Түркістанда көктемгі дала жұмыстары 92 пайызға аяқталды

Oinet.kz 28-05-2020 565

Screenshot_3.png


Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында көктемгі егіс жұмыстарын өткізу барысы қаралды. Өңірлерде көктемгі дала жұмыстары туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов және Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндады. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады. 

Өмірзақ Шөкеевтің хабарлауынша, Түркістан облысында ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын егістік жерлердің көлемі 857,2 мың га құрайды. Қазіргі кезде көктемгі дала жұмыстарының 92%-ы аяқталған.

«Егістікті әртараптандыру бағытына сәйкес, картоп, көкөніс, бақша дақылдарының алқабы өткен жылмен салыстырғанда 3,2 мың га артып, 122 мың га құрады. Мал азығы дақылдары 11,6 мың га артып, 213 мың га құрады», — деді Ө. Шөкеев.

Облыста масақты дақылдар егістігі өткен жылмен салыстырғанда 4,8 мың га азайып, 213 мың га құраған. Мақта дақылының егістігі 12,7 мың га азайтылды, 118 мың га жерге егілді. Ал майлы дақылдар өткен жылғы деңгейде - 91,4 мың га алқапқа егілген.

Түркістан облысында ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру үшін 3 негізгі бағыттағы жұмыстар қолға алынған. Шаруа қожалықтары 3 кооперативке біріктіріліп, техникамен қамтамасыз етілді, оның ішінде 11 мың га жаңбырлатып суару технологиясын енгізілді. Итальяндық технологиямен 1 200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы және австралиялық технологиямен 10 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңы құрылды. Сонымен қатар күркетауық фабрикасын жем-шөппен қамтамасыз ету жобасы бар.

«11 мың га жерге 10-15 кооператив құру бойынша жоспарымыз бар, осы жұмыстар жүргізілуде», — деді өңір басшысы.

Ал кооперативтерге бірікпейтін 2-3 га жері бар агроқұрылымдар үшін бір алқаптан жылына 2-3 рет өнім алу жобасын енгізілуде.

«Бұл жобаның тиімділігі 1 га алқаптан жылына 6 млн теңгеден астам табыс табуға мүмкіндік беріп отыр», — деді Ө. Шөкеев.

Облыс басшысының айтуынша, бұдан өзге жеке қосалқы шаруашылықтарда (үй ауласында) тамшылатып суару технологиясын енгізу арқылы ерте пісетін көкөніс, бақша өнімдерін өндіру жолға қойылуда. Мәселен, 10 сотық жерге тамшылатып суаруға жұмсалатын және агротехникалық шығындарын қоса есептегенде, 462 мың теңге қаржы жұмсап, 850 мың теңге табыс табуға болады.

«Осы үш бағытта жұмыс істесек, еңбек өнімділігін 2-3 есе арттыруға мүмкіндігіміз бар», - деді ол.


Мақтааралда жылжымалы жәрмеңке өтті
Өзбекстандық техника көмекке келді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу