Отырар қалажұртындағы үш жылдық жоба көпшілікке таныстырылды

Oinet.kz 11-12-2022 792

image.png

Жақында  «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК және «Қазқайтажаңарту» РМК-ң ұйымдастыруымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қаржыландырумен 2020-2022 жылдарға арналған Отырар қалажұртындағы «Отырар қалажұртын зерттеу, консервациялау және ішінара қалпына келтіру» атты жоба бойынша жүргізілген ғылыми-реставрациялық атқарылған жұмыстардың қорытындысының салтанатты тұсаукесері өтті.

Салтанатты шараның құттықтау сөзі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Абаев Дәурен Әскербекұлына берілді. Ол өз сөзінде: «Отырар қалажұртындағы 2020-2022 жылдарға жоспарланған «Отырар қалажұртын зерттеу, консервациялау және ішінара қалпына келтіру» атты жоба бойынша 2020 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі басшылығында «Қазреставрация» мекемесі Отырар қалажұртында зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруды және аршылған нысандарды реставрациялау мен консервациялауды қолға алды. Үш жылдық жоба бүгін міне өз мәресіне жетіп, нәтижесін көруге жиналып отырмыз. 

Отырар қалажұртына реставрациялық, консервациялық жұмыстар жүргізу және оларды ашық аспан астындағы музейге айналдыру және осы ашық аспан астындағы музейге келуші туристерге қолайлы жағдай жасау аталған жобаның басты мақсаты болып табылады. Өздеріңізге белгілі, Отырар қалашығы ежелден Ұлы Жібек жолының күре тамырында орналасып, әлемдік өркениеттің орталығы болған әйгілі шаһар.

Ұзақ жыл бойы үздіксіз жүргізіліп келген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде бүгін сол сырлы қаланың ежелгі тарихынан мол мағлұмат беретін құнды архитектуралық кешендер көпшілікке таныстырылды.

Атап айтсақ, көне шаһардың даму ерекшеліктерін айшықтайтын тұрғын үйлер, магистралды көше, шеберхана, монша, қақпа сияқты жәдігер нысандар қайта жаңғыртылды.

Отандық тур операторлар ұсынғандай, Отырар қалашығын Ұлы Жібек жолы бойындағы Айша бибі, Ибрагим ата, Арыстан баб, Ахмет Ясауи, Сауран сияқты зиярат етуге арналған немесе этнографиялық бағытқа негізделген тарихи орындар желісіне қосуға болады.

Бүгінде, кез келген турист үшін он ғасыр бұрынғы Отырарды аралау, құнды мұралармен танысу әрине, қызық. Сондықтан, аталған жұмыстар тарих үшін де, турист үшінде бірдей бағалы болуы тиіс» - деп, үш жылдық жобаның мақсаты мен маңызына тоқталып, жоба аясында жұмыс жасаған қызметкерлерге алғысын жеткізді.

Одан соң, Мемлекеттік тарихы институты директорының орынбасары, т.ғ.д, профессор Аяған Бүркітбай Ғелманұлына сөз беріліп, ол өз сөзінде аталған жоба аясында ғылыми кеңестерге қатысып, жұмыстар жүргізу үшін еліміздегі және шетелдік ғалымдармен ақылдаса отырып жүзеге асырылғанын атап өтті. 

Содан соң, «Қазқайтажаңарту» мекемесінің бас директоры Бигелдиев Махаббат Садуақасұлы Отырар қалажұртындағы реставрациялық, консервациялық, археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері және музеефикациялық жұмыстарымен таныстырылды. Аталған жоба бойынша Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі басшылығында «Қазреставрация» мекемесі 2020 жылы Отырар қалажұртында зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруды және аршылған нысандарды реставрациялау мен консервациялауды қолға алып, 2022 жылы жұмыс жоспары аяқталып, бүгін көпшілікке нәтижесі таныстырылды. Ашық аспан астындағы музеймен танысу барысында «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының және мәдениет сарайының қызметкерлерінің ұйымдастыруымен XVII-XVIII ғасырдағы тіршілікке көз жүгіртті. 

Ғалымдар ежелгі қалашық аумағында Ақ Орда билеушісі Ерзен хан салған Ханаканың орнын тапты. Сондай-ақ мамандар күйдірілген кірпіштен қаланған мешіт пен XV ғасырдың басында Әмір Темір Тоқтамыс ханның елшілерін қабылдаған Бердібек сарайын ішінара реставрациялады, «Жарақты», Солтүстік және Сопыхан қақпаларын толығымен қалпына келтірді.

Қалаға «Жарақты» қақпасы арқылы кірген тұста тұрғын үйлер мен қыш шеберханасы бар кешен табылды. Тұрғын үйлердің маңында өндіріс орындары орналасқан, онда қыш ыдыстар жасалатын екі камералы пеш пен қыш бұйымдар кептірілетін алаң анықталды. Ғалымдар тұрғын үйлердегі шеберханалар XV-XVI ғасырларда жұмыс істегенін айтады. Сондай-ақ, XVII ғасырдағы базар алаңында да қазба жұмыстары жүргізілді, онда наубайхана кешені және тұрғын үй орамы анықталып, реставрациялау мен консервациялау жұмыстары жүргізілді. 

Үш жылға созылған ауқымды жоба аясында ескерткіштерді сақтау және туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Отырар қаласының аумағында бейнебақылау камералары орнатылды, көшелер электр шамдарымен жарықтандырылды, жаяу жүргіншілер мен электрокарларға арналған жолдар салынды, туристердің демалуына арналған орындықтар, субұрқақтар, модульдік дәретханалар мен қоқыс жәшіктері орнатылды. 

Отырар қалашығын ішінара қалпына келтіру жобасы бойынша жұмыс нәтижелерімен танысу барысында Дәурен Абаев турбизнес өкілдерімен кездесті. Жиында министр “Ұлы Жібек жолы” турын ұйымдастырып, жетілдіру бойынша тапсырма берді. 

«Отырар қалашығының аумағында ауқымды жұмыс атқарылды. Енді Алматы Тараз, Шымкент, Түркістан сияқты қалаларды және оңтүстік өңірдің барлық негізгі мәдени-тарихи объектілерін қамтитын «Ұлы Жібек жолы» гранд-маршрут құру қажет. Туристерге Тараздағы Айша бибі, Бабаджа хатун, Тектұрмас кесенелерін; одан әрі Шымкенттегі Ибраһим ата кесенесі мен цитадельді; Түркістандағы Арыстан баб және Ахмет Яссауи кесенелері, кейін Отырар және Сауран қалашықтары сияқты тарихи-мәдени нысандар кіретін туристік бағыт ұсыну қажет. Егер турпакеттер дұрыс ұйымдастырылса, бұл бағыт шетелдіктер үшін ғана емес, жергілікті туристер үшін де қызықты болады», — деді Дәурен Абаев. 

Өз кезегінде отандық туроператорлар халықты 1-7 күн ішінде киелі және тарихи орындарға апару бойынша турлар ұсынуға дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, енді Отырар қалашығы ашық аспан астындағы музей ретінде жұмыс істеп, туристерді қабылдайтын болады.

Отырар қалажұртындағы іс-шарадан соң, Сапар орталығына дөңгелек үстелге жиналды. Жиында «Kazakh Tourism» ҰК АҚ әзірлеген туристік маршурттарының таныстырылымы өтті. Жиын барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Абаев Дәурен Әскербекұлына ғалымдар мен туроператорлар және БАҚ өкілдері тарапынан сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар берілді.

Аталған шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі мен шетелдік және еліміздің тарихшы ғалымдары мен археологтары, туроператорлар мен БАҚ өкілдері қатысты. 

Айта кетейік, бұл жобаның мақсаты Отырардың оңтүстік қақпасымен солтүстік-шығыс қақпасын бір біріне байланыстырып жатқан негізгі көшенің бойындағы (бас көше) қоғамдық орындарды (сауда қатарлары, шеберханалар, мешіт, ханака т.б.) және жеке меншік (тұрғын үйлер, шаруашылық бөлмелер) сияқты нысандарды аршу, оларға реставрациялық, консервациялық жұмыстар жүргізу және оларды ашық аспан астындағы музейге айналдыру және осы ашық аспан астындағы музейге келуші туристерге қолайлы жағдай жасау болып табылады.

«Түркістаным – тұраным» байқауының жүлдегерлері марапатталды
Ұлылар мекені - Отырарда халықаралық конференция өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу