Дендросаябақтың сәні кіріп келеді

Oinet.kz 09-10-2009 1095

Screenshot_24.jpg

Негізі 1979 жылы қаланған Шымкент дендрологиялық саябағын оңтүстіктің орны бөлек мақтанышы деп айтуға болады. Себебі дәл мұндай саябақ, дәлірегі ғылыми орталық Орта Азияда да некен-саяқ кездеседі. Саябақта бұрынғы Кеңес одағының құрамына кіретін республикалардың барлығынан түрлі көшеттер жинақталған. Мыңнан астам сирек кездесетін ағаш тұқымдары өсірілген бұл саябақтың орны бұрын қоқысхана болатын. Көрнекті қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың көрегендігі, іскерлігі арқасында қалаға жақын жатқан қоқысхананың топырағы қалпына келтіріліп, гүлденген саябаққа айналды. Қазір қаланың шуынан шаршағандар осында келіп демалып, жүйкесін тынықтырады. Ғашықтардың да жиі кездесетін сүйікті мекені іспетті. 30 жылдық тарихында мұнда талай елдің басшылары, оның ішінде Дінмұхамед Қонаевтан бастап Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы, көрші Өзбекстан, Қырғызстан Республикаларының президенттері Ислам Каримов пен Асқар Ақаевтың, Түркия мемлекетінің бұрынғы басшысы Тұрғыт Өзал секілді талай лауазым иелері мен өнер, мәдениет қайраткерлерінің өз қолдарымен отырғызған ағаштары жайқалып тұр.

Осындай әсем саябақ келе-келе дөкейлердің назарына іліге бастады. Олар саябақ жерін шетінен «кеміріп», бөлшектеуді бастап та үлгерген еді. Осыдан 5 жылдай бұрын бір дөкей 3 гектарға жуық аймақты жекешелендіріп алып, «қытай қорғанын» тұрғызды. Мұны көрген тағы бір мықты 2 гектардай жерді қоршап алды. Мұнымен тоқтамай тағы бір дөкей енді саябақтың жүрегі есептелетін су көзін реттегіш насос орналасқан жерге ауыз салған еді, саябақ басшыларының байбаламының арқасында аман қалды. Саябақтың бұған дейінгші басшысы Кендебай Ахаттың жердегеі жарты құдайлардың талайымен айқасудан, айитысып, тартысудан қаймықпағанын атап айтқан жөн.

«Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» МКҚК-ның директоры Әбутәліп Құламетовтің сөзіне жүгінсек Дендрологиялық саябақ осы кезге дейін Ауыл шаруашылық министрлігіне қарасты «Казагроиновация» АҚ-ның қарамағында, яғни республикалық бағыныштағы мекеме еді. Бұл кездері мекеме өзін-өзі қаржыландумен келді. Сол себепті де саябақта жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары мүлдем тоқтап қалған. Үстіміздегі жылдың наурызынан бастап облыс әкімдігіне қарасты табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қарамағына өтіп, заңды тұлға статусына ие болды. Бүгінде облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің  қолдауы, басқарма бастығы Батыр Көшербайдың айрықша назар аударуы, іскерлігі нәтижесінде саябақтың сәні кіре бастады. Елбасының ерекше қадағалауындағы «Жол картасы» бағдарламасы арқасында мекемеге 102 миллион теңге қаржы қаралып, жөндеу жұмыстары басталып кетті. Бірінші кезекте әбден тозығы жеткен су жүйелерін қалпына келтіру ісі қолға алынды. Өйткені, су жүйесінің тозуы салдарынан саябақтың жартысынан астамына тіршілік көзі жетпей қалған. Бұл жұмыс толығымен аяқталды. Екінші кезекте дендросаябақтың айналасын қоршау мәселесіне көбірек көңіл бөлінді. Қырық жамау болған қоршаудан адам былай тұрсын кейде мал да өтіп кететін. Мәдени демалыс орны есептелетіндіктен, тынығушыларға арнап жүзге жуық орындық пен осынша қоқыс тастайтын жәшіктер орнату келесі кезектегі біткен іс болды.

Жас жұбайлардың дендросаябақта серуендеуі көп жылдардан бері дәстүрге айналған. Олар үшін де ыңғайластырылған орын жоқ. Алдағы уақытта жас жұбайлар аллеясының да бой көтеруі жоспарда бар. Жөндеу жұмыстары барысында ені 8 метрлік, ұзындығы 1,6 шақырымдық салт аттыларға арналған жол салынса, бұрынғы көл жанының екі жағалауынан жаяу жүргіншілердің серуендеуі үшін салынып жатқан аяқжол жұмысы әлі біте қоймады. Ескі көлге су толтырылып, қалпына келтірілетін болады. Құрметті қонақтар аллеясындағы ұлы адамдардың отырғызған ағашының алдындағы белгілер де бұзақылардың ермегіне айналған. Оны да қалпына келтіру ісі қолға алынды.

Жөндеу жұмыстарының негізгі бөлігі саябақ қақпасының қайта салынуына жұмсалуда. Ескі қақпада жарықшақтар пайда болып, құлауға айналған. Бұйыртса, биіктігі 15, ұзындығы 30 метр болатын жаңа қақпа осы жылдың соңына дейін саябақ салтанатын арттырады деген үміт бар. Әрине мұның барлығы қыруар қаржыны талап етеді. Сол себепті облыстық бюджет тарапынан тағы да 80 миллион теңге қаржы бөлінді.

Дендрологиялық саябақтың негізгі міндеті ғылыми жұмыстармен айналысу, яғни түрлі сәндік, жеміс ағаштарын сақтау, зерттеу, көбейту және облыс климатына бейімділігін анықтау болып табылады. Саябақтың өз лабороториясы, оқушыларға, студенттердің тәжірибелік жұмыстарын өткізетін оқу залдары, жалпы алғанда тұтастай комплексі болуы тиіс. Демек, қолға алатын тірлік әлі де көп деген сөз.

Өкінішке орай су жүйелерінің тозуына байланысты көптеген көшеттер қурап, енді бірі бейімделе алмай, ағаштар саны сирей бастаған. Бұрын мыңдап саналатын жасыл желек түрлерінің бүгінде 560-ы ғана сақталып қалған. Жүзге жақын жеміс ағаштарының сорттары болатын. Мұның барлығына жуығы жабайы күйге енген. Ендігі басты міндеттердің бірі – осы ағаштарды қалпына келтіріп, жеміс ағаштарының гендік қорын молайту болып тұр. Бұл жұмыстарды атқару үшін 23 маман еңбек етеді. Қосымша түсетін қаржы есебінен тағы 7 адам және біраз қарауылдар еңбек етеді. Әйтеуір сең қозғалды. Енді жоспарланған жұмыстарды сапалы атқару міндеті тұр. Сыннан сүрінбесе, саябақ басшылығы тынығушылар алғысына бөленеді.        

Шадияр Молдабек

Саңырауқұлақ жегенде абай болу қажет
Шымкенттің мектептерінде айқай-шу өршіп тұр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу