Тайпасына қарай тағайындау көбейіп барады

Oinet.kz 19-12-2008 1208

3fd01cb41f7038a8293589c9442431e5.jpg

Оңтүстікте Қаһар Апатанов деген атпал­дай азамат бар. Ұзақ жылдар қаланың қақ ортасындағы Қарсыбай Сыпатаев атындағы орта мектептің директоры қызметін атқарып, екі жыл болды зейнетке шықты. Елшіл азамат. “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы сая­си бюросының мүшесі.

Жақында ұшырасып, әңгімелесіп қалдық. Төбесімен көк тіреген көкеміз ренжулі. Басқаға емес, өз інілеріне.

“Барлық тайпа, рулар өз президенттерін сайлап алып, аталарының басына мазар орнатып жатыр. Біздің руымыз олардан артық болмаса кемдігі жоқ, неге біз бірік­пей­міз. Осыны ақылдаса келе сізге тоқтадық. Руымыздың президенті болып, бізге бағыт, бағдар сілтеңіз, басымызды қоғамдаңыз”,– депті інілері.

Қаһар ағамыз қаһарын төгіп, шарт кетіпті. “Әй, не айтып тұрсыңдар. Пре­зи­дент­терің не? Қазақстанда бір ғана Пре­зидент бар, ол – Нұрсұлтан Назарбаев. Қа­зақтың басын қайтсе біріктірем, аузынан қайтсем ақ май ағызамын деп қайрат көрсетіп жүргеніне септесудің орнына бас басымызға би болайық дегендерің адамдық қасиетке жата ма?!”

Ел болмайтын мұндай әңгімені тоқ­татыңдар деп інілерін тойтарып тастаған Қаһар ағамыз “Не болып кетті өзі. Қазір әр ру өз президенттерін сайлап алды. Төбе-тө­беге сағана орнатып, арасын басқадан бөліп алды. Соның бәрі неге керек? Бұлайша бө­ліну ел ішін алатайдай бүлдіру, іріткі салу ғой” дейді.

 Ақылымыз жетсе айтар едік. Өйткені, осы “президент” сайлаудың ішінде елдің сөзін ұстаған ақылман қариялармен бірге ақын-жазушылар, облыс, қала басқарған әкімдер де жүр ғой. Олардың дағарадай басында не қиял бар?!

 Осылар қазақтың ілкіде айтқан “жеті атасын білмеген жетесіз” деген қанатты сөзін оқ өтпейтін қалқан етіп алды. Осы сөзді айтқан бабамыз “Азғантай қазақ өз ортаңнан қырық пышақ болып бөлін, бір-біріңді көргенде ешкі­көзденіп жау тұт” деп ойламаса керек. Түбі жақ­сы сөзді пасық мақсатымызға бұрмалап жүрген өзіміз ғой.

Тегін білген тектілік белгісі Ал, оны біздің тырнақша ішіндегі жақсылар мен жайсаңдар өз руының басқалардан артықшылығын дәлелдеу үшін қолданатын сияқты. Қойын құрттап, шалабын шайқап ішіп жүретін момын шаруаға да ата аруағын шақырып, сауын айтылғаннан кейін оның да бүйірі қызады. “Мынау маған туыс, анау маған бөтен” деген сияқты.

Мәселен, Оңтүстікте көзге көрінетін биік төбелер пышақ үстінен бөлініп барады.Тайпа атын әйгілейтін мұнара, сағаналар салынып жатыр. Билік басындағылар мен қалталылар өз атасын асқақтату үшін жарысқа түсетін сияқты. Кім үшін, не үшін? Осының қазаққа қан­ша­лықты пайдасы бар?

Аз қазақты ата-атаға бөліп, іштей кеміріп бара жатқан осы жегі құрт түбімізге жетпесін десек, осы індетке қарсы күресті күшейту керек. Қызметке білім-білігіне қарап емес тайпасына қарап тартатын әкімқараларға қатаң шара қолданылмаса, сенің ауылың, менің ауылым дейтіндер билік орындарында көбейіп барады.

“Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос” деп абыз ақын айтқан тағылым неге естен шығып кете береді?!

 Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі

"Рейтинг" газеті


Түркістанда жұрттан "жылу" жиналса да жылу жоқ
Орындалмаған үш арман немесе тазалықтан жаралған тұлға
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу