Ұлылар мекені - Отырарда халықаралық конференция өтті

Oinet.kz 09-12-2022 596

image.png

Археологиялық ескерткіштер — құнды заттай деректер. Оларды зерттеу арқылы өткен тарихи кезеңдердегі Ұлы даланың кеңістігін қоныстаған көптеген тайпалық одақтар, олардың құрған мемлекеттерінің тарихы мен мәдениетінің белгісіз беттерін ашуға қол жеткіземіз. Отырар — көне ескерткіштерге өте бай өңір. Мұндағы ескерткіш, жәдігерлерді табу, зерттеу жұмысында ғалымдар аз тер төккен жоқ. 

Осы орайда бүгін  «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының ұйымдастыруымен «Археологиялық ескерткіштерді зерттеу, сақтау және қайта жаңғырту мәселелері» тақырыбындағы Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Еліміздің археология саласындағы жетістіктерімен таныстыру, археология ескерткіштерін зерттеу, сақтау тақырыбында тәжірибе алмасу, Отырардағы археологиялық және реставрация жұмыстардың нәтижесімен бөлісу мақсатында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға шетелдік және еліміздің тарихшы ғалымдары мен археологтары, музей мамандары қатысты.

Конференцияның алғашқы құттықтау сөзін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Күміс Сейітова  алып, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Одан соң, археолог-ғалым, дала академигі «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының ғылыми кеңесшісі Нұртаза  Орынханұлы  Алдабергеновтің туғанына 75 жылдығына орай ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен  Абаевтың  құттықтауын оқып, сый-сияпат жасады. Құттықтау сөзді жалғастырған т.ғ.д, профессор Мадияр Елеуұлы Нұртаза Орынханұлына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің атынан арнайы төсбелгісін тапсырды.

Конференция барысында шетелдік ғалымдар: Рахимо Набиджон Турдиалиевич (Тәжікстан Республикасы), Жүнісова Алтынай Хайдуллақызы (Ресей, Омбы облысы), Асангулова Айдай Бектимирқызы (Қырғызстан Республикасы), Аталай Қаратақ, Ачелия Огуз, Фатма Шенол, Ахмет Шаншар, Зейнеп Йылмаз, Элиф Сарач (Туркия), еліміздің тарихшы ғалымдары мен археологтары: Елеуов Мадияр Елеуұлы, Таймағамбетов Жакен Қожахметұлы, Аяған Бүркітбай Ғелманұлы, Қожа Мұхтар Баһадүрұлы, Авизова Айман Қарайдарқызы және музей мамандарының Қазақстан археологиясындағы соңғы жылдардағы жетістіктері, Отырар қалажұртындағы консервациялық жұмыстар нәтижелері, Музей қорын жасақтау, реставрациялау, сақтау мәселелері, Мәдени мұрамызды еліміз бен шет елдерде насихаттау, Тарихи-мәдени мұра нысандарының қорғау мен олардың сақталуын қамтамасыз ету бағыттары бойынша баяндамалары тыңдалып, ой-пікірлері мен ұсыныстары айтылды.

Конференцияда оқылған баяндамалар мен ұсыныс-пікірлер ескеріле отырып, қарар бекітіліп, қаулы етілді.

Айта кетейік, Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Ежелгі Оты­рар қаласының бірқатар нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жоба да қызықты болмақ. Осының негізінде білімді дәріптеуге және туризмді да­мы­туға баса мән берілуі қажет», деп Оты­рар тарихын зерттеу, қалпына келтіру мәсе­лелеріне қозғау салған еді. Екі жыл бұрын  Президент Әкімшілігінің тап­сырмасымен Отырар қалашығын қал­пына келтіруге ба­ғытталған ауқымды жұ­мыстар бас­­талған болатын. Отырар қалашығындағы ғылыми-реставрациялау жұмыстарында ежелгі технологиямен әзірленген қыштар пайдаланылда. Әлемдік тәжіри­беде реставрация кезінде қазіргі кірпіштерді пайдаланып та жатады. Бірақ олар ескерткіштің сырт­қы тарихи келбетіне мүлдем әсер етпейтін ішкі нығайту, монтаждау жұ­мыс­тарында ғана қолданылуы мүмкін дейді мамандар. Оты­рар қалашығын қалпына келтіру жұмыстары барысында оның биіктігі тарихи биіктігімен тең. Бұл ретте ғылыми-реставрациялау жұмыстарының әдісіне сай оның құрбандық қабаты (жертвенный слой) жоғарғы жақтан 7-8 қатар болуы керек. Өйткені жауын-шашын, қар осы қатардан өтеді. Астынан да осы 7-8 қатар жер асты суының көтерілуіне орай сәйкестендірілді. Ал ортасындағы он шақты қатар амортизатор есебінде іштегі ылғалды сыртқа шығарып тұру 1 және 1,5 метр астындағы түпнұсқаны сақтау үшін ең қолайлы биіктік деп есептейміз дейді ғалымдар. Бердібек сарайында жалпы өндірістік кірпіштер пайдаланылмаған. Нысанда қолданылып жатқан материалдар «Қаз­қай­тажаңартумен» ғалым­дардың көп жылдық еңбегінің нәти­же­сінде әзірленген қыштар. Қыш­тар­ды әзірлеу кезінде технологиядан өзге оның құрамында пайдаланатын құм-тас-топырақтардың да тыс жерден болмауы қадағаланады. Себебі ерте кезеңде құрылыс материалдары алыс­тан жеткізілмеген. Осы орайда жергілікті құм-топырақтардың құрамы да бақылаудан өтті. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұраны қорғау кон­венциясында әр мем­лекет өзінің қарауындағы тарихи-мәдени мұра нысандарын зерттеуге, ғылыми жұмыстар жүргізуге құ­қы­лы делінген. Зерттеушілер  өз тарапынан Отырар қалашығында конвенцияның қа­ғидаттарына қайшы келетін жұмыс жүргізген жоқ. Барлық жұмыс ғылыми дерек, тә­­жірибе, ғалымдардың пікірі мен арнайы кеңестерде талқылау негізінде жүргізілді. Ғылыми-рестав­ра­ция ескерткіштерді сақтап қалудың бірден-бір жолы. Осындай жолмен аутенттік материалдармен қалпына кел­ті­рілген объектілерде климат, антро­по­­гендік ықпалдарға байланысты ескерт­кіш­тің қазір жасалып жатқан қабаты бұзылса да, ғалымдар келешек ұрпаққа оның астындағы келесі ежелгі тарихи мәдени қаба­тының жетуін қамтамасыз етіп отыр. 

Айта кетейік, осы жылдың басында Отырар төбеден 14-ші ғасырға тән медрессенің орны табылған болатын.  Археологтар қыштарды қаланғанына қарап сол кездерге тән екенін айтып отыр. Естеріңізде болса, бұған дейінгі қазба жұмыстары кезінде бұл жерден көне сарай, мешіттер мен моншалар табылған. Ал оларды мұртын бұзбастан келешекке жеткізу, тарихи мұраны сақтау үшін реставрация жұмыстары жүргілді.  Жалпы соңғы 3 жылдан бері Отырар қала жұртында қайта ауқымды реставрация жұмыстары жүрді. Нәтижесінде., ХІІ-ХІХ ғасыр аралығындағы солтүстік және оңтүстік қақпаларын, мешіт, монша, магистралды көше, қыш шеберханасы, бекініс 10-ға жуық  нысан қабырғалары қалпына келді.  Реконструкция жасалған үйлердің интерьері түпнұсқа күйінде сақталып отыр. 

Отырар қалажұртындағы үш жылдық жоба көпшілікке таныстырылды
Балалар шағын қойылым тамашалады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу