыққа, заңсыздыққа өз қолымен итермелеген білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева осы игі іс үшін қаралған қаражатты заңды түрде таратуға келгенде еш асығар емес. Әне өтеді, міне өтеді деген тендердің ұйымдастырылу уақыты бүгінге дейін созылумен келеді.     Жоғарыда аталған 30 шақты мектеп өз мүмкіндіктеріне қарай толық және жарты күн болатын орталықтар ашты. Мұның ішіндегі 3-4 мектептен өзгесінің барлығы жарты күндік орталықты ашудан әріге аса алмады. Себебі, мүмкіндік шектеулі. Мәселен, №25 Т.Рысқұлов атындағы орта мектеп асханасында бүлдіршіндерге арналған стол, орындықтар жоқ. Киім ілгіш, шкаф, ойыншықтар жеткіліксіз. Ә.Науаи атындағы орта мектепте бұрнағы жылдары ұзартылған дайындық топтары жұмыс істегенінің арқасында орталық ашу оншалықты қиынға соқпады. Ескі болса да бүлдіршіндер ұйықтайтын кереуеттер қоймада сақтаулы болатын. Соны пайдаланды. Төсек-орындармен ата-аналардың өздері қамтамасыз етті. Оларды жууды да мектеп мойнына алған. Алайда, барлық құрал-жабдықтарды демеушілерден, түлектерден жалынғандай болып жүріп жинағандарын жасырмайды. Бір сөзбен айтқанда Тәжиеваның тапсырмасымен тәжірибеге енгізілген шала  жоба демеушілердің арқасында ғана жұмыс істеп келеді. Орталық үшін, біріншіден, арнайы бөлмелер қажет болса, екінішіден, құрал-жабдықтар, оқу құралдары жеткілікті болуы тиіс. Бүлдіршіндерді тамақтандыру, ұйықтату талаптары, жазғы ойын алаңымен, бассеинмен, душпен қамтамасыз ету секілді дүниелер өз алдына бөлек әңгіме. 

Ел арасында мұндай шала жобаны енгізу тәжірибесіздіктен туындаған деген әңгіме гулеп, Тәжиеваның қалалық білім бөлімінің тізгінін қолға алғанға дейін ұжым басқарып көрмегенін алға тартады. Биографиясы онша «бай емес» Жанат Арысбекқызы қалалық білім бөліміне басшылыққа келгенге дейін бірнеше мектептерде мұғалім, директордың орынбасары, облыстық білім басқармасының бас маманы қызметтерін атқарған. Бар болғаны осы. Сондай-ақ, қаланың бас педагогының қарапайым этикаға, мемлекеттік қызметкерге тән ар-намыс кодексін сақтай бермейтіні жөнінде де гу-гу әңгіме көп. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды. Бәлкім рас та болар. Әйтпесе, Жанат Арысбекқызы  әдетке айналдырған «вор в законе» деген сөзін жиі пайдаланатыны жөніндегі қаңқу сөз шықпайтын еді ғой. Ал біздің түсінігімізше «вор в законе» деген қылмыс әлемінің «авторитетіне» қатысты айтылатын болса керек. Демек, қаланың бас педагогының осынысы рас болса онда  қандай мекемені басқарып отырғаны? Білім ордасын ба, әлде..? 

Елбасының «Балапан» бағдарламасы көпшіліктің көңілінен шыққаны сөзсіз. Алайда, бағдарламаның шымкентшелеп орындалуы ұстаздар қауымына үлкен салмақ салғанына мектепті аралаған адамның анық аңғарары сөзсіз. Республика бойынша мектепті ең көп қажет ететін, оқушылары қысылып-қымтырылып отырған облыс орталығындағы мына бастаманың қаншалықты өміршеңдігін уақыттың өзі көрсетіп берер. Ал орталықты ашып алып, оған ұзақ уақыттан бері қаржы бөлмей отыруы өмірге бала әкеліп, емізбей қойған, нәрестесін өзгенің омырауына жәутеңдетіп қойған мейірімсіз ананың тірлігіне ұқсас дүние болып отырғаны қынжылтады. Әлін білмей әлек болғысы келмеді ме, әйтеуір өзге облыс-қалалардың білім саласының басшылары мұндай қадамға баруға әзірге асығар емес. Сонда Шымкент қаласындағы білім саласының айқай-шудан, айтыс-тартыстан көз ашпай келе жатқаны Тәжиеваның тәжірибесіздігінен бе, әлде әуел бастан-ақ әділетсіздікке әуес болғандығы ма?

Шадияр Молдабек,

«Заң» «Алаш айнасы» газетерінің меншікті тілшісі

Дендросаябақтың сәні кіріп келеді
Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрт та ма, әлде Араратта ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу