«Тоқал алу туралы заң керек»

Oinet.kz 01-02-2024 580

Қазақ қоғамында тоқал алу тақырыбы күні бүгінге дейін өзекті. Тоқалдықты кейбіреулер «еріккеннің ермегі» десе, енді бірі «атадан қалған дәстүр» деп санайды. Осы тақырып төңірегінде ой бөліскен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мылтықбай Ерімбетовтің пікірін оқырман назарына ұсынамыз. 

Screenshot_2.jpg

«Әрине, бұрынғы аталардан көп білемін деу – әбестік, бірақ, тоқал мәселесі күн тәртібіне бекер шығып отырған жоқ. Қазақ келін алғанда «малың адал болсын» дейді. Адалынан жолыққан екінші, үшінші әйел перзенттерінің ешкімнен кемдігі жоқ. Кемітіп жүрген – «тоқал талқылауын» күлкі-мазаққа айналдырған өзіміз. Сондықтан, қазақ қана емес, пайымы шолақ орыстілді басылымдарда, теледидарда ұлтты сақтаудағы ұлы күрес – баба дәстүрі көп әйел алушылық дәріп¬теліп, түсінік жұмыстары діндарлармен бірге жүр¬гізілуі қажет, ұлттың сапалы дәстүрі ретінде мадақталуы тиіс. Мұның өзі, жесірлікті, жетімдікті, кәріқыздануды, халық өсімін арттыруды өз-өзінен шешетіні мәлім. Ұрпақты көбейту үшін «Мерседес» міну – шарт емес. Ең басты мәселе – еркектің Құдай алдындағы жауапкершілігі.

Өз әкем бір қазаннан жиырма адам ауқаттанған шаңырақта өсіп, аштық, ауру және соғыстың бәлесінен әпкесі екеуі аман қалған. «Ұрпақ көбейтем, жалғызбын» деп, екі әйел алды. Қазір, Аллаға шүкір, бір рулы елміз. «Бірдің түбі – мың» деген сол. Әке дәстүрі өз басымда да бар.

Жақында нағашым Жексенбай шабандоз дүниеден өтті. Артындағы екі әйелден он жеті-он сегіз перзенті қалды. Бәрі де бір-бір отбасының берік ұстындары, мықты қазақтар. Мұны айтып отырған себебім, тоқал – Канар аралдары мен Босфор теңізі жағасындағы алтын жағалауда шешіндіріп, мүсінін қызықтайтын «жаңа ¬қазақтардың» уақытша «жас иісі» емес, мүлік бө¬лісіп соттасатын оппоненті де емес. Дәл осылай түсінген соң ғана Парламентте мырс-мырс күлкі естілді. Тіпті, «бірнеше күйеуге тиюге болатын заң шығарамыз» деушілер де табылды. Ол заң шыққанда да пародия болып қалмақ. Себебі, көп күйеудің бірі болуға көнетін еркек ез, қазақ тәрбиесінде бір отбасын асырай алмаған жігітің мігіт саналады. Бұл – біздің қазіргі ділі қатты қоғамда Ана, әйел орнының аса төмендеп кеткенінің көрінісі. 

Алла кешірсін, қозы туатын саулықты аналық қой деп, торайдың шешесі мегежінді білмей, аналық шошқа деп жазып, кандидаттық қорғаған ғалымның «еңбегін» мына шықпағыр көзімізбен оқыдық. Әйел – Ана босанады (сиыр бұзаулайды, қой қоздайды, түйе боталайды, ит күшіктейді, ешкі лақтайды, бие құлындайды) деудің орнына «туды» дейтін болдық. Ал, сәбиханада, дұрысы, адам өзі босанады және дәрігерлер босандырады.

Бүгін еуропаланып кеткен ауқымы тар санада батырларды туған тоқал – екінші сортты, қызметші есебінде түсініледі. Оны қазақ күң дейді. Қазіргі орысшылдық тонынан шыққан шала қазақтар, таза орыстармен қосылып «көңілдес» мағынасында, күлкі, мазақ ретінде қабылдайды. Мысалы, орыс тілді газеттің бірінде Парламент депутаты (ұлты – орыс) «үйге барғанда әйелім «токалчигің қайда, неге маған шай бермейді?» деп әзілдеді» дейді. Яғни, тоқалды үй шаруасын істейтін қызметші деп түсіну қалыптасқан. Бұл – ұлттық менталитетті түсінбеу.

