Қатыгез қоғам - құлдық сана: «1286» сериалы көрерменге не айтқысы келеді?

Oinet.kz 31-01-2024 765

Адамның санасына, психологиясына шам жағып түссең де қыртыс-қыртысын толық ашып бола алмайтын секілдіміз. Себебі, ғылымдар, танымдар кеңейген сайын, психологиялық бұзылыс, күйзеліс, дерт, ерекшеліктердің саны көбейіп келеді. Жалпы кез келген әрекетті тұрақты түрде жиі қайталап отырсақ, әдетімізге айналатыны анық. Ал, әдетке айналған қылықтардың сүйекке сіңіп кетуі, тіптен, қиын. Аристотель «Адам – әлеуметтендірілген хайуан» дейді ғой. 

Screenshot_8.jpg

Қанша жерден адам сөйлей алатынын алға тартып, жануарлардан биік тұруға талпынғанымен осындай нигилистер мен философтар бар құндылығымызды жоққа шығарып отыратыны бар. Ол бекер емес және. Психологияда «Құлдық сана» деген түсінік бар. Адам санасы ойланудан, үміттенуден, күдіктенуден, қарсыласудан қалған күні «әлеуметтендірілгенін ұмытқан хайуанға» айналатын секілді. Ең алдымен «құлдық сана» дегеніміз – адамның ақыл-ойында, дүниетанымы мен өзіндік көзқарасында тиянақталып қалған, «құл мен қожайыннан» тұратын психологиялық тетік. Құлдық сүйегіне сіңген адам, бұғаудан басын босата тұра, ішкі дүниесі қожайынын, бұғаулы күндерін аңсап тұрады. «Құлдық сананы» алғаш зерттегендердің бірі неміс философы – Фридрих Ницще. Ғалымның бұл еңбектерін тілге тиек етуімізге, бүгінде әлеуметке ұсынылып жүрген, осы бір құлдық тақырыбын тереңінен қозғайтын «1286» телесериалы себеп болып отыр. 

Аталған сериал кезінде қоғамды дүр сілкіндірген «5:32» сериалының режиссері Әлішер Утев пен Salem Social Media командасының кезекті түсірілімдері. Режиссердің өзінің айтуынша «1286» сериалы да өз жоспарындағы «әділетсіздік туралы трилогиясының» бір бөлімі. 

– Бұл тақырыпқа қалай келдім? Қайткен күнде де әділетсіздік, кісі өлтіру, қудалауға байланысты кейбір материалдарды көргенде, үнемі еңбек құлдығы туралы әңгімелер пайда болады. Сонда өз-өзіме «Алла бетін аулақ қылсын, бірақ сол адамдардың орнында болсам, не істер едім?» деген сауал қоямын. Қазір ХХІ ғасыр, интернет, гаджет заманында әлі күнге дейін қыстауларда бас бостандығынан айырылып, рухы сынған және біреудің отымен кіріп, күлімен шығып өмір сүруге мәжбүр адамдардың бар екені мені таңғалдырады, – дейді Әлішер Утев. 

Қазақ қоғамындағы зорлық-зомбылық шарықтау тұсына жетіп тұрған кезде адам саудасы, құлдық туралы сериалдың жарыққа шығуының өзінде мән бар. Word Free халықаралық үкіметтік емес ұйымының мәліметі бойынша, 2018 жылы Қазақстанда еңбек немесе жыныстық құлдыққа түскен 75 мыңға жуық адам тіркелген. Соңғы жылдары заңның қатаңдатылғанына қарамай, әлі күнге дейін жыл сайын жүздеген адам құл сатушылардың құрбанына айналады.

Сериалдың стилі мен философиясы түсінікті болу үшін, оның оқиғасына қысқаша тоқталып өткеніміз жөн болар. Веб-сериалдағы хикаялар 1990-2000 жылдар аралығында, болған оқиғаларды қамти өрбиді. Бас кейіпкер, бір үйдің жалғыз ұлы Аман (Олжас Дәлелхан) өзінің жалғыз баласынан айырылып, қан жұтып жүрген кезде, келіншегімен ажырасуға арыз беріп, соққы үстіне соққы болады. Ажырасу туралы өзінің ата-анасына қалай айтуды білмей, оның үстіне әйелін қимай, бір кеште досымен бірге ішіп, әбден масайған соң үйіне жалғыз бет алады. Жолда мастық буынын босатып, есі кіресілі-шығасылы болып отырғанда, адам ұрлап сатушыларға тап болады. Есін жиып, көзін ашқанда өзінің бейтаныс жерде, бұғауда жатқанын көреді. Аманның ендігі қожайындары жергілікті садист – ақсақ Қазбек (Нышанбек Жұбанаев) пен оның мылқау інісі Хасан (Ақжол Мамыр) болатын. Мұнда әдетте тұрғылықты жері жоқ маскүнемдер, нашақорлар, тез ақша тапқысы кеп алданғандар тап болатын. Ақсақ Қазбек жаңадан келгендердің бәрін өзіне бағынғанша ас-су бермей азаптап, ұрып-соғып, қашқындардың алысқа ұзай алмауы үшін құлдардың аяқ сіңірлерін тіліп тастап отырады. Жаңадан келген тұтқындар оған толық мойынсұнып, оны «қожайын» деп атаған кезде, жалпы тұтқындардың сарайына қамайды. Әңгімеміздің басын адам мен хайуаннан бастағанымыз тегін емес. Қазбек тұтқынындағы әр құлға хайуанның атын теліп, хайуанша тамақтандырып, хайуанша жұмыс істетеді. Аманға «Ит» лақабы таңылады. Құлдар күнделікті алтын кеніште қас қарайғанша кен ойып, оны көлге апарып жуып, соңында өздері тастай суға шомылып қайтады. Онда 12 жылдан бері құлдықта жүрген адамдар бар. 

Сериалда мұндай бір емес, бірнеше бизнестің шылбырын ұстап отырғандар өзара келісімде өмір сүретінін көрсеткен. Яғни, адамдарды құлдықта ұстайтын жалғыз Қазбек емес.

О, баста Аман қожайынға бағынбай, біраз қиғылық салады. Тіпті, бір рет қашып та көреді. Дегенмен, 12 жылдан бері отырған досы Шошқа (бұрынғы ұстаз) ол жерден әлі ешкім қашып құтылмағанын айтып, сағын сындырады. Біраз уақыттан бері құлдыққа көнбей жүргенмен Аман соңында Қазбектің ант ішіскен бауырына айналып шыға келеді. «Құлдық сана» дегеніміз де осы ғой. Қожайынын өлтіріп, не өлім аузында жатқанда құтқармай, қашып құтылуына жол ашылған кезде, ол «бауырын» құтқарып, бос қалған шылбырын иесіне өз қолымен апарып тапсырады. Бұл уақытта Аманның отбасы шартараптан іздеп, күдерін үзіп, сүйексіз қабірінің басына көктас қойып, шаңырағы ортасына түсіп жатады. Әйелі 3 жылдан кейін Аманды іздеуге көмектескен полиция қызметкерімен сөз байласады. Анасы құсадан инсульт болып, ақыр аяғы бақиына аттанады. Ал, әкесі үй бетін көрмей ішкілікке салынып, ақыр аяғы ақсақ Қазбектің «концлагеріне» тап болады. Қатыгездік сүйегінен өтіп кеткен Аман о баста әкесін де аямайды. Түбі өзінің құл емес, «Ит» емес, адам екені есіне түсіп, қашуға бел байлайды.

Осы тұста көп көрермен, ондаған еркектің ақсақ Қазбек пен мылқау Хасанға әлі келмей жүргеніне таңғалысып жатыр. Бұл жерде Қазбектің құлдардың психологиясын әбден езіп, тоз-тозын шығарып тастағанын түсіну керек. Олардың ойлау шеңбері күнделікті берілетін бір уыс ботқамен, бір уыс арақтан аспайды. Бұл фильмде ғана емес, өмірде де солай. Бодаудан босаған басын өзінше көтеріп алып жүре алмайтын адамдар баршылық. 

Сонымен қатар, қоғамның «көршінің үйі өртеніп жатса, мен сирағымды ұйытып алайын» дейтін, кез келген жерден бас пайдасын ойлап пайдакүнемдерін де көрсеткен. Қазбектің концлагеріне жаңадан түскен қылмыскер – Сүлік түскенде, өзінің бұрын көргендерімен салыстырғанда бұл жердің «балабақша» екенін айтады. Ол құлдардың да, Қазбектің де көңілін табуға тырысып, ішкі арам мүддесін жүзеге асырмақ болады. Оны сезгендер Сүліктің құлдар арасында құрған бауырластығына қосылмайды. Мұнан соң өзі күніне берілетін бір уыс ботқасын тартып алып, қожайын астындағы қожайынға айналуға тырысады. Осылай құлдар арасында бір дүрбелең басталады. Түптеп келгенде бұл дүрбелеңнің бір болмай қоймайтыны анық еді.

