Тұрар тағдыры арқылы қазақ халқының басынан кешкен қилы кезеңдерді баяндайды
Шерхан Мұртазаның бойына қаламгерлік қасиет әкесінен дарыған. Бұл туралы Түркістан қаласында өткен Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің қолбасшысы» атты халықаралық симпозиумда айтылды. Симпозиумда студенттердің Шераға туралы жазған шығармалары оқылып, оқ бойы озық шыққандар жүлделі орындардан көрініп, арнайы марапатқа ие болды. Назарларыңызға Қ. А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік универсиеті, Филология факультетінің Ақбота Бектемированың шығармасын ұсынамыз.
"Жастайынан жетім қалған бала, жесір қалған әйел тағдыры анасына арнап жазған «Ай мен Айша» повесінде айқын көрінген. Өмірдің ащы дәмін ерте тартқан Ш.Мұртазаның бойына қаламгерлік қасиет әкесінен дарыған.
Шерхан Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. «Лениншіл жас» (қазіргі “Жас алаш”), газетінде бас редактор болып қызмет еткен жылдары қаламы қарымды, талантты журналистерді топтастырып, булығып жүрген бұлақтардың, арнасы жоқ қайнарлардың көзін ашқан халық жанашыры.
«Жалын», «Жұлдыз» журналдарында, “Қазақ әдебиеті”, «Егемен Қазақстан» газеттерінде бас редактор болып қызмет атқара жүріп, шығармашылық жұмыстармен қатар Қазақстан Республикасы тәуелсіздігі мен мемлекеттігін нығайту ісіне де белсене араласты. Қазіргі заманның, қоғамдық өмірдің маңызды мәселелерін, ел, жер, тіл мәселелерін көтеретін көптеген мақала-эсселер жазды.
1992 жылы «Қазақстан» телерадио корпарациясын басқарған жылдары «Таңшолпан», Шаңқайтүс», «Кеш жарық» атты қазақ тілді бағдарламаларды жүргізіп, журналистердің жай-күйінің жақсаруына көмегін аямаған. «Ұлт және сана», «Шарайна» сынды ұлттық нақышқа бай бағдарламалардың ашылуына септігін тигізді. Қазақ тілді басылымдарды 70 пайызға арттыруға еңбегі сіңген. Бөлінген пәтерлердің басым бөлігін телеарнаның отымен кіріп, күлімен шығатын шығармашыл журналистерге үлестірсе де жерлестікке салынды деген желеу табылған. «Шындықты бір білсе Шера-ағаң біледі деген» халық оның ақиқатты жақтайтындығына күмән келтірмеді.
Жазушының кең құлашты, өзекті шығармасы - бес кітаптық «Қызыл жебе» эпопеясы. Қазақ халқының бір туар ұлы Тұрар Рысқұлов туралы бұл көлемді туынды Тұрар тағдыры арқылы қазақ халқының басынан кешкен қилы-қилы кезеңдерін қамтиды.
«Ашатұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын» деген атпен қалған Голощекиннің солақай саясатының кесірінен болған зобалаңға бей-жай қарай алмаған Т.Рысқұлов көзсіз ерлікке барған ірі қайраткер. Бүтіндей бір халықты қырып жіберуге шақ қалған аштық жайлы Сталиннің бетіне айту өзіне өлім сұраумен бірдей болған. Соны біле тұра аштықтың ақиқатын ашып айтқан. Қазақ халқы үшін жанын қиюға дайын Тұрар Рысқұлов Сталинді қазақтарға астық жіберуге көндірген. Елім деп еңіреген Т.Рысқұлов Сталиндік репрессияның алғашқы құрбандарының бірі болды. Осындай халық үшін жанын қиған ірі тұлға, қоғам қайраткері - Тұрар жайлы көлемді шығарманы жазу да Шер-аға үшін оңай болған жоқ".