Картиналардың да айтары бар

Oinet.kz 07-02-2024 569

Әлем мәдениеті, өнері туралы таңды-таңға, түнді-түнге ұрып айтуға, жазуға, пікірталасуға болады. Бірақ, мұндай пікірталас тудыратындай аса танымалдыққа ие болған өнер туындыларының көбінің өзіне тән мәні, қызықты тарихы, әртүрлі желілік аңызы және құпиясы болады. Жалпы өнер дегеніміздің өзі – қосарлама мән үстеуге зор мүмкіндік бере алатын сиқырлы таяқша іспетті. Әсіресе, бейнелеу өнеріндегі «шедеврлердің» құпиялары бір сәтке толғандырмай қоймайды. Мысалы, Леонардо да Винчи, Сальвадор Дали, Пабло Пикассо, Винсент Ван Гог, Эдуард Мунк, Микеланджело Буонарроти, Клад Моне, Эдуард Мане, Фрида Кало, Поль Сезанн, Энди Уорхол, Рембрандт ван Рейн, Густав Климт, Сандро Боттичели сияқты бұдан да өзге суретшілердің өміріне, картиналарына байланысты талай дәйекті-дәйексіз аңыздарға тап болғаныңызға сенімдімін. Біз де бүгін осындай бірнеше картиналардың қызықты аңыздарына, құпиясына, мистикасына, телогиясына тоқталмақпыз.

Махаббат шыны.jpg

«Махаббат шыңы» – махаббат шейіттерінің моласы

Британдық суретші, революция тудырған «Рафаелитке дейінгі бауырластықтың» негізін салушылардың бірі – Джон Эверетт Миленің «Махаббат шыңы» картинасы қатал сынға ұшыраған картиналардың бірі. Аталған картина алғаш рет 1875 жылы Корольдік Академиядағы көрмеде қойылады. Бірақ, көпшілік суретте бейнеленген әйелдің мүсіні адамнан гөрі, манекенге көбірек ұқсайды деп айыптайды. Алайда, «Махаббат шыңының» беріге дейін ұмытылмауының басты себебі бұл емес. Бұл романтикалық картинаның астарында – үлкен бір драма, трагедия жатыр.

Негізінен бұл суретте британдық «Аптасына бір рет» («Once a Week») журналында жарық көрген Джордж Мередиттің «Махаббат шыңы» балладасы бейнеленген. Дегенмен Мередиттің балладасының негізінің өзі Мари де Франстың «Екі ғашықтың төсегі» («The Lay of the Two Lovers») әңгімесінен алынған. Яғни, поэтикалық қайталауы. Екі әдеби шығарманың да сюжеті бір. Бір әңгіменің, бір балладаның, бір картинаның жүгін көтеріп тұрған қандай трагедия?

Нормандияның тиран патшасы қызын тұрмысқа беру үшін үміткерлерге орындалуы мүмкін емес шарт қояды. Ол «күйеу жігіттерге» қызын биік бір таудың басына үзіліссіз көтеріп шығуды талап етеді. Патшалықтың көптеген рыцарьлары ханшайымға ие болуға қанша талпынғанымен ешбірінің қолынан аталған шартты орындау келе қоймайды. 

Осы уақытта патшаның қызын шын сүйетін, қыз да кетәрі емес бір жас жігіт бағын сынап көрмек болады. Дегенмен, ол жігіт өзге үміткерлер секілді қаракүштің иесі емес еді. Сол үшін де аталған талапты қандай да бір қулық-сұмдықсыз орындау мүмкін емес болатын. Патшалықтан қол ұстасып қашып кетуге де дәттері бармай, амалсыз шартты орындаудың жолдарын іздей бастайды. Сондықтан патша қызына ғашық жігіт бойына уақытша болса да, күш бітіретін энергетикалық сусын іздеп аттанады (спортшылар ішетін допингтің тарихы әріде жатыр деуге де болады). Ал, ханшайым сүйіктісінің жүгін жеңілдету үшін өз-өзіне аштық жариялайды. Яғни, жігіттің сынға түсетін сәтіне дейін біраз салмақ тастамақ болады. 

Ханшайымды есі кете сүйген жігіттің сынға түсер сәті таяғанда, патша бүкіл халықты қызық көру үшін алқапқа жинайды. Алайда, жігіт өз сезімінің шынайы екенін дәлелдеу үшін, қолда тұрған ғажайып сусынды ішуден бас тартып, біраз салмақ тастаған сүйіктісін көтеріп тауға өрмелейді. Нәтижесінде жігіт расында да белгіленген межеге сүйіктісін көтеріп алып шығады. «Махаббат жеңді! Шынайы махаббатқа ешқандай қаракүш қарсы тұра алмайды!», деп бөркімізді аспанға ата бергенде, межеге жетуін жеткенмен әбден зорыққан жігіт тау басында тіл тартпай кетеді. Ал, аңсаған бақытына сәл ғана қалғанда, сүйіктісінен көз жазып қалған патшаның қызы сол жерде жүрегі қақ айырылып, құсадан қайтыс болады. Сезімдері үшін өмірін тәрк еткен махаббат шейіттерінің денесін, сол таудың басына бірге жерлейді.

Міне, «Махаббат шыңы» трагедиясының мәні осыда жатыр. Бәлкім, бұл картина Ромео мен Джулеттаның, Клеопатра мен Антонийдің, Тристан мен Изольданың, Наполеон мен Жозефинаның, Ләйлі мен Мәжнүннің немесе төл әдебиетіміздегі Еңлік пен Кебектің, Қыз Жібек пен Төлегеннің, Қозы мен Баянның махаббатынан кейін соншалықты әсер етпейтін болар? Әлде, махаббат трагедияларын бір-бірімен салыстыру ақымақтық па?

Каргыс аркалаган картина.jpg

Қарғыс арқалаған картина

Атақты, «қарғыс арқалаған» туындылардың бірі испан суретшісі Джованни Браголиннің – «Жылаған бала» картинасы. Аталған картина 1950 жылдары салынған. Суретші көз жасын көлдетіп тұрған баланың портретін салғысы келіп, натурашы етіп өз ұлын таңдайды. Бірақ, суретшінің ұлы қанша тырысса да еркінен тыс жылай алмай дал болады. Портертті салуға әбден бекінген Браголин еш аяушылықсыз ұлының көз алдына сіріңке жағып, жылатады. Суретші баласының оттан өлердей қорқатынын біле тұра, туындысы үшін оны қорлауын күннен-күнге жалғастыра береді. Күнделікті қорлаудан мезі болған ұлы ызадан жарылардай болып, әкесіне «Өзің өртеніп кет!», дейді. Қарғыс жүйелі болса керек, нәтижесі көп күттірмейді. Небәрі 2 аптадан кейін баланың өзі өкпе ауруынан қайтыс болады. Көп ұзамай әкесі де өз үйінде тірідей жанып кетеді. Бұл оқиғаның басы ғана...

1985 жылы Солтүстік Англияда тұрғын үйлер бірінен кейін бірі өртене бастайды. Үйлер, мүліктер күлге айналып, бірталай адам қаза табады. Міне, осы аралықта «Жылаған бала» картинасы туралы, нақтырақ оның репродукциясы туралы көптеген қорқынышты қауесеттер тарай бастайды. Өрттен аман қалған кейбір тұрғындар үйіндегі бүкіл дүние күлге айналса да, жылап тұрған баланың портретіне ешқандай зақым келмегенін айтады. Мұнан соң басылым беттерінде осы мәндес хабарламалар лек-легімен жарияланып жатты. Яғни, картинаның репродукциясын сатып алғандардың бәрі кездейсоқ апаттарға, адам өліміне, өртке душар болғандарын жазды. 

Мұнан соң, әрине, «Жылаған бала» қарғыс арқалаған картинаға айналып шыға келді. Аталған картинаның жасалу тарихы туралы көптеген үрейлі, мистикалық, фантастикалық қауесеттер ел ішіне кең таралып, дүрліктіріп жіберді. 

Соңында газеттердің бірі үйінде «Жылаған баланың» портреті бар әрбір адам, одан дереу құтылуы тиіс деп ресми хабарлама жариялады. Ал, билік осыдан соң бұл картинаның репродукциясын сатып алуға, үйде сақтауға қатаң тыйым салды. Солтүстік Англияда әлі күнге дейін «Жылаған бала» туралы үрейлі қауесеттер айылын жимаған көрінеді. Дегенмен, аталған картинаның түпнұсқасы бүгінге дейін табылмаған.

Қызық, «Жылаған бала» туралы қауесеттердің рас-өтірігіне көз жеткізу үшін, өз практикамызда қолданып көруге дәтіміз барар ма екен?

Инжу-маржан - кудайга деген.jpg

Інжу-маржан – Құдайға деген риясыз сенім

Жалпы өнердегі таптырмайтын және көп нәрсені бойына сыйдыра алатын тәсілдің бірі – аллегория. Яғни, автор өзінің күрделі, қауіпті, саяси астары бар ойын бір ғана картинаға сыйдыра алады. Мұндағы әрбір таңбалардың өзі егжей-тегжейлі бір ойды баяндап тұрады. Бірақ, аллегориялық тіл суретшіден пропорция мен әдептілікті сақтауды талап етеді. Әйтпесе, картина өзінің эстетикалық құндылығын жоғалтып алуы мүмкін. Ал, мәнсіз, абстрактілі туындылар онсыз да көп.

Аллегория жанрының өкілдерінің бірі – Дэвид Тенирс. Біз сөз еткелі отырған оның картинасы – «Жердегі әбігерлікті жеңген парасат аллегориясы» («Сенім аллегориясы»). 

Картинада әйел оң қолының сұқ саусағымен сырғасындағы інжуді, ал сол қолымен мойнындағы інжуді ұстап отыр. Әйел ұстап отырған інжу моншақтың астында тағы бір алқа көрінеді. Зерттеушілердің айтуынша әйел бұл әрекеттері арқылы және аспанға бағытталған көзқарасы арқылы өз сенімінің маржандай аппақ екенін білдіреді. Өз кезегінде суретші бұл тұста «Інжіл» әңгімесінде айтылған Аспан патшалығындағы інжу-маржанға сілтеме береді. Бұл арқылы біз Тенирстің танымы – Құдайға риясыз сенуінде екенін, ал ең қымбат дүниесі – Құдай патшалығы екенін түсінеміз. 

Қызығы «Матай Інжілінің» жаңа өсиетінде Құдайға деген риясыз сенім оны есту арқылы қалыптасатыны айтылады. Тенирстің картинасында да – аталған сенім есту арқылы қабылданып тұр. Бұған әйелдің құлағындағы Інжілдің інжу-маржаны (сырғасы) дәлел.

Төменіректе, сол жағында бейнеленген әбден қалжыраған, дәрменсіз басты кейіпкердің аяғына жығылып жатқан махаббат періштелерін байқаймыз. Көзі байланған, жебе ұстаған періште соқыр махаббаттың символы болса, көбелек қанатты қолына өлеусіреп жанған факел ұстаған періште құмарлықтың жалынын сипаттайды. Және әйелдің аяқ астында жылан оралған шыны шар бар. Ол – діни сенімі арқылы жердегі күнәһарлықты жыға алғанының символы. 

Картинаның жоғары жағында бейнеленген үш періште – аспан махаббатының жаршылары. Олардың екеуі әйелге парасаттылықтың символын сипаттайтын гүл шоқтарынан тәж кигізіп жатыр. Ал, үшіншісінің қолындағы алаулап тұрған факел – аталған діни сенім арқылы әйелдің ақыл-ойын нұрландырып тұр.

Картинадағы сенім аллегориясы, яғни, Құдайға бағышталған махаббат біздің діншіл қауымға қалай әсер етер екен? Себебі, бізде бейнелеу өнері Құдай сүймейтін дүние ғой... 

«Тоқал алу туралы заң керек»
«Маған назар аудар» - Әйелдің тұлғалық образы қайда қалды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу