Мемлекеттік қызметшілер спартакиадада сайысты
Түркістан облысының құрылғанына 4 жыл толуына және Мемлекеттік қызметшілер күні мерекесіне арналған додада шағын футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, бильярд, қазақ күресі, үстел теннисі және жүзуден сайыс, яғни спорттың 7 түрінен жүлделер сарапқа салынды. «Түркістан арена» стадионында ұйымдастырылған дүбірлі сынға барлық аудан, қала әкімдіктері, департаменттер, басқармалар және Түркістан облысы әкімдігі аппаратынан жасақталған командалар сайысқа түсті.
Мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиаданы қорытындылаған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, салауатты өмір салтын қалыптастыруда белсенділік танытқан олардың жұмыстарына сәттілік тіледі. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Шілманов та салауатты өмір салтын ұстанып жүрген қызметшілердің қадамын жоғары бағалады. Сайыс жеңімпаздары арнайы дипломдармен марапатталды.
Мемлекеттік қызмет – бұл барлық мемлекеттік басқаруды ұйымдастырудағы жетекші рөлді атқаратын мемлекет жүйесінің ең маңызды тетіктерінің бірі. Кез келген қоғам мемлекеттік басқарусыз, яғни мемлекеттік қызметшілерсіз әрекет етуі мүмкін емес. Билікке деген сенім қазіргі қоғамның талаптарына сай мемлекеттік қызметшіден басталады.
Мемлекетіміздің қарқынды дамуы мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктіліктеріне тікелей байланысты. Мемлекетіміздің әл-ауқатын арттыру және олардың болашағын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы үшін жауапкершілік мемлекеттік қызметшілерге жүктелген. Халыққа жақын, әр істе әділ болып, халықпен дер кезінде кері байланыс орнатып, тиімді шешім шығару – мемлекеттік қызметшілердің басты парызы әрі міндеті. Мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыру процесі атқарушы биліктің беделді саясатымен тығыз байланысты.
Елімізде Мемлекеттік қызметшілер күні түрлі шаралар мен сайыстар ұйымдастырылып жатады. Мемлекеттік қызмет – елдің сенімін ақтау, ұлтымыздың абыройын асқақтату. Өз халқың үшін қызмет ету – түсіне білгенге зор бақыт.