Тұрғын үйлер тамызда тапсырылады
-Түркістан облысында сақтық шараларын сақтай отырып кей құрылыс нысандарындағы жұмыстарды тәулік бойы жүргізуге болады. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев шаһар құрылысшыларымен кездесуінде атап өтті,-деп хабарлады Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. Облыс әкімі бастаған жауапты сала басшылары облыс орталығындағы қазаны қайнаған құрылыс алаңдарын аралап көрді. Аймақ басшысы құрылыс жұмыстарының барысын тексеріп, мердігер компания жауаптыларына жұмыс қарқынын тездетуді тапсырды. Салынып жатқан нысандарды аралап, сапасына баса назар аударды.
Әкімшілік-іскерлік орталықта құрылысы жүріп жатқан арендалық және несиелік тұрғын үйлер тамыз айында тапсырыла бастайды. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 62 тұрғын үйді биыл тапсыру жоспарланып отыр. Облыс басшысы барлық тұрғын үйлердің сыртқы көрінісінің бірыңғай болуына баса назар аударуды міндеттеді. Түркістандағы тұрғын үйлердің басым бөлігі ашық түсті травертин мен ақ мәрмәр таспен қапталады.
«Жұмыс ауқымы өте үлкен. Оны жақсы түсінеміз. Алайда қаржы дер кезінде бөлінген соң жұмыс тоқтамау керек. Жұмыс кестесінен қалыс қалуға мүлдем жол жоқ. Қажет болған құрылыс нысандарына қосымша күш тартылды. Күн сайынғы тексеруімізден кейін жұмыс алға жылжып жатыр. Оның үстіне кейбір құрылыс нысандарын тәулік бойы жұмыс істеуге көшіруге әбден болады», – деді Өмірзақ Шөкеев.