Балалар би байқауы өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «2022 жыл – Балалар жылы» деп жарияланған болатын. Осыған сәйкес, еліміздің барлық өңірлерінде бала құқығын қорғау, бала денсаулығын нығайту, балаларға деген әлеуметтік қолдау шараларын күшейту бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылды. Биылғы жазғы маусымда балаларымыз тынығу лагерьлерінде демалып, көп балалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балаларымызға түрлі деңгейде қайырымдылық шаралары өткізілді. Сондай-ақ, жыл көлемінде балаларымыз үшін тарихи орындарға саяхаттар ұйымдастырылды. Онан бөлек, Түркістан шаһарында демалыс саябақтары мен бірнеше ойын алаңдары, жаңадан білісм ошақтары балалар игілігіне пайдалануға берілді.
Бала – біздің бақытымыз, біздің болашағымыз! Балаларымыздың бақытты өмір сүруі үшін мемлекет тарапынан барлық қажеттіліктер қарастырылған. Осы бағытта ұйымдастырылған «Бал таңдай» облыстық балалар арасындағы өнер фестивалі аясында Түркістан облысының мәдениет басқармасы мен облыстық мәдениет және халық шығармашылығын дамыту орталығы «Кел, билейік!» би байқауын өткізді.
«Керуен Сарай» туристік кешенінде өткен байқауға облыстағы барлық аудан, қалалардың мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің жолдамалары бойынша екі би ұжымы, Түркістан қаласынан алты би ұжымы, барлығы 26 ұжым қатысып, аталмыш би байқауында өз бақтарын сынады. Өнер байқауына Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Би сұлтан» би ансамблінің балетмейстері Г.Тәуекелова, Мәдениет саласының үздігі, «Яссы» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Қуат Тәукеев, Түркістан музыкалық драма театрының балетмейстері Дәулети Мұратпековтер төрелік етті.
Өнер байқауын облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі М.Алиакбаров ашып, өнер фестивалі биылғы «Балалар жылы» аясында жыл соңына дейін жалғасатындығын, сондай-ақ алдағы айларда суретшілер, термешілер, эстрадалық ән салу номинациялары бойынша байқаулар ұйымдастырылатындығын жеткізді.
Байқау қорытындысы бойынша Қазығұрт ауданынан келген «Балауса» би ансамблі сайыстың бас жүлдесін, Сайрам ауданынан келген «Ақкербез» би ұжымы жүлделі бірінші орынды, Отырар ауданынан келген «Фараб» би ұжымы екінші орынды иеленсе, Келес ауданынан келген «Ай жұлдыз» би ұжымы, Қазығұрт ауданынан «Наз» би ұжымы, Түркістан қаласынан қатысқан «Тұмар» би ұжымы және Кентау қаласынан «Грация» би ұжымдары жүлделі үшінші орынды иеленді. Сонымен қатар, тағы да төрт би ұжымдары байқау дипломанты атанды. Сайыс жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табыс етілді. Барлық қатысушы үміткерлерге мерекелік балмұздақтар тарту етілді.