Тоқал – Ана. Қасиетті аналар тарихта көп. Ең бастысы, атам қазақ және қазіргі екі-үш отбасы барлар перзент үшін үйленген. Оңтүстіктің оң тұстығындағы Мақтаралда менің бірнеше досым бар. Әр үйде екі әйелден, жеті-он қара¬дмалақтан. Тоқал туралы түсінік дұрыс болған соң халық айып көрмейді. Тоқал да, одан туған балалар да адамдық қасиеттерді аяқасты етпей, ата дәстүрімен өсіп келеді. Баласы көп қазақ – әруақты қазақ. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Ол кеше еді…

Баспасөзде, телерадио хабарларында алдан¬ған қыздар, көкек аналар мен тастанды балалар туралы мәселе қозғалып, әртүрлі жастағы қатысу-шылар пікір білдіріп жатады. Нәтижесінде өмір тәжірибелері мен жастарына, тіпті, мамандығына қарай, әркімнің пікірі әртүрлі болып шығады. Ол заңды да. Көп ойдың бір түйіні болмай жүр. Мысалы, алдаған жігітті жазалау, алданған қыз¬ға жатақхана жағдайын жасау, екіқабат болу¬дан сақтану, зорлап үйлендіру, ата-ананың жауап¬кершілігі… Ойлар мен пікірлер шашыранды айты¬лып, айтылған жерде қалады. Жетім бала, жесір «қыз», алдамшы жігіт мәселесі шешімін таппай, ұсыныс нақты айтылмай, аспанда ілініп қалады. Қырықтан асқан қырқылжыңдар мен алпысқа жақындаған «жас иіс» іздеушілерге де біраз сын айтылып жүр. Үлкен қызметтегі ағалар жас қыздар жұмыс сұрап келгенде жағдайды төсек әңгімесіне бұратыны, қазақы үлкендік, әкелік қамқорлық, «қарындасым, қандасым» деп қарау кемшіндігі, басқа ұлт өкілдерінен қаракөздерімізді қорғай алмайтынымыз туралы да аз айтылмай жүр. Жеңілтек қыздың сарыүрпек бозбаланы алдап тұрмыс құруы, «екіқабат болдым» деп қоқан-лоқы жасап, «зорладың» деп ақша талап ететіні, заң алдында қашан да қыздікі «дұрыс» боп шығатыны – қышыған тілге тиек.

О бастағы табиғат берген міндетіміз – ұрпақ қалдыру, басымызды көбейту емес пе еді?! Ауру, нашақор еркектерді (белсіздікті) мысалға келтіріп елді үркіте бермей, сау-саламат еркек абыройын неге көтермейміз? Өзіңіз көріп жүргендей, әйелдің «ақылшысы» көп – «екі бала жетпей ме, неге керек? Бәденің (фигураң) бұзылады» деген сияқты қысыр кеңес айтушылар қасыңызда өріп жүр. Ал, «бес-алты, он бала көргім келеді» дейтін сау-саламат Адам-Еркек шүкір бар ғой. Сонда Хауа-Ана міндетін атқарудан ашық бас тартатын әйелге (егер олай атауға болса) нендей қарсы шара жасау қажет?! Әрине, екі әйел алушылық мәселесі өз-өзінен ойға түседі. Бірақ… заң жоқ! Ал, нағыз Еркектер заңды күтпей-ақ тоқалда¬ры¬нан перзент өсіруде.

Тоқалдан туған ұлдардың әңгімелерін халқымыздың ұлы қаламгерінен бастасақ. Өзінің жазуынша алғашқы әйелімен некеде бақытсыз болды. Қателеспесем, ұлы ақынның бәйбішесінің сіңлісін алып, одан қыз көрді. Одан орыстан әйел алып, қыздар көрді. Бірақ, қыздардың аты қалмай, тоқалынан туған жалғыз ұл атын шығарып жүр. «Заңсыз туды!» дегендей сөз де жоқ. Елді елу жыл басқарған құдасы сол ерлікті жасай алмай, әйелінен аса алмай, перзент көрмей өтіп кетті.

Естелікке сенсек, сезімтал Құлагер ақын «жеңгеңе, балаларға көз қырыңды сала жүр» депті. Бұйрабас жігіттің қылықты, сұлу жеңгесіне көзі түскенін сезбеді дейсің бе?! Жылдар өтті. Бәрі кетті. Уақыт таразысына барды салатын кез жетті. Асыл перзентінің қызығын көрмесе де, тура жолға түсіріп, оқытып, ұлы жазушы ізбасарына өмірін жалғап кетті. Бұл – ұлы шығарма жазғаннан да артықтау, нағыз еркектің ерлігі дер едім мен.

Қазақтың тағы бір марқасқа қаламгері, ұлы жазушы өмірден өткенде, перзенттеріне (қыздарына) дүниесін бөлетін комиссия бастығы болған екен. Сонда, бәйбіше қыздары тоқал ұлынан, ақша, үй, мүлік, машина сияқты дүниелерді қызғаныпты дейді. Һәм жұмысқа жолатпай, Алматыға жақындатпай, дөкей қайнағасын пайдаланып, жас жігітке қыспақты жасап-ақ баққан. Комиссия бастығы қазақы мінезбен, «Әке мұрасынан ұлға да бөлейік» десе керек. Сонда, әпке қабағына қараған әрі ақылды ұл «Әкем беретінін беріп қойған» депті. Шошына қарап, байлықты ойлаған орысшылдау әпке «Не берді?» десе керек. Сонда асылдың сынығы, ұлы «Ол маған фамилиясын берді, сол да жетеді» депті. Дәл осылай ма, басы-қасында болған жоқпыз, бірақ, данышпанның асыл қанының көрініс бергені, тот баспас алтындай жарқ ете қалғаны анық қой. Қане, енді реті келсе, сұрап білсек қой… Ұлы адам да пенде. Жазбагер жадау көңілмен өз баласын – Тәңірден тілеп алған тұяғын медеу көріп, сан түндер жазу жазғанда, соның жер бетінде бар екендігіне шүкіршілік етіп, тәуба қылып, «армансызбын!» деп күбірлеген шығар. Ол да адам баласы ғой, мендей.

Ұлылар өз жөнімен қала тұрсын, ал, орташа қазақ Бектепов туралы атамның әңгімесі мынау: Қазір Жетісайда Бектепов атында көше бар. Ол қателеспесем, ауданның қаржы бөлімінің бастығы болған. Коммунист, перзенті жоқ. Әйелі тоқал алдырмайды. Молотов базарының асханасында бөлек бөлмеде тамақ жеп, арақ ішкенде, арманын айтып, ұл перзентті аңсап көңілі босайды екен. Қырықтан жаңа асқан әлгі асханашыға біраз сырын да айтқандай: «Әйел алайын десем, жұмыстан босап кетем, комунистпін, әйелім арыз жазып, құртып жібереді» деген сияқты. «Оның оңай жолы, осында бір ыдыс жуушы жас әйел бар, бір қызы бар, соған жасырын үйленіңіз. Жан баласына тісімнен шығармаймын» депті пысық асханашы. Сөйтіп, кембағалдау, ыдыс-аяқ жуатын, бірақ, таза тәбетті келіншектен Бектепов ұл перзент көріпті, қарасып жүріпті.

Арада он алты жыл өтеді. Бектепов те, кемпірі де қартаяды. Үлкен жұмыс, қызмет креслосы жоқ, кеңес өкіметіне адал қызмет етіп, байлық жимай өткен қалтыраған қос зейнеткер – мұңлықтар ғой. Күндердің күнінде кемпірге Құдай сана беріп, «Баяғыда бажылдай бермей біреуді қосқанымда, бір шикіөкпені туғанда, осы уақта соқа басымыз сопайып отырмас едік. Өлсек, топырақ салатын да адам жоқ. Мен ақымақ болыппын!» деген-мыс. Сондай сөздер араның ызыңындай мазаны алып қайталана берген соң, өмір қосағына жаны ашыған Бектепов «Бізді көметін адам бар, құр қол емеспіз» деп «ұрлығының» сырын ашыпты.

Қысқасы, әңгімеге қанған кемпір қоржын-қосқалағын дайындап, Жетісай қаласынан осы аттас совхоз бөлімшесіне, бұрынғы Молотовқа қуана барып, күндесімен табысқан. Оның қызын ұзатуға да қатысқан. Он алтыдағы бала екі үйге бірдей келіп жүрген. Тағдыр солай да. Арада көп өтпей ұлдың анасы, тағы біразырақтан соң ұлды үйлендіріп шал да қайтыс болады. Құдайдың жазуымен, Бедірей кемпір мен Тілектес бала қалады. Ол үйленіп, кемпір одан немере сүйіп, кейінірек ақ жуып, арулап, кемпірді сол бала жөнелткен. Ұмытпасам, атам «Бектепов молдадан некесін қидырып алды. Ол кезде мұсылманшылық таза ғой, дұрыс істеген» деп еді».

Қалай болғанда да, бәрібір, көп әйел алушылық туралы заң керек құсап тұрады. Көп баласы бар үйде табиғи іріктеу, таңдау оңайырақ. Бірнеше әйелі бар еркекке де солай ғой, «өмір өте қысқа» дейді білгіштер.

Бетті дайындаған

Аида ӨТЕП

Қатыгез қоғам - құлдық сана: «1286» сериалы көрерменге не айтқысы келеді?
Картиналардың да айтары бар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу