Балалар шағын қойылым тамашалады

Oinet.kz 15-11-2022 412

image.png

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылды "Балалар жылы" деп жариялағаны баршаңызға белгілі. Мақсаты да түсінікті. Бүлдіршіндеріміздің сапалы өмір сүруіне, қауіпсіз қоршаған ортада өсіп өнуіне, жақсы білім алуына, әлеуметтік қолдауды сезінуіне, жалпы, бүлдіршіннің жан-жақты дамуына жағдай жасау. 

Ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне өте жауапкершілікпен қараған. «Тәрбие – тал бесіктен» деген сөзден-ақ, бала тәрбиесіне бесіктен, тіпті құрсақтан бастап көңіл бөлгенін аңғарамыз. Ал, баланың тілі шыққан сәттен бастап, ата-апаларымыз жұмбақ, жаңылтпаш жаттатып, ертегі айтып баланың ойлау қабілетін, танымын дамытқан. Қазіргі технология заманында балдырғандардың көбі гаджеттерге әуес екенін жасыра алмаймыз. Осы орайда, Отырар халық театры ұжымы бүлдіршіндерге "Супер теке" тамаша шағын қойылымын ұсынып, кейіпкерлер арқылы жақсы мен жаманның, өтірік пен шындықтың бейнесін ашып беруге тырысты. Балаларға арналған кітап көрмені, қуыршақ театрының көріністерін тамашап балалар әлеміне тап болған бүлдіршіндер тарапы да қойылымға еніп, кей тұстарында қойылым болып жатқанын естерінен шығарып алып, тіпті, жақсы кейіпкерге болысып, жағымсыз кейіпкерге ренішін дауыстап білдіріп жатқанын да аңғардық. Яғни, қойылым өз мақсатына жете алды деп топшыладық. 

Тәрбиелік мәні зор шарада «Отырар әдебиеті және өнері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сағындық Қыдыр, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзабай Өксікбаев, «Аналар» алқасының төрайымы Күлзейнет Әлмешова, аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмахановтар сөз алып, ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын балалардың жан-жақты болуы үшін осындай шаралардың маңызы үлкен екенін атап өтті. 

Көрермендер театр ұжымына шығармашылық табыс, бүлдіршіндерімізге бақытты балалық шақ тіледі! Алдағы уақытта да жас достарымызды тамаша қойылымдармен қуанта беріңіздер, құрметті Отырар халық театры ұжымы!

Ұлылар мекені - Отырарда халықаралық конференция өтті
Ең көп кітап оқыған оқырмандар анықталды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу