Аққұштап Бақтыгереева Түркістанда кітапханашыларымен жүздесті

Oinet.kz 10-11-2022 376

abfa2303d841c81a7fd9a517819efd02.jpg

Киелі Түркістан төріндегі облыстық «Farab» ғылыми-әмбебап кітапханасында жайықтың ақ шағаласы атанған қазақтың ақын қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және «Құрмет» орденінің иегері Ақұштап Бақтыгереевамен кездесу кеші өтті.

«Ақ желкен - дәурен, самал жыр... ақ шағала Ақұштап» атты бұл сұхбатқа зиялы қауым өкілдері, белгілі сазгер Құралай Сәтмұхаметова мен Сауран Елеуов және Түркістан, Кентау қалалары мен Сауран аудандық кітапханаларының қызметкерлері қатысты. Кездесу кеші барысында ақынның өмір жолы мен шығармашылығы жайлы құнды қызықты деректер айтылып, ақын өлеңдері оқылды.

Ақұштап Бақтыгерееваның есімі елімізге лирикалық жырлардың, өткір публистикалық мақалалардың авторы ретінде белгілі. Рухани кездесуге оқу ордасының ұжымы мен студенттер қатысты. Ұлттық поэзиямызды «Өрімтал», «Наз», «Қуанышым іңкәрім», «Сені ойлаймын», «Ақ қанат», «Бақыт әні», «Жайық қызы», «Ақжелең», «Сүмбіле», «Ақ шағала» сынды жыр жинақтарымен байытқан Ақұштап Бақтыгереева – қазіргі қазақ поэзиясының белді өкілдерінің бірі. Студент-жастарымыз Ақұштап Бақтыгерееваның шығармашылығына қанық десек де болады. Олар әдеби-сазды кеште ақынның өлеңдерін тебірене оқыды. Ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқады, жастық шағынан сахналық қойылым көрсетті. Ақынға көкейінде жүрген сауалдарын қойып, тұщымды жауаптарын да алды.

– Жүрегі жылы, көңілі нәзік қазақтың қыз-жігіттерінің арасынан талантты да дарынды жастардың көбейгеніне қуаныштымын, – деп ақын жастарға ризашылығын білдірді.

Ақын ұлттық құндылықты қастерлеу, ұрпақ тәрбиесі, ананың қоғамдағы ролі жайындағы ойларын өлеңмен өрді. Кездесу соңы ақын жылы жүздесуге жиылған жұртқа жыр жинағын сыйлап, қолтаңбасын жазып берді.

Ақұштап Бақтыгереева 1944 жылы 23 тамызда Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Еңбек ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар пединститутының филология факультетін бітірген. 1966-1971 жылдары Орал облыстық «Орал өңірі», Талдықорған облыстық «Октябрь туы», республикалық «Қазақ әдебиеті» газеттерінде әдеби қызметкер, 1971-1972 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында редактор, 1972–1975 жылдары «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер, 1975-1981 жылдары «Жазушы» баспасының аударма редакциясында редактор қызметтерін атқарған. Ақұштап Бақтыгереева Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы филиалының директоры.  Ақынның «Өрімтал» атты тұңғыш өлеңдер жинағы 1967 жылы жарық көрді. 1969 жылы «Наз», 1971 жылы «Қанышым – іңкәрім», 1973 жылы «Сені ойлаймын», 1975 жылы «Ақ қанат», 1978 жылы «Бақыт әні», 1980 жылы «Жайық қызы», 1981 жылы «Белокрылая», 1985 жылы «Ақжелең», 1990 жылы «Сүмбіле» атты кітаптары басылып шықты. 2001 жылы «Ақ шағала» атты таңдамалы жыр жинағы, 2004 жылы «Лебединая верность» атты жинағы жарық көрді. С.Капутикян, В.Тушнова, А.Ахматова өлеңдерін қазақ тіліне аударды.  Көптеген ән мәтіндерінің авторы А.Бақтыгерееваның өнер жолындағы ерен еңбектері ескеріліп, 2008 жылы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атанып, «Құрмет» орденімен марапатталды.


Елім деген ер Асанбай!
Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің айғағы!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу