«Түркістаным – тұраным» байқауының жүлдегерлері марапатталды

Oinet.kz 15-11-2022 334

image.png

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың   «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында «Түркістаным-Тұраным» қолөнер шеберлері, фотокөрме, суретшілер көрмесі байқауының бүгін жүлдегерлері марапатталды. 

Ережесі мен шарттары әлеуметтік желіде алдын-ала жарияланып, үміткерлер өз туындыларын ұйымдастыру алқасына ұсынған болатын. Қазылар алқасының құрамы жұмыстарды саралап, үздіктерді анықтады. 

Үш жанр бойынша өткен байқаудың негізгі мақсаты - ұмыт болып бара жатқан қолөнерді дамыту мен жандандыру, ел ішінде елеусіз жүрген қолөнер шеберлері мен ісмерлер, фото суретшілер мен қылқалам шеберлері өздері әзірлеген бұйымдарды, тұрмыстық заттарын көпшілікке ұсыну, жаңарған Түркістанның көрікті жерлерін бейнелеу, фотоға түсіру және кескіндеу, дарынды қолөнершілер, фото және суретшілерді анықтау. Осы мақсатқа сәйкес жаңа туындылар мен қолөнер шеберлерінің жұмыстары келіп түсті. 

Байқауда 15 пен 38 жас аралығындағы фотосуретшілер, қолөнершілер, суретшілер бақ сынады. Фотосуретшілер «Жаңа қала – Түркістан» тақырыбында фотоларын ұсынса, қолөнершілер зергерлік, керамика, ағаш өнері, ат әбзелдері, түрлі бұйымдар, текемет, кілем, құрақ, кесте бұйымдарын жасады. Ал, суретшілер әртүрлі құралдарды пайдалана отырып, А3 форматта жұмыстарын қалалық мәдениет үйі ұйымдастыру алқасына ұсынды.

 Тақырыпқа сәйкестігі мен туындының өзектілігін арнайы бекітілген қазылар алқасы сараптады. Қазылар алқасының құрамында Еуразия дизайнерлер Одағының мүшесі, Халықаралық, Республикалық көрмелерге қатысушы, суретші көркемдеуші – Омар Бабажанов, «Жайылма» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, қолөнер шебері – Жанболат Сүиімбай, Түркістан облысы Мәдениет басқармасының «Оңтүстік фильм» КММ-нің қызметкері Бекзат Мұратұлы болды.

 Сонымен, келіп түскен үміткерлердің туындыларын сарапқа салған қазылар алқасына  шын жүйріктерді анықтау оңайға соқпады. Бейнелеу өнері саласындағы алып үш жанрдың ара жігін ажыратып, фотосуретшілердің нысанаға көздеп түсірген фотоларының сапасына, он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлерінің туындысына, қылқалам шеберлерінің Түркістан тақырыбын қағазға түсірген жұмыстары сараланып, жүлделі орындар мен арнайы номинациялар белгіленді.

Байқаудың марапаттау салтанаты арнайы әзірленген бейнероликпен ашылды. Түркістан қалалық Мәдениет үйінің әншісі Айжан Әбілханова «Түркістан» әнін көпшілікке тарту етті. Қазылар алқасының құрамы мен Түркістан қалалық Мәдениет үйінің директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Шәмет Лиза Төлегенқызы сахнаға шығып, жүлдегерлерді марапаттады

"Байқаудың өзектілігі сол - Түркістанның көрікті нысандарын бейнелеп, әрі фото мамандарының жұмыстарына арқау ету. Ежелден келе жатқан қолөнерді ұмыт қалдырмай, оның құндылығын өскелең жасқа дәріптеу",-  деді Түркістан қалалық Мәдениет үйінің директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Шәмет Лиза Төлегенқызы. 

Сонымен, «Түркістаным -Тұраным» қолөнер шеберлері байқауының жүлделі орындары анықталды. Бұл жанр бойынша 16 үміткер қатысып, бақ сынады.  I орын Рысбеков Каныбекке бұйырса, II орын  Аружан Ержанқызы мен Әмірханқызы Айшаға ұсынылды. Ал қос бірдей III орынның көгінен Сұлтанбайұлы Еділ мен  Салиха Әуезханқызы көрінді. Сондай-ақ, «Дәстүр» номинациясымен Бердалы Айбану  марапатталса, «Үздік жасампаз» номинациясы-  Шәрифа Әмірханқызына берілді.

Келесі жанр суретшілер көрмесі бойынша 13 үміткер жұмыстарын ұсынды. I орынға Шаханбаев Мұрат  лайық деп танылса, II орын Абдукадыров Улугбек  пен Нұрмашев Темірбек   және Қынабаев Серікке берілді. Сонымен бірге, Пахирддинова Мунира  ІІІ орынға ұсынылды. «Ұшқыр ойлы суретші» номинациясы - Болатова Мәдинаға, «Әбілхан Қастеев» атындағы номинация -  Нұрлы Бақытжанұлына,«Үздік композиция» номинациясы -  Аружан Нұртайқызына, «Акварель шебері» номинациясы- Ахметова Ұлданайға, «Қылқалам шебері» номинациясы-  Ақерке Жұмабайқызына, «Гүлфайрус Мәнсүрқызы Исмайлова» номинациясы - Малдыбаева Іңкәрға, «Креативті суретші» номинациясы - Қарақат Ержанқызына, «Дарынды суретші» номинациясы - Бақдәулет Аманұлына берілді. 

«Түркістаным -Тұраным» байқауының тағы бір жанры фото көрмесі болды. Бұл жанр бойынша үздіктердің үздігі болып, I орынды Шынтеміров Нахып алса, II орын  Ердаулет Серікұлы мен  Асыл Мәлікұлына бұйырды. III орын Асан Оразғалиға табысталды. Барлық жүлдегерлерге арнайы дипломдар және Алғыс хат, қаржылай сияпаттар тапсырылды. Қазылар алқасының еңбектері де ескеріліп, қала әкімінің Алғыс хаты берілді. Тың туындылары арқылы Түркістанның жаңа қырын танытуға асыққан жастар байқау ұйымдастырушыларына ерекше алғыстарын жеткізді.   

Жас ақын Жамбыл Түркістан жұртын жырмен сусындатты
Отырар қалажұртындағы үш жылдық жоба көпшілікке таныстырылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу