Ордабасыда көмір-химия комбинаты салынуда
Түркістан облысы Ордабасы ауданында химия өнеркәсібі саласында "Standart Petroleum & Co" ЖШС көмір-химия комбинатының құрылысы жүргізілуде. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 95 миллиард теңгені құрайды. Екі кезеңде жүзеге асатын жоба бойынша 1 000-нан астам жұмыс орны ашылады. I кезеңді іске қосу 2020 жылдың соңына, II кезең - 2021 жылға жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Құрылысқа жоспарланған басқа да ауқымы жобалар бар. Атап айтқанда, өңірге "Turkistan Invest" басқармасының қолдауымен көкжидек өсірумен айналысатын "Loy Almaty" ЖШС-інің қазақ-грузин бірлескен кәсіпорны тартылды.
Жоғарыда көрсетілген жобаның өндірістік қуаты жылына 13 мың тоннаны құрайды. Жобаны жүзеге асыру Қазақстанның барлық нарығын қамтып, Түркістан облысының экспорттық әлеуетін кеңейтуге үлес қосады. Жоба аясында облыс экономикасына шамамен 10 млрд. теңге инвестиция салынып, 250 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Жобаны іске қосу Арыс қаласы маңындағы Байырқұм ауылында ағымдағы жылдың күзіне жоспарланған.
Облыс басшылығы Түркістан облысы экономикасының әлеуметтік-маңызды салаларына инвестиция тартуға ерекше көңіл бөледі.