Көксарай: Көршілер келісе алмаған соң қолға алынған жоба
Кеңес Одағы кезінде «жаз өте құрғақ болды» деген жылдың өзінде Сырдарияның суы өзенді жағалай орналасқан елді мекендердің бәріне толық жететін. Сол жылдары Орта Азия аймағында бос жатқан дала кемде-кем еді. Бәріне мақта немесе көкөніс егілетін. Қазір сол алқаптар біршама азайды. Әйтсе де жаздың күндері Мырзашөлдегі дихандардың ерні кезеріп, еккен мақтасына бір тамшы су таба алмай, қиналып қалатын кезі көбейіп барады. Биылғы шіліңгір шілденің ортасында облысымызға іссапармен келген Үкімет жетекшісінің орынбасары Өмірзақ Шөкеев “бізге тиесілі суды Өзбекстан ұстап қалып отыр, егер осы мәселені тез арада шешпесеңіздер, Қазақстан Қырғызстаннан судың орнына электр қуатын алуды тоқтатады. Онда екі елдің де диқандары ағын сусыз қалады” деп мәселені қабырғасынан қойды. Өзбекстан ертеңіне Достық каналымен ағатын судың деңгейін көтерді.
Нарын-Сырдария су бассейні Кеңес одағы кезінде суару-энергетикалық жүйе ретінде құрылған. Қырғызстандағы Тоқтағұл су қоймасы күзден бастап тоспаларын тарс жабады да, келесі көктемге дейін 20 миллиард текше метр су жинайды. Бұл уақытта Сырдария өзені жол-жөнекей қосылатын арық-бұлақтардың суымен толығады. Көктемде сай-саладан аққан су Сырдың арнасын толтыруға жақындайтын. Өзеннің бойындағы ең соңғы су қоймасы Шардара – жоғарыдан келген тасқынды қабылдап алып, төмен қарай біркелкі жіберіп отырады. Аса қауіпті жағдайда артық суды ағызып жіберетін Өзбекстан аумағындағы Арнасай ойпатында шағын су қоймасы салынды. Ол тек керек кезінде пайдалану үшін ғана.
Бүгінгі жағдай басқаша. Жыл сайын қыс ортасында Сырдарияны жағалай орналасқан Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарының 70-ке жақын елді мекенін су басып қалу қаупі төніп, тұрғындар қауіпсіз аймаққа көшіп жатады. Өйткені, Шардара су қоймасы ернеуіне жақындаған артық суды сыйдыра алмай дарияға жібереді. Жоғарғы жақтан келген мол су мұз құрсаған Сырдарияға сыймай, жағалауға жайылып, үлкен аумақта сел жүреді. 2005 жылы Отырар аудананындағы Маяқұм ауылының маңындағы бірнеше елді мекеннің тұрғындары баспанасын судың астында қалдырып, бас сауғалап кеткені есімізде. Әлгі Арнасайға мұндай жан қиналған кезде су жібере алмайсың. Бұған Өзбекстанның рұқсаты керек. Есесіне көрші мемлекет су ағатын құлақты ашқызбай кергіп отырып алады. Қырғызстан «Нарын-Сырдария» су бассейнін ертеректегідей суару-энергетикалық жүйе күйінде емес, тек энергетикалық жүйе ретінде пайдалануға көшті. Тоқтағұл су қоймасындағы су қыста сақталып, жазда жіберілудің орнына, қыста электр энергиясын өндіру үшін көп суын ағызып жібереді. Оның зардабын Сырдарияның соңғы жағында орналасқан Қазақстан шегеді. Қазақстан жыл сайын селдің алдын алу, құтқару жұмыстарына 100 миллион АҚШ долларындай қаржы жұмсайды. Яғни, «Көксарай» су реттегішін салу туралы шешім осындай жағдайларды болдырмау үшін мәжбүрліктен қабылданды.
Мәжбүрліктен деуге не себеп? Бірнеше елдің аумағын аралап өтетін Сырдария -- трансшекаралық өзен. Ондағы су барлық мемлекет диқандарының арығына жетіп, ортақ пайдаланылуы керек. Бүгін олай болып отырған жоқ. Қазақстанның бірнеше жылдан бері Сырдың суын пайдалануды реттеп отыратын халықаралық корпорация құру туралы белсенділігіне көп жағдайда Өзбекстан келіспей отыр. Қазақстан Тоқтағұл су қоймасындағы суды қыстың күні сақтасын деген оймен Қырғызстанға көмір,мазут береді. Есесіне жаздың күні Тоқтағұл су электр стансасы қуат өндіре бастаған кезде,оны сатып аламыз. Өзбекстан мен Қырғызстанның осы мәселеге келгенде “басы пісе” бермейді. Өзбекстан көгілдір отынын бермей қояды,Қырғызстан қырсығып судың құлағын бекітеді. Сырдың ең төменгі сағасында отырған Қазақстан өз міндеттемісін орындағанымен,жазда дихандар үшін ағын судан қағылады,ал қыста тасқын судың астында қалады. Көксарай су қоймасы емес,ол су реттегіш. Қыстың күні Шардара ернеуінен асуға жақындағанда,төмен жақтағы ауылдарды көшіріп жатпау үшін,су осында жиналады.Ал жазғытұрым кіші Аралға қарай ағызып жібереді.Осы уақытқа дейін,нақтырақ айтсақ соңғы 13 жылдың ішінде Шардара су қоймасы арқылы Өзбекстандағы Арнасай ойпатына 40 миллиардтай текше метр су жіберілген екен.Қазір Өзбекстанды балықпен негізінен осы Айдаркөл қамтамасыз етеді.Енді,ол жаққа біз су жібермейміз,көл таза сумен толықпаған соң тұздана бастайды.Балығы азаяды.Өзбекстан қыруар қаржыға Айдаркөлге қарай канал тартуы керек.Көрші ел үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз нәрсе.Оның үстіне Шардара су қоймасының іргесінен 10 миллион АҚШ долларына қосымша су тоқтатқыш салып қойған.Енді оның керегі болмай қалады. Көксарай аз қаржыға салынбайды. Бүгінгі болжам бойынша 200 миллион доллардың үстінде ақша шығару керек. Бұл әлеуметтік жоба. Жұмсалған шығынның жақын арада қайта қоюы қиын.Дегенмен ол керек. Қазақстан өз азаматтарының тыныштығын,шаруасымен еркін айналысқанын қалайтын мемлекет.
Келесі жылдан бастап Сырдарияның жағасында орналасқан ауылдар селден қауіптенбесе де болады.Өзендегі судың деңгейін бірқалыпты ұстап тұруға мүмкіндік бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев су реттегіштің құрылысына оң бағасын берді.Қарқында жүргізіліп жатқан құрылысты тікұшақпен аралап көрді. Көксарай су реттегіші салынып біткен кезде біз көрші мемлекеттерден ағын суға тәуелді болмаймыз.Оның үстіне осы маңдағы экологиялық жағдай жақсарады. Су реттегіштің өңір үшін экономикалық тиімділігі де зор болмақ. Көксарай су реттегішінің құрылысы 2012 жылы бітіп,толыққанды пайдалануға берілмекші. Құрылысшылар белгіленген мерзімнен тез бітіре алатын мүмкіндіктерінің бар екенін айтады. Тек оңтүстік үшін емес тұтас еліміз үшін маңызы өте зор «Көксарай» ғасыр жобасы деп те аталып жүр. Ендеше мұны жылдың ең ірі жобасы деу ешкімнің таласушылығын тудыра қоймас.
Әбдез Рахманұлы, «Хабар» агенттігінің меншікті тілшісі