Сериалда Қазбектің психологиялық портреті жақсы ашылған. Бұл бизнес ақсақ Қазбек пен Хасанға әкесінен қалған болатын. Әкесі көзі тірісінде екі ұлын қын үстінде жүргендей қатал ұстап, қатыгездікке тәрбиелейді. Қазбектің кумирі – сол әкесі. Аналары мұндай тіршіліктен баз кешіп, асылып өлген. Қазбек сол үшін анасын, жалпы әйел затын өлердей жек көреді. Жалпы Қазбек XIV Людовик сынды «Мемлекет – ол мен!» дегендей, өз территориясында өзіне патша сезінгісі келген. Ал, інісі Хасан анасының өліміне, олардың осылай жұрттан жырақ, әркімнің қарғысына қалып өмір сүріп жүргеніне әкесін кінәлап, өз қолымен өлтірген. Сериалдағы кейіпкерлердің көбі қолын жақынының қанына бояған қылмыскерлер. Бұның бәрі көрермен психологиясына ауыр тиюі мүмкін. Дегенмен, бәрі дерлік қоғамда болып жатқан оқиғалар. 

Соншама оқиғаны бастан кешіп, қан ішіп жүріп адамгершілігін өлтірмеген кейіпкер – мылқау, кітапқұмар Хасан. Көріп отырып, адам баласының жанын да, тәнін де құлдықтан, азаптан, дерттен азат ететін – кітап екен деген ой келеді...

Сонымен қатар, сериалда аналардың перзентін шын беріліп сүйіп, шын беріліп жоқтайтынын көрсете алған. Мысалы, Аманның анасының құсаға шыдай алмай қайтыс болуы, Қазбекке серіктестерінен кепілдікке келген Сара есімді кейіпкердің ұлына барар жолда мерт болуы, балалар саудасымен айналысатын мыстан Айнакүлдің ұлы қайтыс болған соң қол астындағы құлдардың бәрін у беріп өлтіріп, ең соңында өзінің суға батып кетуі...

Аталған сериалда діни контекстер де сезіледі. Аман із-түссіз кеткенде, анасы Құдайдан ұлының аман-есен үйге оралуын тілеп, дұға етеді. «Егер саған құл керек болса, менің жанымды ал» дейді. Ақсақ Қазбек Құдайдан безген, дін қаперіне кіріп-шықпайтын біреу ретінде бейнеленеді. Ал, Аман не боларын білмей жүрген, жол торабында адасып қалған бейшара құл секілді. 

Сериалдың аты да өзінше интрига. «1286» санынының қандай мағына беретінін режиссер мен оның командасы құпия ұстауға тырысты. Алайда, алдыңғы «5:32» web-сериалының аты Құранда кездесетін сүре мен аяттан алынғанын білеміз.

Фильмдегі музыканың өзі тірі образ секілді. Көптеген эмоцияны, жұмбақты, күресті, құсаны музыка беріп отырады. Фильмнің тілі орысша-қазақша аралас болғанымен, кейіпкерлер шырқайтын қазақ әндері өте сәтті шыққан. Бұдан бөлек, мылқау Хасанмен сөйлесу кезіндегі им-ишарамен сөйлесу сахналары да бөлек әсер етеді. 

Біз сөз басында қозғаған «құлдық сана» қазір де қазақ қоғамында өзіндік үстемдігін жүргізіп отыр. Жауапкершілікті мойынға алуға қорқу, қорқақтық, әлдекімдердің сызып берген тәртібіне бағыну, орын алып жатқан заңсыздықтарға көз жұма қарау сынды әрекеттер біздің қоғамның әдетінен әлі қалған жоқ.

Сөз соңында психологиялық тепкінің адамды тірі өлікке айналдыра алатынын ашып көрсеткен сериалдың өз мақсатына жеткенін айтып өту керек. Ең қиыны, мұның бәрі өмірден алынған оқиғалар. Өнердің мұндай ауыр мақсаттарды арқалауы – қоғамның хәлі, тіптен, ауыр екенінің айғағы. Себебі, өнер – қоғамның айнасы. 

Сезім МЕРГЕНБАЙ

Бір-бірімізді өлтірмейікші - «Қара жәшік» сериалының төркіні қайда жатыр?
«Тоқал алу туралы заң керек»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу