Шерхан Мұртазаның композициялық шеберлігі оқырмандарды тәнті еткен
Шерхан Мұртазаның көркемсөз өнеріндегі алар орны – озық ойлылығымен жеткен шыңының көрінісі. Бұл туралы Түркістан қаласында өткен Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің қолбасшысы» атты халықаралық симпозиумда айтылды. Симпозиумда студенттердің Шераға туралы жазған шығармалары оқылып, оқ бойы озық шыққандар жүлделі орындардан көрініп, арнайы марапатқа ие болды. Назарларыңызға Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Диана Жұмағұлбаеваның шығармасын ұсынамыз.
"Әдеби тіл мен күнделікті қолданыстағы сөздерді шешендік леппен шырамытусыз түсінікті етіп жанастырған Шерхан Мұртазаның көркемсөз өнеріндегі алар орны – озық ойлылығымен жеткен шыңының көрінісі. Сөздің асылын шерте таңдап, сүбелі сөйлеммен түйдек ойды құрақтаған Шерхан Мұртаза не нәрсені болмасын таң – тамаша жеңіл жеткізе алған. Ауқымды ой-өрісін өзінің кең көлемді романы мен тарихи – драмасында қалдырған Шерхан ағай, шағын көлемді әңгімелерінде де мықым әрі түйдек түйінін молынан жазған. Оның әр жазған әңгімесіндегі ғалами жаңаша тақырып, саралы түсінік көкірек көзді ашып, даналыққа беттетпей қоймайды. Жаңа тақырып деп отырғанымның алып дәлелі Шерхан Мұртазаның «Соғыстың соңғы жесірі» аталатын қысқа әңгімесі.
«Соғыстың соңғы жесірінің» бар сюжеті күйеуін 60 жыл сарғая күткен әйелдің ғұмырнамасы ғана дерсіз. Алайда, шытырман шығармада бір сәттің арқауымен қаншама қазақ жаһанындағы басты мәселелер тоғысқан. Әуелі тау арасындағы еркін дала беліндегі тыныш әрі құйғын табиғаттың қаладағы шуылдақ құрылыммен контрасты айтылып, қазақ тілі мен орыс тілінің қанжығаласу көрнектікілігімен жалғасқан. Бірде – бір эпизодты негізсіз деуге келмейді. Бәрі – бәрі автордың композициялық шеберлігі. Әрімен қарай басты кейіпкердің тіл қатып, өз бақытсыздығын заман қысымығы деп астарлау сәті оқырманды үйіріп әкетеді.
Сөз болып отырған шығармадағы басты кейіпкер – Хадиша, сексеннің сеңгірігіне жеткен әйел. Әйел емес, әже! Осы Хадишаға шамалас егде әйелдер (әже) жайында қазақ әдебиетінде XX ғасырдан бергі уақытты жазылған болса, соның анағұрлым идеялы, тұла бойы тұрған парадоксты әрі шым – шытырық біртуар үлгісі осы «Соғыстың соңғы жесірі». Қаһарманымыз махаббаттан баз кешіп, мінез – құлық ауытқуымен түрлі өнер көрсетіп отырады. Хадиша адал жарына деген еркелігін баса алмай, көкөрім жастық шақтың ойсыздығымен күйеуін сандалтып қояды да өзі қасірет шегеді. Ғылымда осы мәндес шектен тыс ғашықтықтан туған есіру девиантты мінез – құлықтың бірі болып есептеледі. «Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, автор қаламымен Хадишаның өмірі де жазылды, Хадиша көрген дәуір мен автордың өз заманы параллельді жазылды. Кейіпкердің қарымталап керік қызғалдағын емес биік шыңдағы еңлікгүлді сұрағаны тек Хадишаның емес, қазақ халқының кей сәттегі астам нысапсыздындай -ақ!
Сөзімді қорытындылайтын болсам, Шерхан Мұртазаның «Соғыстың соңғы жесірі» атты әңгімесі жаңаша идеялы зор сарынмен жазылған толыққанды заман талабына сай туынды. Тіптен, тілге де жеңіл. «Соғыстың соңғы жесірі» және осы типтес аңгімелер адамның елестету, қабылдау визуализациялау сынды қабілеттерін арттырары сөзсіз".